Туған күн немесе туылған күн. Туылған күн сөзіндегі -ыл ырықсыз етіс. Ырықсыз етісте қимылдың иесі болмайды. Қай кітапты, қай сөздікті ашсаңыз да, дұрысы: туған күн. Әдебиеттен мысал келтірейік: Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады. Абай Құнанбайұлы Кімде-кім шын сүйсе, өз сезімін қадірлейді, өйткені оның ләззаты ыстық жүректен туған. Ілияс Есенберлин Адам тек жаңа туған кезінде: содан соң тек өлер сәтінде ғана бар күнәһарлықтан таза, ақ, адал сезімнің айдынында жүзе алады екен-ау. Оралхан Бөкей Бүгін менің туған күнім, ой, пәлі-ай... Мұқағали Мақатаев Сен туған күн мерекеміз... Мұхтар Шаханов Төлқұжатыңызда Туған күні деп жазылады. Туған жер, туған өлке, туған-туыс деп айтамыз. Мұхтар Мағауин: Туылғанға дауа жоқ екен. Ендеше, келесі саты өлінген!Туылған жүрген жерде сауат та, түйсік те жоқ, қара қасқа надандық қана бар. Ең сыпайы сөзіміз деп біліңіз.