17 қыркүйекте «Биле, Қазақстан!» жобасының екінші маусымы басталады

«Хабар» телеарнасында 17 қыркүйектен бастап «Биле, Қазақстан!» жобасының екінші маусымы басталады. «Бұл ерекше, қызықтарға және тосын сыйларға толы жыл болады» - дейді жоба ұйымдастырушылары.

Іріктеу кезеңдері өткен жылғыдай Қазақстанның үлкен үш қаласында: Астана, Алматы және Шымкентте болды. Өзінің талантымен талайды таң қалдыруға 1000 аса адам келді. Одан бөлек «Хабар» арнасының ресми сайтында онлайн-іріктеу өткізілді. Онда еліміздің өзге аймақтарынан және шет мемлекеттерден қатысушылардың бейнероликтері келіп түсті. Новосибирск, Мәскеу, Бішкек, Днепропетровск қалаларынан бағын сынағандары бар. Олардың барлығы да әлемге аты шыққан жұлдыз болуды армандайды. Айта кетерлігі байқауға жастармен бірге, кішкентай балалар мен ересек адамдар да келіп жатты. Қытысушылардың ең үлкені 80 жаста екен.

- Байқаудың шарттары өзгерген жоқ. Іріктеулерден соң 100 қатысушы екінші турға жолдама алады. Екінші турда елімізге танымал хореографтер оларға жаттығу лагеріндегі сынақтардан өтуге көмектеседі. Содан кейін мықтылары анықталып, финалда үздік 14 қатысушы, яғни 7 жұп бағын сынайды. Жеңімпазды «Хабар» арнасының тікелей эфирінен халықтың өзі анықтайды», - дейді «Биле, Қазақстан» жобасының іріктеу-менеджері Айдана Шенсізбаева.

Қазылар алқасының құрамында «Астана Опера» театрының солисті Досжан Табылды, «Орда» тобының әншісі Дастан Оразбеков бар. Естеріңізде болса бірінші маусымда үшінші төреші ретінде Украинадан Мария Колотун шақырылған еді. Марияның Америкаға қоныс аударуына байланысты осы жылы жобаға Алиса Доценко төрелік етеді.

«Біз бірден Алиса Доценконы таңдадық. Себебі ол – тәжірбиелі биші, сонымен қатар өзі де «Танцуют все!» (6 маусым) және «Танцы на ТНТ» (1 маусым) сынды би сайыстарына қатысқандықтан біздің қатысушыларды жақсы түсінеді» - деп қоса кетті «Биле, Қазақстан» жобасының іріктеу-менеджері Айдана Шенсізбаева.

Жобаны осы жылы да танымал актриса Айсұлу Әзімбаева мен «Алау» тобының солисті Әсет Арыстанбеков жүргізеді. Ал күнделіктердің тізгіні өткен жылы финалға дейін жетіп, көрермендерге өзінің қызықты әрі ерекше билерімен есте қалған Рифат Сұлтанбековке берілді. Шығармашылық ұжымның айтуынша  екінші маусым бірінші маусымға қарағанда қызықты бола түседі. Осы жылы көрермендерге көптеген сыйлар әзірленуде. Жас өнерпаздардың талантын бағалау үшін Monatik және Ани Лорак сынды Украинаның белгілі әншілеріне би қойған танымал хореографтар қызмет етуде. Ал ең бастысы, дархан даламыздың түкпір-түкпірінен жиналған бишілер бас қосып, тәжірибие алмасады, танысады және би мәдениетін қалыптастыруға атсалысады дейді олар.