ХV-XIX ғасырларда өмір сүрген қазақтың ақын-жырауларының өлең-толғауларында, бағзы заманнан келе жатқан мақал-мәтелдерде, сондай-ақ кейбір ежелден қалыптасқан сөз тіркестерінің құрамында бұл күнде аса көп қолданылмайтын, мағынасы күңгірт тартқан немесе мүлде түсініксіз біраз сөздер кездеседі. Сонымен қатар, қазірде жиі айтылатын актив сөз болғанымен, ертеректе беретін мағынасы басқаша болған бірқатар атаулар бар. Ендеше, ұмыт болған, мағынасы көмескіленген ескі сөздерді қайта жаңғырту үшін сөздер сөйлейді.
Бұл тіркестегі шулы сөзінің айғай-шу дегендегі шу сөзіне қатысы жоқ. Көне түркілер чау сөзін "даңқ, атақ, даңқты, атақты" мағыналарында қолданған. Сонда аты шулы деген тіркестің о бастағы тұлғасы аты шаулы болуы керек, ол "аты даңқты, атақты" деген сөз болып шығады, монгол тілінде де "цуу" 1) біреу жайында таралған сөз, әңгіме, 2) "даңқ, ата" мағыналарын береді. Демек, чау/чу/цуу/шау/шу тұлғалары көне замандарда түркі-моғол тілдеріне ортақ сөз болып, негізінен, бір мағынаны білдірген. Қазақ тілінде шау/шу сөзі "атақ, даңқ" ұғымында жеке қолданыстан қалып, аты шулы сияқты тіркес құрамында сақталған "көнекөздердің" бірі.
Р. Сыздықованың «Сөздер сөйлейді» атты еңбегінен алынған.
Сурет: img13.nnm.me