- Негізгі бет
- Гуманитарлық ғылымдар
- Сұрақ белгісіне мысалдар...
Сұрақ белгісіне мысалдар және оның дұрыс қойылуы
Сұрау белгісі "Пунктуация" бөліміндегі ең оңай тыныс белгі тәрізді көрінеді. Алайда мұның да қолдану аясын шатастырып жатамыз.
⠀
Сұраулы сөйлем жасайтын:
⠀
• Кім, не, қашан, қандай деген есімдігі бар сөйлемде
• Ма, ме, ба, бе, па, пе, ша, ше шылауын жазғанда
• сірә, шығар, ә деген одағай тұрған жерде сұрақ белгі ҚОЙЫЛАТЫНЫ белгілі.
⠀
Ал мынадай жағдайда сұрау белгісі ҚОЙЫЛМАЙДЫ:
⠀
– ма, ба шылаулары сөйлемнің ішінде келіп, деп деген сөзбен жалғасса;
(Көзәйнегім сынып қала МА ДЕП уайымдадым)
⠀
– Сәлемдескенде айтылатын сұраулық шылауы тұрса;
("Сәлемет пе, қалқам", - деді ғалым)
⠀
– Құрмалас сөйлемнің бірінші бөлігі ғана сұрау мәнінде келсе;
(Жирафтан қорықты МА, әйтеуір, дірілдеп кетті)
⠀
Ең жиі кездесетін қате:
⠀
– ??? Сұрақ белгі біреу ғана болады. Тек көп нүкте мен леп белгісі қатарынан үш рет қойылуы мүмкін, ал қанша жерден таңданыспен, эмоциямен сұрап тұрсаңыз да, сұрақ белгіні 2-3 рет қатарластырып қою дұрыс емес.
⠀
– Хабарлы сөйлемнің соңына сұрау белгісін қоя салғаннан, ол сұраққа айналып кетпейді.
⠀
Мысалы:
• Мен? (емес).
Дұрысы: Мен бе?
⠀
• Тоқал алу туралы бәйбішеңнің пікірі? (емес)
Дұрысы: Тоқал алу туралы бәйбішеңнің пікірі ҚАНДАЙ?
Тоқал алу туралы әңгіме қозғағанда бәйбішең НЕ дейді?
⠀
• Трактор бұзылғанда да осы әдісті қолданамыз? (емес)
Дұрысы: Трактор бұзылғанда да осы әдісті қолданамыз ба?
Трактор бұзылғанда бұл әдісті ҚАЛАЙ қолданамыз?