Хат жазу ескі дәуірдің белгісі: Дәл осылай ойлайтын жастар көп. Дегенмен, бір күні қолыңызға қалам алып, ақ параққа өзіңіздің сүйіктіңізге, жақындарыңызға, достарыңызға хат жазып көріңізші. Ішіңіздегі бар сыр мен сезім параққа өздігінен төгіле бастайды. Бүгін біз сізге Сүйіктіме хат тақырыбында ғашықтық хатын жазудың үлгісін ұсынамыз. Сүйіктім..... Сізді ұнату мен үшін ең қиын іс. Сізге деген сезімдерімді сипаттау мүмкін емес. Сізбен байланысқан кездейсоқ тағдыр менің өміріме сан алуан өзгерістер әкелді. Адамды армандауға үйрету үшін көп күш керек дейді. Меніңше, армандауға үйрететін жалғыз күш бар. Ол махабббат. Мен сіздің арқаныңызда армандауды үйрендім. Шыдамды болуды үйрендім. Күтуді үйрендім. Арпалысқан сезімдердің арасында күйіп кетпеу үшін, отты дер кезінде сөндіруді үйрендім. Қараңғылық пен тар әлемде адаспау үшін сізді менің тұсбағдарым еттім. Кейде ойларым мені адастырып, ызғарлы желдің екпінімен басқа бағытқа бет бұра бастасам, сізді өзіме ық еттім. Сондықтан, мен сізді енді жоғалтып алмау үшін тер төгетін боламын. Сіздің маған берген бар жылуыңыздың оты сөне бастаса, кез келген уақытта үрлеп дем беремін. Тіпті, сіз менен алшаққа кеткен шақта сізді сағынуды тоқтатпайтын боламын. Сіздің жүрегіңіздің жартысын, өз кеудеме құлыптап қоямын. Кілтін сіз де, мен де таба алмайтын белгісіз әлемнің құшағына лақтырып жіберемін. Егер арамыздағы бұл махаббат өше бастаса, құлыптаулы тұрған жүрегіміз ауырып, мазамызда алатын болады. Ол дерттің емін ешқашан жан баласы жаза алмайды. Сондықтан, біз бақытты болуға тиіспіз. Бақытты болайықшы, жарай ма? Сізге деген махаббатпен ... Бұндай хаттарды жиі жазып тұрыңыз және мұндай хаттар қолыңызға тисе сақтап қойыңыз. Өйткені, бұл хаттар сіздердің махаббатарыңыздың жасырын куәгерлері. Сіз жиі хат жазасыз ба?