ХV-XIX ғасырларда өмір сүрген қазақтың ақын-жырауларының өлең-толғауларында, бағзы заманнан келе жатқан мақал-мәтелдерде, сондай-ақ кейбір ежелден қалыптасқан сөз тіркестерінің құрамында бұл күнде аса көп қолданылмайтын, мағынасы күңгірт тартқан немесе мүлде түсініксіз біраз сөз кездеседі. Сонымен қатар, қазірде жиі айтылатын актив сөз болғанымен, ертеректе беретін мағынасы басқаша болған бірқатар атаулар бар. Ендеше, ұмыт болған, мағынасы көмескіленген ескі сөздерді еске түсіру үшін сөздер сөйлейді.
Тостақ, тостағандай. Қазақ балалары айтатын ойын өлеңдерінде:
Бақа, бақа балпақ,
Басың неге жалпақ?
Көзің неге тостақ? – деген сөздер бар. Адам қорыққанда көзі тостағандай болды дейміз. Бақаның бір түрін тостаған бақа деп те атайды. Бақаның тасбақа деген атауы бар. Мұның дұрысы тосбақа болуы керек: тостақ бақа < тостаған бақа. Осылардың барлығындағы тостақ, тостаған сөздерінің түбірі – тоста-. Көне түркі тілдерінде тоста - етістігі болған, ол «көзді кең ашу» деген мағынаны білдірген. Сонда тостақ деген сөз «кең ашылған, бажырайған, бақырайған» деген сын есім болып шығады.
Бақаның көзі шынында да, тостақ. Ал тостағандай болды, тостаған бақа дегендердегі тостаған сөзі, сірә, тоста- етістігінің есімше тұлғасы емес, тостақ көз бақа, көзі тостайды дегендердің «қазақшасы» болар, яғни, тостау етістігінің өзі қолданылмайтын болғандықтан, одан жасалған туынды сөздер (тостақ) мен грамматикалық тұлғалары қазақ тілінде мағынасы келіңкірейтін, «икемділеу», түсінікті сөзбен (тостаған) ауыстырылуы ықтимал: тостаған – дөңгелек ағаш ыдыс, сондықтан көзі тостағандай болды деген «көзі кең ашылып, тостаған сияқты дөңгеленіп, үлкейіп көрінді» деген ұғымға икемделген болар деп топшылаймыз. Тостаған бақа да сол сияқты. Ал шындығында тостаған бақа > тостақ бақа «көзі тостақ жәндік».
Оқи отырыңыз:
1. Сөздер сөйлейді. "Жер болу, жер қылу"
2. Сөздер сөйлейді. "Дес беру, дес бермеу"
3. Сөздер сөйлейді. «Адырна»
4. Сөздер сөйлейді. "Қағанағы қарық, сағанағы сарық"
5. Сөздер сөйлейді. «Қом су»
Сурет: st.gdefon.com