Тұрақты тіркесті тұрпайылауға жол бермеу керек

Тұрақты тіркесті тұрпайылауға жол бермеу керек

Біз оқыған қазақ тілінің грамматикалық ережелерінде қалыптасқан тұрақты сөз тіркестерін бұзып және өзгертіп айтуға да, жазуға да болмайды деп тұжырымдалған еді. Өкінішке қарай, қазір тұрақты сөз тіркестерін, фразеологизмдерді қалай болса солай жаза салу, айта салу белең алып кеткендей. Оған мысал іздесек алысқа барудың қажеті жоқ. Теледидарды қосып қарасаңыз да, кейбір жастар мен жасамыстардың сөйлеп жүрген сөздеріне назар аударып, зер салсаңыз да жеткілікті. Мақаламда сондай мысалдың бірқатарына тоқталамын. Бірден ескерте кететін жайт, бұл мысалдар жылдар бойы БАҚ беттерінен жинақталғандықтан оның жарияланған мерзімі, сілтемесі өзімде сақтаулы. Оның барлығын теріп жатпастан, бұзылған тұрақты сөз тіркестеріне  көбірек тоқталуды жөн көрдім. Сонымен…

Бір теледидардың тілшісі «Сиырдың сүті – аузында» деп ой қозғайды. Дұрысы «Сиырдың сүті – тілінде» ғой. Бұл сөз тіркесі сиырдың шөпті тілімен орап барып жұлып жейтініне байланыс­ты. Егер шөп тіліне ілінбесе, малдың қарны тоймайды, ал тоймаған сиыр сүт беріп жарытпайды. Тілшінің мұндайдан хабары жоқ екендігі байқалып қалды. Негізінде жазу-сызудың төңірегінде жүргендердің өз қызметтерінде сөздіктерге жиі жүгінгендері жөн дер едік. Тіл деген қасиетті әлемге «өзімбілермендік» жүрмеуі тиіс. Бір журналист мақаласында «кеше келген тоқалдар, өгіз болып қоқаңдар» деп жосылтылды. Дұрысы – «Кеше келген тоқалдар, шөміш алып қоқаңдар» емес пе? Тоқал мен өгіздің ешқандай мағыналық та, заттық та байланысы жоқтығын тілшінің білмегеніне таңдандық та қойдық. «Біздің жігіттер олардың палуандарының шылғауында кетпей…» депті бір автор. Шылғауында емес, «шылауында кетпей» болуы керек.
«Петерборда оқып жүр, талай қазақ баласы» (жоғары оқу орындары туралы хабар жүргізген тілшінің сөйлегенінен). Абайдың «Интернатта оқып жүр, талай қазақ баласы» деген өлең жолын өзгертіп айтуға бола ма екен!? «Боза үстіндегі әңгіме» деген шығарманың авторы «Темірді ыстық кезінде соқ» дейді. Бұл сөздің дұрыс қолданысы – «Темірді қызған кезінде соқ». Мұндағы мағыналық айырмашылық «ыстық» пен «қызған» сөздерінде. Ұста темірді отқа ұстап қыздырып, шоқтап болғанда балғамен соғады. Ал жай ғана ысыған темірді жүз жерден тоқпақтасаң да дегеніне көнбейді.
«Құнан қойдың жасындай жасым қалды» дегенді естідім. Дұрысы – «Кәрі қойдың жасындай жасым қалды». Бұл адам ғұмырының түгендер шағын білдіретін астарлы сөз. Ал құнан қойыңыз жас әрі семіз мықты қой. Мағыналық қарама-қайшылық көзге айқын көрініп тұр.
Аң патшасы – арыстанның аңқаулау, алаңғасарлау кейпін ертегілерден жиі кездестіреміз. Осыған байланысты халық шамасын білмей, бір үлкен істі бастағандарды «Арыстан айға ­шауып, мерт болыпты» деп бағалайды. Ал енді осы сөзді бір тілші «Жолбарыс айға шауып мерт болыпты» деп қолданыпты. – Күлесің бе, жылайсың ба? «Иегін қышымасын» дегенді бір жазушы «Езуін қышымасын» деп өзгертіп алыпты.
«Бүкірді көр түзейді» дегенді «Бүкірді табыт қана түзейді» деп тақырып қойыпты. Шын мәнісінде «Бүкірді көр түзейді» делінеді. Бұл мінезі қисық адамның тіршілігінде түзелмесін білдірген бейнелі сөз. «Арқа еті арша, борбай еті борша» деген тұрақты сөз тіркесін «арша етіміз борша» деп жазғанды оқыдық. Сонда осы сөзді жазып отырған автордың арша деген еттің адамда да, жануарда да болмайтынын білмегені ме? «Ішегінен шынтақ айналмайтын» деп қолданғанға не дерсіз? Қалам иесі сонда шынтақ пен шынашақты айыра алмағаны ма? Шынтақ ішекке сыймайды. Өйткені ол адамның қолының білегі мен қарының бүгілген бөлігі, буын сүйегі. Тіркестің дұрыс қолданысы – «Ішегіне шынашақ айналмайды». Шынашақ – кішкене бөбек аталатын бесінші саусақ. Бұл тіркес кейде «ішегіне қыл сыймайды» деп те айтылады. Мағынасы – қызғаншақтық, іштарлыққа салды.
Бұл келтіріп отырған мысалдарымыз әр жылдардағы баспасөзден байқап, телехабарлардан естіп қалып жүргендегі тізімделген сөз бұзарлық кемшіліктер. Ал сарыжағал аталатын газет-журналдардың қаншама тұрақты сөз тіркестерді аяусыз өзгертіп жатқандығын кім таразылап көріпті дейсіз!? Сөзде кие бар деуші еді. Осыны ескеріп әр сөздің тарихи қолданысы мен айтылуын, жазылуын ұмытпай жүрсек, қанеки.
Осы орайда профессор Ш.Құрман­бай­­ұлы­ның «Ана тілі» газетіндегі (№5, 10 ақпан 2016 жыл) «Келе-келе тіліміз тілім-тілім болмасын» деген мақаласында келтірілген мысалдарды біз де қолдаймыз. Автордың бағалағанындай, Тұрсынбек Қабатов көрермендердің көзайымына айналған өнерпаз. Онысына таласпаймыз. Бірақ сөйлеу тілінің көңілден шыға бермейтіні рас. Сөзді «Біздің ауылда осылай қолданады» дегендей, мағынада қолданатыны мүлдем дұрыс емес. Көпшіліктің алдына шығатын әрбір өнер иесі әуелі ана тіліндегі сөздік қолданыстардың заңдылықтарын сақтауға міндетті. Ал оны сақтамай, қалай болса солай көсілте беру – ана тіліне деген жауапсыздық, немқұрайдылық, сауатсыздық болып шығады. Қай сала болмасын тілдің ішкі заңдылықтары ережелері және сондағы талаптар орындалуы тиіс. «Орфографиялық сөздік – Тіл Конституциясы» деп жазады ақын Ғұсман Жандыбай («Ана тілі» газеті, №41, 15-21 қазан, 2015 жыл). Өте дұрыс пікір. Тілдің қолданылу заңдылықтарын бұзып, көркемдік қасиеттеріне нұқсан келтіріп алмау үшін «Орфографиялық сөздікпен» бірге өзге де сөздіктердегі талаптар, оларға енген сөздер сол қалпында ғана пайдаланылуы керек.
Шын мәнінде нені жазсақ та екі ұшты етпей, бірізділікті сақтағанымызға не жетсін? Көпшіліктің газет-журналдарға қарап сөзін түзейтінін, теле­дидар көріп, сөйлеу тілін қалып­тастыратынын қаламгерлер, тілшілер, өзге бұқара халықтың алдына шыға­тын шешендер ұмытпаулары керек қой. Менің айтқаным, менің жазғаным ғана дұрыс деген сыңаржақ көзқарас сөз өнеріне жүрмейді. Түрлі сөздіктердегі, әсіресе орфографиялық, орфоэпиялық, фразеологиялық, түсіндірме сөздіктердегі, және тыныс белгілері – пунктуациядағы ереже-талаптарды басшылыққа алсақ, тура жолдан жаңылмайтынымыз анық. Бұл сөздіктердің дәрежесі заңдылық күші болуын қалыптастырсақ та, біршама албырттықтар мен кемшіліктерді өзгерте алар едік. Әйтпесе, «ойлап келіптік», «көп нәрседен қағылыптық» деп жосылта беретін дендеген дерттен арылуымыз қиындап бара жатқан сыңайлы.
Тағы бір газеттің тілшісі «Дегенмен, бір нәсте анық» деп жазыпты. Автордың ауылында әдеби нормадағы нәрсе сөзін нәсте деп айтатын шығар. Бірақ оны солай қолдану көркем тілдің заңдылығына сай келмейтіні анық.Әрі қарай «Қазір менде сұхбат беруге уақытым жоқ» деп жазады. Ол сөздің тәуелдену заңдылығын бұзудың айтылмақ ойды бұрмалап ұғындыратынын неге ескермеген? Дұрысы «Қазір менде сұхбат беруге уақыт (уақытым емес) жоқ» немесе қазір менің (менде емес) сұхбат беруге уақытым жоқ» болуы керек еді! «Әдебиетке оралу» деген мақаланың авторы сөйлемнің ортасында, соңында «біз, сіз, ол» есімдіктерін, «ар, ай» деген зат есімдерді ылғи бас әріптермен жазыпты. Қазақ тілінің грамматикасының жазылу ережелеріне мүлдем қайшы келетін сілтеу, жіктеу есімдіктерін бас әріппен жазатын осындай әдет басқа да авторларда соңғы кездерде, тіпті жиі ұшырасуда. Бүйте берсек, біз оқырманымызды сауатсыздандырамыз. Мақала, көркем дүние жазарда соны оқитын жұртымыздың алдындағы жауапкершілігімізді бір сәт те ұмытуға болмайтындығын неге қаперде ұстамаймыз?Қорыта айтқанда, тіл білімінің өзіндік заңдылықтарын эмоцияға беріліп, орынсыз бұза берудің ешқандай жөні жоқ деп білеміз.

Бағдат ҚАЛАУБАЙ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

Дереккөз: Ана тілі

 

Y. Almabek