- Негізгі бет
- Гуманитарлық ғылымдар
- Ізгілік Нағиев: "Ұстаздардың...
Ізгілік Нағиев: "Ұстаздардың статусы төмен емес"
Жаңа оқу жылы қарсаңында, ұстаздардың сенімді серігіне айналған 45minut.kz сайтының бас редакторы Ізгілік Нағиевпен болған әңгімелесуімізді ұсынамыз.
45minut.kz сайты қандай идеяның негізінде ашылды? Сайтты құрушылар кімдер? Арнайы ұжым бар ма?
45minut.kz сайтының жарыққа шығудағы мақсаты - еліміздің түкпір-түкпіріндегі білім ордалары мен ондағы мұғалімдердің шығармашылық жұмыстарын жұртшылыққа таныстыру, мектепаралық және мұғалімдер арасын байланыстыратын платформа қалыптастыру. Қалыптасқан платформа арқылы бүгінгі білім саласының өзекті проблемасына айналып жүрген республикамыздың орталықтары (қалалар) мен шалғай аймақтарындағы (ауылдар) білім деңгейінің сәйкессіздігін азайтуды көздеп отырмыз. Мәселен, сабақ өтудің тиімді тәсілін ойлап тапқан мұғалім өз жаңалығын біздің газет арқылы, немесе газеттің сайты арқылы басқа өңірдегі мектеп мұғалімімен жылдам бөлісе алады. Бүгінге дейін қала мен ауыл мектебі арасындағы білім деңгейінің алшақтығы ақпарат алмасу мүмкіндігінің жоқтығынан, мұғалімдердің бір-бірінің тәжірибесінен бейхабар болуынан деп түсінеміз. 45minut.kz осы олқылықтың орнын толтыруды мойнына алып отыр.
Сайтыңыздың алға қойған жоспары қандай? Осы жоспарды орындауда қандай істер атқарып жатырсыздар?
Мектептерде семинарлар өткізіп, мұғалімдер арасынан тілшілер жинау біздің алғашқы қадамымыз болмақ. 45minut.kz-тің газеттік нұсқасы сол тілшілердің қолынан шыққан тың ақпараттармен толтырылады. Бұл шара тек мұғалімге ғана емес, тұтас мектепке ғибраты мол жұмыстарын жарнамалауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар қазіргі таңда «Мектептегі бір мезет» және «Арманы асқақ оқушы» атты әлеуметтік жобалар ұйымдастырылып жатыр. Алғашқы жоба бойынша мектептің бір мезеттік тынысына видеошолу жүргізілсе, «Арманы асқақ оқушы» жобасында оқушының өмірлік ұстанымына қолдау көрсетуді мақсат тұтып отырмыз.
Ізгілік Нағиев жұмыс барысында
Онлайннан офлайнға шығып, ұстаздармен бірлесе отырып шаралар ұйымдастырасыздар ма? Қандай да бір мектеппен тұрақты байланыс жасап тұрасыздар ма?
Республика бойынша барлық білім мекемелерімен байланыс жасап жұмыс істеуге мүдделіміз.
Республикалық ұстаздар сайтының бас редакторы ретінде сізге қоғамдық проблемаға айналған мына сұрақты қоймай өте алмадым. "Ұстаздардың статусы төмен" деген пікірмен келісесіз бе?
Ұстаздардың статусы төмен емес, тек ұстаз жетістіктерін ата-аналарға, қоғамға жеткізілуі жетпей жатыр. Мектептерді аралап көрсеңіз, ұстаздардың еңбегінің қаншалықты екенін нақты көруге болады. Осы мақсат үшін республикалық конкурс ұйымдастырудамыз. Білім мекемелері, ұстаздар, оқушылар, ата-аналар шығармашылығын ТВ және БАҚ арқылы насихаттау үшін "45 минуттық білім" республикалық конкурсы жоба түрінде талқылауға ұсынылады. Конкурс негізгі төрт бөлім бойынша қатысушылардың кәсіби, шығармашылық, өнер, танымдық бағыттағы шығармашылық деңгейіне баға беретін шығармашылық конкурс болып есептеледі. Конкурсқа қатысушылар командалық, жеке және ұжымдық түрде қатынасуға мүмкіндік алады. Шығармашылыққа шектеу қойылмайды. Конкурстың бастапқы іріктеу сайыстары облыстық деңгейде ұйымдастырылып, облыстық конкурс жеңімпаздары республикалық конкурсқа қатысуға жолдама алады. Республикалық конкурс нәтижесі Астана немесе Алматы қалаларында гала концерт түрінде ұйымдастырылып, нәтижесі бойынша жеңімпаздар марапатталады. Облыстық, республикалық конкурс қатысушылары қатысушы сертификаттарымен марапатталады және жеңімпаздарға сыйлықтар мен кубоктар беріледі.
Әңгімеңізге рақмет!
Әңгімелескен: Мейіргүл Оңғарова
Суреттер: жеке мұрағаттан