ХV-XIX ғасырларда өмір сүрген қазақтың ақын-жырауларының өлең-толғауларында, бағзы заманнан келе жатқан мақал-мәтелдерде, сондай-ақ кейбір ежелден қалыптасқан сөз тіркестерінің құрамында бұл күнде аса көп қолданылмайтын, мағынасы күңгірт тартқан немесе мүлде түсініксіз біраз сөздер кездеседі. Сонымен қатар, қазірде жиі айтылатын актив сөз болғанымен, ертеректе беретін мағынасы басқаша болған бірқатар атаулар бар. Ендеше, ұмыт болған, мағынасы көмескіленген ескі сөздерді қайта жаңғырту үшін сөздер сөйлейді.
Жер болу, жер қылу. Жер болды тіркесін «ұятқа қалды, абыройы түсті, беті күйді» деген мағыналарда жұмсаймыз. Соған орай біреуді жер қылу – «ұятқа қалдыру, абыройын түсіру» болып шығады. Мұндағы жер сөзі жеке алғанда түсінікті сияқты. Бірақ дәл осы тіркесте «қара жер, жер шары» мағынасындағы жер сөзінің «ұят» дегенге қатысты тұрақты тіркес жасауында көңілге қонбайтын қисынсыздық бар. Іздестірсек, мұндағы жер сөзінің төркіні басқа болып шықты.
Көне түркі жазба ескерткіштерінің тілінде ир сөзі «ұялған, қызарған» деген мағынаны білдірген. Ер ир болды деген сөйлем кісі ұялып қалды, яғни дәл қазіргіше кісі жер болды дегенді білдіргенін ХІ ғасыр лексикографы Махмұт Қашқари көрсетеді (ДС, 211). Демек, ұялғанда, ұялтқанда айтылатын жер болды, жер қылды дегендердегі жер сөзінің «қара жер» мағынасындағы жерге тікелей қатысы жоқ болып шығады. Қазақ тілінде ир (жир~жер) сөзінің ұятқа қатысты ұғымы ұмыт болғандықтан, жоғарғы тіркестердегі бұл сөзді кәдімгі «жер» ұғымымен ұштастырып, ұятқа қалдыру мәнінде жерге қарату деген тіркес етіп жасалған, бірақ бұл қолданыстағы жер сөзін кәдімгі жер деп те тануға болады, өйткені ұялған адам төмен қарайды, бұл тіркес осыдан барып жасалған дегенге сая аламыз.
Р. Сыздықованың «Сөздер сөйлейді» атты еңбегінен алынған.
Сурет: 2.bp.blogspot.com