Студенттік шақ — тың дағдыларды қалыптастыра отырып, өзіңді "ересек" өмірге дайындайтын кезең. Бүгін студенттерге болашақта септігін тигізетін кеңестерге бай кітаптар тізімін ұсынамыз.
Психология
Пол Клейнман
Бұл кітап арқылы автор психология әлемімен таныстырып қана қоймай, түрлі тәжірибелер мен бағыттарды атайды. Атақты Зигмунд пен Анна Фрейд, Альфред Адлер, Герман Роршах, Жан Пиаже, Курт Левин секілді психологтардың ғылымға сіңірген еңбектерімен таныстырады. Түрлі эмоцияларды қабылдау және оның пайда болуы, махаббат, күйзеліс, түс көру, адамның зияткерлік қабілетініе не әсер ететінін түсіндіреді.
Как устроена экономика / Экономика қалай жұмыс істейді?
Ха-Джун Чанг
Кітапта Кембридж университетінде сабақ беретін экономист маман Ха Джун Чанг қарапайым тілмен жаһандық экономика қалай жұмыс істейтінін түсіндіреді. Чанг экономика туралы оқулықтардан табылмайтын түрлі ақпараттармен бөлісіп, тарихи деректерді мысалға келтіреді.
Аристотель для всех / Аристотель бәрі үшін
Мортимер Адлер
Аристотель этика, психология мен саясатты жеке дара ғылыми сала ретінде қалыптастыруға мүмкіндік берген ұлы тұлға. Бестселлер кітаптардың авторы Мортимер Адлер Аристотельдің басты идеяларын қарапайым тілмен жеткізеді. Адлер басқа философтарға қарағанда Аристотель абстракты дүниелерді жазбағанын, оның ойлары маңызды және әлі күнге дейін өзекті екенін алға тартады.
Удовольствие от x / Х қызығы
Стивен Строгац
2010 жылы Стивен Строгац The New York Times басылымына математика негізінде жинақталған мақалалар бөлімін жариялайды. Мақалалар оқырмандардың ерекше ықыласына бөленді. Әр шығарылымы басылымдағы ең танымал жазба атанып, жүздеген пікір жинады. Оқырмандар автордан жазуды жалғастыруды сұрады. Стивен көп ұзамай кітабын жарыққа шығарды.
Номер 1. Как стать лучшим в том, что ты делаешь / Нөмір 1. Әр істе бірінші болу сыры
Игорь Манн
Кітапта тек кеңестер ғана емес, дағдыны жетілдіру үшін жасалған тапсырмалар да бар. Оқып болғаннай кейін кестелерді толтырып, жаттығулар жасауға болады. Сонымен қатар, қойған мақсатқа жету үшін не істеу керегі толықтай көрсетіледі.
Искусство чтения / Оқу өнері
Томас Фостер
Томас Фостер өзінің кітабы арқылы түрлі кітаптарды оқу барысында автор жасырған символдар мен оның негізгі ойын түсінуге көмектеседі. Бұл кітап көркем шығармаларды талдауға септігін тигізеді. Кейде оқырманға орынсыз көрінетін оқиғалардың себебі мен байланысын көрсетуге және болашақта өзге шығармаларда әдісті қолдануға үйретеді.