«Адамдардың хайуандардан артықшылығы сөйлей білуінде». Иә, бұл тұжырым барлық жерде айтылып келеді. Адамдар ымдасудан сөйлесуге дейін үлкен бір жолды бастан кешірді. Одан кейін адамдар жазуды игере бастады. Нәтижесінде мәтіндермен жұмыс жасайтын жаңа мамандық иелері пайда болды. Олар өз кезегінде «филолог» деп аталды.
Филология гректің «сөзге ғашықтық» деген сөзінен шыққан. Филологтар 2500 жылдан бері еңбек етіп келеді. Антикалық дәуірде Грекия мен Римдегі мектеп оқушылары әдебиетке жақын бір сабақты оқып жүрген. Кейінірек ол сабақтың бүгінгі филология пәніне қатысты болғаны анықталып отыр.
Бұл мамандықты таңдаған жандар көбіне өткен күннің тарихына көз жүгіртіп, санасына түйгенді ұнатады. Кез келген дүниенің тарихына баса мән береді. Ал мамандықтың өзі ежелгі гректердің өмірімен және тұрмысымен тығыз байланысты қаралады. Өйткені, ежелгі гректерде шешендік өнерді меңгеру, жұрт алдында сөйлей білу, өзіңді тапқырлықпен тығырықтан алып шыға білуге баса назар аударылған. Кейіннен бұл ерекшелік еуропалықтарға, одан кейін араб елдерінің тіршілігімен біте қайнасып кетті. Қазіргі таңдағы ғылымда филологияның атқаратын қызметі айрықша. Белгілі бір өркениетке ғана тиесілі болмай, әр халықтың әлемінде шырқау шыңына өрмелеп барады десек қателеспейміз.
Бүгінгі қоғамға бұл мамандық иелері ауадай қажет. Ұлттық рухтың оянуына, халықтың тілін, ділін сақтап қалуына ықпал ететін халықтың көзі мен құлағы болуға дағдыланған мамандар – осы филологтар. Мектепте оқушыларды мұғалімдер әдебиетке баулуға, тіліне баса мән беруге және әлем туралы таным-түйсігін оятуға ұмтылады. Оның себебі де жоқ емес. Дұрыс жаза білу, өмірге деген дұрыс көзқарас қалыптастыра білу, болашағыңның іргетасын қалаумен тең. Ал филолог мамандар келешекте дәл осы тұрғыдан да еліне елеулі еңбек сіңіре алады.
Жеке қасиеттері:
Бұл мамандықтағы адамдар гуманитарлық салаға жақын болуы тиіс. Яғни, өлең немесе әңгіме жазып, не болмаса ғылыми зерттеулермен айналысуға бейімі болуы керек. Ұстаз болған кезде оқушыларының алдында әдемі, таза сөйлеп, үлгі бола білуі қажет.
Білім. (Нені білу қажет?)
Филолог тілді жан-жақты зерттеп, оның функциясын, классификациясын білуге міндетті. Мысалы, жай ғана бір сөздің мағынасы, шығу тегін, болмысын ашу керек болса, филологтарға жүгінеріміз анық.
Жұмыс орны мен мансап:
Бұл мамандықтағы адамдар кез келген мектеп, колледж, университет және музей, кітапханаларда қызмет ете алады. Филологтар көбінесе ұстаздық қызмет атқарады. Алайда жазуға икемі барлар газет-журналдарда жұмыс істей алады.
Туыс мамандықтар:
Баспагер, терімші, ұстаз, редактор
Дайындаған: Нұржігіт Айдархан
Сурет: guidancejob.com