ХV-XIX ғасырларда өмір сүрген қазақтың ақын-жырауларының өлең-толғауларында, бағзы заманнан келе жатқан мақал-мәтелдерде, сондай-ақ кейбір ежелден қалыптасқан сөз тіркестерінің құрамында бұл күнде аса көп қолданылмайтын, мағынасы күңгірт тартқан немесе мүлде түсініксіз біраз сөздер кездеседі. Сонымен қатар, қазірде жиі айтылатын актив сөз болғанымен, ертеректе беретін мағынасы басқаша болған бірқатар атаулар бар. Ендеше, ұмыт болған, мағынасы көмескіленген ескі сөздерді еске түсіру мен мағынасын ашу барысындағы кезекті танымдық ақпаратымызды ұсынамыз. «Қом су» тіркесінің мәнін ашатын боламыз.
Қом су. XV-XVI ғасыр жырауларының өлең-толғауларында:
Қоғалы көлдер, қом сулар,
Кімдерге қоныс болмаған (Шалкиіз);
Қоғалы көлдер, қом сулар,
Қоныстар қонған өкінбес (Доспамбет) – деген жолдарды оқимыз. XV-XVIІІ ғасырларда жасап өткен ақын-жыраулар мұралары жариялланған басылымдардың барлығында дерлік бұл өлең тармағы қоғалы көлдер, құм сулар болып жазылған. Дұрысы қом сулар болуы керек. Қом сөзінің қазірде біз білетін мағыналары: 1) түйе өркештерінің түп жағында тұтаса біткен жота майы; 2) түйеге жүк арту үшін, оның қос өркеші мен жотасын (қомын) орай салынған қабат-қабат киіз.
Бұл тұлғалардың мағынасын іздей түссек, алтай тілінде ол «толқын» деген ұғымды да береді екен (Радлов. Опыт словаря...). толқын тұрды дегенді қом кірді дейді. Қомды тұлғасы толқынды дегенді білдіреді. Сонда мағынасы «қоғалы көлдер, қом сулар» деген бейнелі тұрақты тіркес болып сақталып қалған деуге болады. Қоғалы көл – тыныш кішкене көлдер, ал толқынды сулар – үлкен өзендер мен теңіздер болмақ.
Р. Сыздықованың «Сөздер сөйлейді» атты еңбегінен алынған.
Сурет: bukabench.com