Басы
ХІХ ғасырдың 20-30 жылдары патшалық Ресейге қарсы Саржан Қасымұлы мен Жоламан Тленшіұлы бастаған көтерілістер болды. ХІХ ғасырдың 20 жылдары патшалық Ресей жаңа бекіністер салу үшін қазақтарды тағы да өз жерлерінен ығыстыра бастады. Кіші жүздің табын руы мекендеген суы мол, жайылымдық жері кең Жаңа-Елек ауданын орыс шенеуніктері тартып алды. Оған қарсы Жоламан Тіленшіұлы Табын руын бастап көтеріліске шықты.
Саржан Қасымұлы
Жаңа-Елек шебі 29 бекіністен тұрды. Орал, Елек, Берденкі және Құрат өзенінің бойындағы аудандардың ең жақсы деген 7 мың десятина жеріне Ресей үкіметі Орынбор және Орал орыс-казактары мен шаруаларын орналастыра бастады. Жоламан батыр алғашында жер мәселесін бейбіт түрде шешуге тырысты. Ол Орынбордың әскери губернаторы Эссенге 1822 ж. 6 тамызда және 1823 ж. 3 қыркүйекте хат жазып, онда 1810 жылға дейін қазақтар бұл жерлерді ешқандай кедергісіз еркін пайдаланғанын, Ресей Елек өзенінің бойын алғаннан кейін форпостар салып және Кіші жүз қазақтарына бұл жерлерді пайдалануға тиым салғаннан соң жағдайдың қиындай түскендігін ескертеді. Сонымен қатар, губернатордан әскери бекіністерді алып тастауын, «Санк-Петербургтегі біздің елшілерді қайтарып», Сібірге жер аударылып Орынбор түрмесінде жатқан қазақ Түленбай Құндықовты өз тұтқынында жатқан есаул Падуровқа айырбастап, босатуды талап етеді. Бұл хаттар жауапсыз қалды, ал Орынбор Шекаралық комиссиясы Жоламанға келесі келісімдерді Шерғазы хан арқылы жүргізуі керектігін айтады. Бұл жағдай Жоламан Тіленшіұлын қанағаттандырмады, сондықтан ол қарулы көтеріліске шықты. Жоламанның отряды шекара заставаларына, аға сұлтандардың қыстаулары мен әскери бекіністерге шабуылдар жасады. Жазалаушы отрядтардың батыр мен оның жауынгерлерінің соңына түсуі сәтсіз болды. Жоламан батырға патша әкімшілігінің қолдауына сүйеніп жазалаушы отрядтың барлық операцияларына бірге қатысып, белсенділік көрсеткен Шерғазы ханның жасағына да қарсы күрес жүргізуіне тура келді.
1838 ж. ортасында Елек қалашығынан Ор және Троицк бекінісіне дейінгі шекаралық шеп маңында көшіп-қонып жүрген қазақтар көтеріліске тартылып, көпшілігі Торғай мен Ырғыз өзендерінің бойындағы аудандарға көше бастады. Көтерілісті басуға және көшіп кеткендерді қайтаруға патша үкіметі Ордан полковник Мансуровтың, Орынбордан полковник Падуров, Елек жақтан полковник Гекке басқарған үш отряд жіберді. Бірақ бұл үш отрядтың да әрекеті сәттіз аяқталды.
1822 ж. «Сібір қырғыздары туралы Жарғының» енуі, одан кейін ол заңды түсіндіру үшін жүргізілген үгіт, 1824 ж. Қарқаралы уезіне полковник Броневскийдің экспедициясының келуі - сұлтан Саржан Қасымұлы бастаған көтерілістің шығуына түрткі болды. 1824 ж. 8 ақпанда сұлтандар мен билердің белсенді қатысуымен бірінші Қарқаралы приказы, одан соң Көкшетау приказы құрылды. 1824-1836 жылдары Қарқаралы және Көкшетау уездерінің көтеріліске шыққан елін Кенесары Қасымұлының ағасы Саржан сұлтан басқарды. Саржан Қасымұлы приказдарды жоюды, қазақ жерлерінен әскерді әкетуді, қазақтарға бұрынғы еркіндігін қайтаруды талап етті. Саржан Қасымұлы бастаған көтерілістің негізгі мақсаты - патша үкіметі тартып алған жерлерді қайтару, Қазақ хандығын қайта жаңғыртуға ұмтылыс болды. 1825-1826 жылдары оған Қаракесек, Жағалбайлы, Шора болыстарының Қожан, Тал, Айдабол, Байдәулет руларының қазақтары қосылды.
Форумда талқылау
Суреттер: kk.wikipedia.org, qazaquni.kz, aktobegazeti.kz, namys.kz