Хабар телеарнасы және Аю Синема компаниясы көрерменге шынайы оқиғаға негізделген картина ұсынады. Побег деп аталатын жаңа телехикаяның режиссері Серікбол Өтепберген. Экшн жанрындағы 5 бөлімді туынды 2010 жылы Ақтау түрмесінің қатаң режимінен қашқан 21 адамның қанқұйлы оқиғасын суреттейді. Оқиға желісі бойынша Ерлан Қаратаев деген 19 жасар жігіт Ұлттық ұланның әскери қызметіне қабылданып, қатаң режимдегі түрмені күзетуге жіберіледі. Түрмеде сыныптасы Дәурен Ізбасовты кездестіреді. Дәурен өзінің сүйген қызын өлтіргені үшін түрмеге жабылған. Бірге оқыған екі жігітте екі тағдыр, Ерлан отан алдындағы борышын абыроймен өтеп жүрсе, Дәурен теріс ағымдағы дін өкілдерінің ықпалына түскен. Исламшылдардың Имам деген лақап атқа ие көшбасшысы қылмыскерлерге психологиялық қысым көрсетіп, қашуға дайындалады. Алайда бұл әрекеттерінен түк шықпайды, себебі оларды сол күні күзетте тұрған жас әрі батыл сарбаз Ерлан тоқтатуға тырысады. Бұл жобаны түсірудегі басты мақсатымыз Ұлттық ұланның шынайы бет-бейнесін көрсету, олардың қандай ерлік жасауға дайын екендіктерін паш етіп, жастарды әскери борышын өтеуге шақыру, дейді фильмнің бас режиссері Серікбол Өтепберген: Телехикая шынайы оқиға ізімен түсіріліп жатқандықтан шығармашылық ұжым Алматы облысындағы түрмелердің біріне барып, сол жердің тыныс-тіршілігін көрсетуге тырысқан. Сонымен қатар актерлер де өз рөлінің жауапкершілігін сезінеді. Фильмде басты рөлде ойнайтын Санұржан Сүлейменов өмірде болған батыр адамның образын алып шығу қиынға соққанын, дегенмен тапсырылған үлкен сенімді ақтауға тырысатынын жеткізді. Шыны керек, түсірілім алдында біздің дайындығымыз болды. Гвардияда солдаттармен бірге бірнеше уақыт тұрып, солдаттың кім екенін түсіндік. Даладан келіп, солдаттың бейнесін көрсету оңай емес, дейді актер. Абзал жан картинасында басты рөлді сомдаған актер Қажымұқан Қалымбетовке де фильмнен рөл бұйырыпты. Ол: Мен бұл жобада өмірде болған прапорщик Үмбетқалиевтің рөлін ойнап жатырмын. Мен үшін үлкен құрмет. Себебі ол ең алғаш болып оқиға орнына келіп, қашқындарды бір ғимараттың ішінде қоршап, қалған топ келгенше, сол жерде ұстап отырады, дейді өзінің кейіпкері жөнінде. Айта кетейік, картинаға Жасұлан Өмірбек, Серік Салқынбаев, Ерболат Тоғұзақов, Саят Исембаев, Жандос Жұмағұлов сынды актерлер шақырылған. Қазанның қара суығында басталған түсіру жұмыстары осы айда аяқталып, келер жылдың көктемінде еліміздің барлық кинотеатрларында көрсету жоспарлануда. Сонан кейін ғана Хабар арнасының көрермендері телехикая нұсқасында көре алады.