Стокгольмде Нобель апталығы басталды

Стокгольмде Нобель апталығы басталды

Бүгін Швеция астанасы Стокгольм қаласында 2013 жылдың әртүрлі ғылым саласындағы жүлдегерлерді анықтайтын Нобель апталығы басталды. Бүгін, оның бірінші күнінде физиология мен медицина ғылымдары саласындағы жеңімпаздардың аттары белгілі болды. Бұл жолы Нобель сыйлығы үш адамға теңдей бөлінетін болып шешілді. Олардың есімдері: Джеймс Ротман, Рэнди Шекман және Томас Зюдхоф. Үшеуі де америкалық. Ал бұл сыйлық оларға жасушалардың негізгі тасымалдау жүйесіндегі көпіршіктерді реттеу саласында ашқан жаңалығы үшін беріліп отыр. Бұл туралы Стокгольмдегі Каролин медициналық университеті жанындағы Нобель комитеті хабарлап отыр.

Осылайша 2013 жылғы Нобель сыйлығын анықтау апталығының алғашқы күні жасушадағы тасымалдау жүйесінің құпиясын ашқан үш бірдей америкалықты жеңімпаз деп танудан басталды. Ағзадағы әр жасуша молекулаларды шығару мен оларды тасымалдау бойынша фабрика іспеттес. Ал Нобель жүлдегерлері қажет орнына және уақытында жасушадағы «жүк» тасымалының қызметін басқаратын молекулярлық принциптерді анықтап отыр. Осылайша құрамына Ротман, Шекман және Зюдхоф кіретін ғалымдар тобы жасушадағы тасымалдау жүйесінің дәл механизмін анықтап берді.  

Бұл жаңалықтың маңызына келер болсақ, онда оның мән-мағынасы адам азғасының құпиясында жатқанын айта кетуіміз керек. Дәлірек айтар болсақ, жасуша жасап шыққан молекула өздігінен жүре алмайды. Молекула тек ауа көпіршіктерінің көмегімен ғана еркін қозғалады. Егер бұл процестің дәлдігін сипаттайтын болсақ, уақыт пен жеткізу орны жағынан ол швейцариялық сағаттардан да дәлірек жұмыс жасайды.     

Бұл зерттеуде Ротман көпіршіктердің пайда болуы мен оларды жеткізуіне жауап беретін ақуыздарды ашса, Зудоф көпіршіктерді белгіленген жерге дәл жеткізу үшін жасуша қабылдайтын сигналды сипаттады. Ал Шекман осындай трафикке қажетті гендердің жиынтығын анықтап берді.  

Зерттеу қорытындылары қазіргі кезде иммунды жүйе ауруларының диагностикасын анықтау үшін қолданылуда.

Қысқаша тарих

2012 жылы физиология мен медицина саласындағы Нобель сыйлығы жапондық Синъе Яманака мен британдық Джон Гердонға табысталған болатын. Олар «ағзадағы ересек жасушалардың өзін қайтадан бағдарламалау» қабілетін ашқан болатын. Яманака көрсеткен бұл әдіс Гердонға тұңғыш рет құрбақаның ағзасын клондауға мүмкіндік берді.  

Ал одан бір жыл бұрын сыйлық туылғаннан пайда болатын иммунитетті зерттегені үшін Брюс Бойтлер, Ральф Стейнмен және Жюль Хоффманға бұйырды.

Бұл қызық

  • 1901 мен 2012 жыл аралығында физиология мен медицина салалары бойынша Нобель сыйлығын 201 адам иеленді.
  • 38 жүлде жеке адамдарға табысталса, қалғаны ғалымдар ұжымына берілді.
  • Физиология мен медицина салалары бойынша осы күнге дейін 10 әйел жүлдегер атанды.
  • Осы ғылым саласында жүлдеге ие болған ең жас ғалымның есімі – Фредерик Бантинг. Ол бұл сыйлыққа 1923 жылы 32 жасында инсулинді ашқаны үшін лайық деп табылған еді.  
  • Ал осы ғылым саласында жүлдеге ие болған ең жасы үлкен ғалымның есімі – Пейтон Роус. Ол бұл сыйлықты 1966 жылы онкогенді вирустарды ашқаны үшін жеңіп алған еді.
  • Физиология мен медицина салалары бойынша Нобель сыйлығын иеленгендердің орташа жасы -  57.

 

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

сурет: rg.ru

Б. Қосмағамбет