Студенттің құзырына берілген уақыт екі бөлікке бөлінеді. Бірінші бөлігінде оқу үдерісіне байланысты мәселелер шешім табады. Оның ішінде дәріс барысындағы конспект, практикалық тапсырмаларды орындау, семинарға дайындық, кітапханада отыру т.б. бар. Ал екінші бөлігіне бірінші бөліктен қалатын минуттарды, яғни, бос уақытты жатқызуға болады.
Дәстүр бойынша, артық уақыт көп болмайды, сондықтан, әрбір минутты пайдалы етіп өткізген жөн. Уақыттың қадірін білмегенге бәрібір. Заманауи студент бұл уақытты достарымен қыдырып, тамақ ішіп, кино көріп, тауға шығып, компьютер немесе теледидар алдында отырумен өткізе алады. Бір жағынан бұл да дұрыс, екінші жағынан спорт, өнер, тіл үйрену секілді пайдалы істерді де ұмытпаған жөн.
Сіздің ғылымға, зерттеуге деген талабыңыз бар ма? Дарыныңызды мәпелеңіз және шыңдаңыз. Арнайы курстарға баруға уақытыңыз болса, күнделікті тұрмыста пайдаланатын тағамдарыңыз бен заттарыңызды іске асырыңыз. Әртүрлі сусындардың әсерін, өзгерісін бақылауға алыңыз. Ғылыми шығармалар оқуды әдетке айналдырыңыз. Ойларыңызды ашық айта біліңіз.
Мектеп қабырғасында спорттық жетістіктерге жетіп, биіктерден көрініп жүрген болсаңыз, оны университет қабырғасында да қалдыруға болмайды. Футболға, баскетболға, биге, жүзуге, күреске қатысыңыз.
Әрбір университет жанынан түрлі ұйым құрылады. Өзіңіздің қабілетіңіз жетеді-ау деген ұйымды таңдап, белсенділік танытыңыз. Сіз ол ұйымда жүріп тәжірибе жинақтайсыз, адамдармен танысасыз, өзіңізді ұстауды үйренесіз. Түрлі шараға баратын еріктілер қатарына жазылыңыз. Бұл да жеке өмір сүруді үйрену үшін таптырмас көмекші бола алады.
Мәдени ошақтарды да ұмытпағайсыз, театрға, балетке, операға барыңыз, қызықты кітап оқуға, үлкен адамдар жиналатын ортаға баруды әдетке айналдырыңыз. Арнайы жоспар құрып, сонымен жүретін болсаңыз, мұның бәріне уақыт табуға болады. Студенттің ізденуші екенін ұмытпаңыз, жақсы маман болу үшін көп оқу, көп іздену керек.
Өмірдің ең қызықты, ең тәтті шағы – студенттік кез. Махаббаттың да, аштықтың да, жоқтықтың да, ұйқысыздықтың да дәмін татасыз. Білімді, еңбекор, мақсаткер студент болған жақсы, бірақ жаныңызға жақын дүниелермен айналысуды да ұмытпаңыз. Яғни, сізге қуаныш сыйлайтын, шаршағаныңызды басатын қызығушылықтарды тастамаңыз.
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева
Сурет: Өмірбек Сансызбаевтан және vk.com