Ұлттық психология, ұлттық сана секілді терминдерді жиі естиміз. Бұл сөздердің ұғымын білсек те, нақты анықтамасын сұрағанда тосылып қалатын сәттеріміз де болады. Олай болса ұлттық психология мен ұлттық сана туралы кеңірек түсінік бере кеткенді жөн санап отырмыз.
Ұлттық психология – белгілі бір ұлттық қауымдастыққа тән орнықты сезімдік, эмоциялық қасиеттердің, әлемді ұғыну әдістері мен оғаy әсер-ықпал нысандарының тарихи тұрғыда қалыптасқан жинақтамасы. Сыртқы ортаға қатысты нақты бір этностың өкілдеріне тән психикалық түйсіктер кешені. Этностың тарихы, оның көршілерімен, "олар" делінетіндердің бәрімен қарым-қатынастарының тарихы адамдардың рухани күйініш-сүйініштерінің бағдарлауына негіз болады, "этностық рухтың" жолын белгілейтін кезеңдерді тиянақтайды. Психикалық күйініш-сүйініштер, көңіл-күйлері, "тарихи жад" ретінде жаңа ұрпақтарға тәрбие арқылы беріледі. Олар жаңа ұрпақтарға халық өмірінің елеулі-елеулі оқиғаларының бәрін сіңірген мәдениет арқылы, халық шығармашылығы, әпсаналар мен аңыздар, сәулет пен саз, әдебиет пен поэзия, тарих арқылы дариды. Бұл мағынада ұлттық психология әрбір адамның психологиясымен, оның психологиялық құрылымының ерекшеліктерімен байланысты. Ал ұлттық психологиялық тұрпат дегеніміз – ұлтқа тән әдет-ғұрып, таным-сенім, сезім, мінез ерекшеліктерінің жиынтығы.
Ұлттық сана – ұлтты бір-бірінен ажырататын саяси-экономикалық, рухани-әлеуметтік қасиеттер жиынтығы. Ұлттық сананың қалыптасуына және оның дамуына екі тұрғыдан қарауға болады. Біріншісі – сезімдік, түйсіктік, екіншісі – саналы теориялық. Алғашқысы өз елін, халқын, ұлтын сыйлайтын, сүйетін ыстық сезімнен туса, кейінгісі өз елінің, халқының, ұлтының өткенін, қазіргісін, келешегін толық біліп, тексеріп, халық тағдырына, ұлт мәселелеріне мемлекеттік, елдік, тіпті дүниежүзілік тұрғыдан теориялық ұлттық бағыт – бағдарлама тұрғысынан қарап, аңғару арқылы болатын саналы ойдан туады. Ал ұлттық сананың жасаушысы, қолдаушысы, қорғаушысы, сақтаушысы әрқашанда ұлттық зиялы қауым.