ХV-XIX ғасырларда өмір сүрген қазақтың ақын-жырауларының өлең-толғауларында, бағзы заманнан келе жатқан мақал-мәтелдерде, сондай-ақ кейбір ежелден қалыптасқан сөз тіркестерінің құрамында бұл күнде аса көп қолданылмайтын, мағынасы күңгірт тартқан немесе мүлде түсініксіз біраз сөз кездеседі. Сонымен қатар, қазірде жиі айтылатын актив сөз болғанымен, ертеректе беретін мағынасы басқаша болған бірқатар атаулар бар. Ендеше, ұмыт болған, мағынасы көмескіленген ескі сөздерді қайта жаңғырту үшін сөздер сөйлейді.
Дес беру, дес бермеу. Дес сөзі қазақ жырларында жеке тұрып сирек қолданылады, бірақ кездеседі. Мысалы, «Қамбар батыр» жырында:
Табасың қайдан десіңді? –
деген өлең тармағын оқимыз. Бұл сөз қазақ тілінде көбінесе дес бермеу, дес беру, дес тию, дес өру, десі қайтпау (қайту) сияқты күрделі етістік құрамында қолданылады. Бұлардың барлығында да дес сөзі «күш, қайрат, өктемдік, артықшылық» мағыналарында қолданылған: дес бермеу (беру) «бой бермеу, билік бермеу, күшін көрсету, артықшылығын таныту», дес тию «билік тию, ерік тию», дес көру «тірек көру, таяныш ету», десі қайтпау «беті қайтпау, тайсалмау» деген мағыналарда жұмсалады.
Бұлардағы дес – парсының даст «қол» деген сөзі, оның парсы тілінде 1) «күш, күштілік, билік», 2) «білім, хабардарлық, тәжірибе», 3) «артықшылық, жеңіс» деген ауыспалы мағыналары да бар. Қазақ, қырғыз тілдерінде бұл сөздің тура мағынасы емес, ауыспалы мағыналарының 1, 3-түрлері қабылданған және сөз тұлғасы өзгерген (даст>дес). Қырғыз тілінде бұл тұлғамен келетін күрделі сөздер едәуір. Мұнда дес қайтару «қорқыту, сес көрсету», десі қайту «қаймығып қалу», дес сындыру, дес жандыру «қорқыту» деген тіркестер қолданылады.
Р. Сыздықованың «Сөздер сөйлейді» атты еңбегінен алынған.
Сурет: centrefengshui.com