ХV-XIX ғасырларда өмір сүрген қазақ ақын-жырауларының өлең-толғауларында, бағзы заманнан келе жатқан мақал-мәтелдерде, сонымен бірге кейбір ежелден қалыптасқан сөз тіркестерінің құрамында бұл күнде аса көп қолданылмайтын, мағынасы күңгірт тартқан немесе мүлде түсініксіз біраз сөз кездеседі. Сонымен қатар, қазірде жиі айтылатын актив сөз болғанымен, ертеректе беретін мағынасы басқаша болған атаулар бар. Ендеше, ұмыт болған, мағынасы көмескіленген ескі сөздерді қайта жаңғырту үшін сөздер сөйлейді.
Оққа (жебеге) қатысты сөздердің бірі – кез. Бұл сөз – сай кез оқ деген тіркес пен кезену, кезеу сияқты етістік түбірлерінде сақталған. Кез деп көне түркі ескерткіштерінде жақ оғының түп жағын, яғни адырнаға тірейтін жерін атаған. Кез сөзі ертеде оқ кезі тіркесі түрінде де айтылған. Бұл сөзден кезгір-, кезле- етістіктері жасалып қолданылған. Екеуінің де мағынасы оқты адырнаға тіреу, яғни «атуға ыңғайлану». Қазақ тіліндегі кезену, кезеу етістіктері – көне кезгер-, кезле- сөздерінің морфологиялық варианттары, бұлардың да негізгі мағынасы оқты адырнаға тіреп атуға оқтану».
Р. Сыздықованың «Сөздер сөйлейді» атты еңбегінен.