ХV-XIX ғасырларда өмір сүрген қазақтың ақын-жырауларының өлең-толғауларында, бағзы заманнан келе жатқан мақал-мәтелдерде, сондай-ақ кейбір ежелден қалыптасқан сөз тіркестерінің құрамында бұл күнде аса көп қолданылмайтын, мағынасы күңгірт тартқан немесе мүлде түсініксіз біраз сөз кездеседі. Сонымен қатар, қазірде жиі айтылатын актив сөз болғанымен, ертеректе беретін мағынасы басқаша болған бірқатар атаулар бар. Ендеше, ұмыт болған, мағынасы көмескіленген ескі сөздерді еске түсіру үшін сөздер сөйлейді.
Дін аман. Дән риза. «Алпамыс» жырында әулие-әнбиелерден перзент сұрап, көп уақыт ауыл-елінен ұзаққа кеткен Байбөрі бай тілегі орындалып, үміті ақталып, еліне келсе, елінің амандығын жыршы:
Барса, елдер дін аман,
Малы шықты қорадан, -деп суреттейді. Мұндағы дін аман тіркесінің дің деген компонентінің қазіргі түсінігіміздегі дін («религия») сөзіне қатысы жоқ. Бұл тіркестің мағынасы – «тегіс аман, мүлде аман-сау». Дән риза /дән разы тіркесіндегі дәннің де «өсімдіктің ұрығы, тұқымы» деген мағынасына мүлде жуыспайды, бұл жерде «әбден риза» дегенді білдіреді.
Өте ерте замандарда дын/дін/дан сөзінің бір мағынасы қазіргі моңғол тілдеріндегі «мүлде, тегіс» деген семантика. Іздестіре түссек, мүмкін тағы да осы қатарды толықтыратын тіркестер бар болар. Мысалы, діні қатты тіркесі, мүмкін о баста дін қатты дегеннен туып, мүлде қатты сияқты мәнде жұмсалған болар (бұл – әзірге жорамалымыз). Мысалы, діні қатты адам – «өте қатал адам» дегенге меңзейді.
Демек, өте көне, тіпті түркі-моңғолдық дан/дән/дын/дін сөзі заман (ғасырлар) өткен сайын қазақ тілінде актив қолданыстан ығысып, екі-үш тіркесте «сіріленіп», сақталған деуге болады. Мағынасы «мүлде, әбден, тегіс» деген шылау сөз деп табамыз.
Р. Сыздықованың «Сөздер сөйлейді» атты еңбегінен алынған
Оқи отырыңыз:
1. Сөздер сөйлейді. "Жер болу, жер қылу"
2. Сөздер сөйлейді. "Дес беру, дес бермеу"
3. Сөздер сөйлейді. «Адырна»
4. Сөздер сөйлейді. "Қағанағы қарық, сағанағы сарық"
5. Сөздер сөйлейді. «Қом су»
Сурет: rabstol.net