ХVІІІ ғ. аяғы мен ХІХ ғ. басында Қазақстанның оңтүстігіндегі саяси жағдай күрделі болды. Мұнда Орта Азиялық үш мемлекет - Хиуа, Бұқара және Қоқанның мүдделері қақтығысқа түсті. ХІХ ғ. басына қарай күшейген Қоқан хандығы, енді Оңтүстік Қазақстанды жаулап алуды көздейді. Оның негізгі себебі: өзінің қазынасын толықтыру, мал шаруашылағын дамыту, сонымен қатар, Ресей мен Қытайды байланыстыратын Орта Азиядағы керуен жолдарына бақылау орнату және мұсылман халықтары тұратын территорияны иелену еді.
Қоқандықтардың қазақтарға түрлі салықтар салуы қарапайым адамдарға үлкен ауыртпалық түсіріп, ішкі әлеуметтік қайшылықтарды тереңдетіп, халық ішінде кедейлердің көбеюіне әкеліп соқты. Қоқандықтар билік жүргізген тұстағы ауыр жағдайлар елдің есінде қатты сақталып қалды. Ол туралы Ш.Уәлиханов: “Қазақтардың арасында "әзірейіл барда жаным бар деме, қоқандақтар барда малым бар деме" - деген мәтел пайда болды”,- деп көрсетеді. Қазақ халқы қоқан билігіне қарсы наразылықтар көрсетіп отырды. 1810 ж. Ташкент өңірінде тұратын қазақтар салық төлеуден бас тартты. Қоқан ханы Әлім бек қарсылық көрсеткендерді тыныштандыруға және Сайрам, Ташкент, Түркістанды бағыныру үшін 12 мың әскер жіберді. Қоқандықтардың қолына түскен төңіректегі қазақтар тонаушылыққа ұшырады. Қоқандықтар Түркістанды басып алуы кезінде оның билеушісі Тоқай Төре Бұхараға қашуға мәжбүр болды. Бұхараның әмірі Тоқай Төреге Бұхарадағы соғысқа жарайтын қазақтардан жасақ жинап алуға рұқсат берді. Жасақ жинап жарақтанған Тоқай Төре алдымен Созаққа бекініп, одан кейін Түркістанды қоршауға алды. Оған қарсы қоқандықтар Ташкенттен 300 жауынгермен Базар бахадүрді аттандырды. Олар жолда Тоқай Төреге көмек көрсеткен 1000 отбасынан тұратын қазақ ауылына шабуыл жасап, ауылды тонап, көп пайда түсіріп, адамдарын тұтқындап алып кетті. Түнде Тоқай Төре Созақты тастап қашуға мәжбүр болды. Одан кейін қазақтардың қарсылығы біраз уақыт басылды. Тоқай Төре уақытша Бұхараны паналады, ал кейін ол Бұхара әмірінің балалары билікке таласқан тұста өлтірілді.
1822-1842 жж. Қоқан хандығының тағына Омар ханның кіші баласы Мадалы хан (Мұхамед Әли) отырды, оның тұсында жекеленген облыстар мен Ташкенті өз алдына билеген Күшбегілердің ролі күшейді. Ұлы жүздің басып алынған территориясының бір бөлігі және Сырдария бойындағы қазақтар Ташкент Күшбегіне жылына 20 мың алтын ақша төлеп тұруға міндетті болды. Салық төлеушілерді қанау бұрынғыдан да күшейе түсті. Одан кейінгі жылдары қоқан билеушілерінің өзара қырқыстары Ұлы жүз қазақтарының одан әрі зардап шегіп, кедейлене түсуіне әкеліп соқты. Құдияр хан (1845-1875 жж.) тұсында қазақтар ғана емес, Қоқан хандығының жергілікті диқандары да қанауға түсті.
1806 жылы Қобда өзенінің жағасында болған съезд Ресей әкімшілігінің шешіміне қарамастан Қаратай сұлтанды хан сайлайды. Осылайша Қаратайдың Жантөреге қарсы күресі біртіндеп Ресей үкіметіне қарай бағытталады. Күрес барысында Қаратай транзиттік сауда жолдарының бәрін өзіне қаратып Ресейдің Орта Азиямен саудасын шектейді. Герценберг пен Бородиннің жазалау экспедициясына қарамастан Қаратайдың жанына топтасқан Кіші жүз жасақтары төменгі Орал шептеріне жорықтар жасайды. Қаратай 1809 жылы Жантөре ханды өлтіргеннен кейін 1812 жылға дейін Хиуада жасырынуға мәжбүр болады.
1816 жылдан 1821 жылға дейін Арынғазы Хиуаға қарсы азаттық күресін жүргізді. 1815 жылы Арынғазының әкесі Әбілғазы хан өлгенде ол 30 жасқа толады. Оған дейін Кіші жүздің иеліктерінде қайраткерлік танытқан Арынғазы ел арасында біршама бедел жинаған болатын. 1816 жылы ел ішінде тәртіп орнату мақсатында старшындардың билігін шектеп, сұлтандардың өз білгендіктерін істеуін тоқтатқан еді. Сондай-ақ, ол билер соты мен молдалардың да өкілеттілігін шектеді. Арынғазының ел арасында беделінің өсуіне байланысты старшындардың көпшілігі оны Кіші жүзге хандыққа бекітуді сұрап патша әкімшілігіне өтініш білдіреді. Арынғазы болса, хиуалықтардың үстемдігін біржола жойып, сонымен қатар бір хандық құруды жоспарлайды. Бір хандық қана құру Ресейдің келісімінсіз мүмкін емес-ті. Сондықтан, Ресеймен жақындасуды ойлаған Арынғазы Орынбор генерал-губернаторы Эссен мен Шекаралық комиссия төрағасы А.Веселицкийдің қолдауына сүйене отырып, патшадан қолдау көрсетуді сұрау үшін 1821 жылы Санкт-Петербургке аттанады. Бірақ, оның үміті ақталмайды. Бұхар мен Хиуа хандықтарының өкілдерімен кездесу ұйымдастырамыз деген желеумен патша әкімшілігі оны шақырып, тұтқындап, Калугаға жер аударады. Ол 1833 жылы сонда қайтыс болады.
Жалғасы
Форумда талқылау
Сурет kk.wikipedia.org, ru.wikipedia.org, airport-tashkent.uz, ukkz.net, voxpopuli.kz, enu.kz сайттарынан алынған