«Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде» «мамық» сөзінің:
1. Үлпілдеген жұмсақ құс жүні (мысалы: қопалы көлді өзен бойын сағалайтын құтан, қалбағай тұқымдас құстардың да қымбат мамық жүні болмаса, еті онша дәмді бола қоймайды − Ә. Марғұлан);
2. Сол мамықтан жасалған жастық, төсек-орын (мысалы: мамық еттім де тастарды, тауымды басқа жастандым − М. Мақатаев) деген мағыналары көрсетілген, сондай-ақ бұл сөз тілімізде «жұмсақ» (мысалы: аққудай үлбіреген сұңғақ мойын, ақ анар, жұпар иіс, мамық қойын − С. Торайғыров), «ұлпа, үлпілдеген» (мысалы: мап-майда мамық қардай мінсіз денең, бейне бір бақшадағы жүзім еді − Ғ. Жұмабаев), «жанға жайлы, тыныш» (мысалы: саған айтам, мамық түн, саған айтам, әрине − М. Мақатаев) деген ауыспалы мағыналарда да қолданылады. Бұл сөз орта ғасырлық түркі тілдеріндегі «памұқ» деген сөзден шыққан. Махмұт Қашқаридың «Диуанында» /pamuq/ сөзіне «мақта» деген анықтама беріліп, оғыз тіліне тән екені ескертілген. Бұл сөз азын-аулақ фонетикалық өзгерістерімен біраз түркі тілдерінде қазір де баяғыдай «мақта» мағынасында жұмсалады. Мысалы, қазіргі түрік тілінде pamuk; башқұрт тілінде q mam; әзербайжан тілінде q pamb; шуаш тілінде qāmam. Мажар тіліндегі /pamut/ (мақта) деген сөз де осымен төркіндес болса керек. Өзге түркі тілдеріндегі немесе шет тілдердегі сөз басында келетін /p/ дыбысы қазақ тілінде /m/ немесе /b/ дыбыстарына ауысады. Мысалы, ұйғұр тілінде пахта, қазақ тілінде мақта; «Диуанда» putaq, қазақ тілінде бұтақ; парсы тілінде k spo, қазақ тілінде мысық. Олай болса, орта ғасырлық түркі тілдеріндегі /pamuq/ деген сөздің фонетикалық және лексикалық өзгерістерге ұшырап, қазіргі қазақ тілінде «мамық» тұлғасына тұрақтауы заңды. Сөз мағынасының дамуы ішкі және сыртқы себептердің нәтижесі, әсіресе, сөз мағынасының өзгеруіне сыртқы себептердің әсері күштірек болады. Сөздік қорға жаңа келіп қосылған сөз (сол тілдің сөзжасам заңдарына сәйкес жасалған жаңа сөз болуы да, шет тілдерден ауысқан кірме сөз болуы да мүмкін) сол тілде бұрыннан бар кей сөздермен синонимдік қатар құрап, бара-бара ол сөздердің мағынасын өзгертуі, тіпті, қолданыстан шығарып тастауы мүмкін. Қазақ тіліндегі «мамық» деген сөздің ескі, төл мағынасынан ажырауы тілімізге шығыс иран тілдерінен ауысқан «мақта» деген сөздің әсері деп білеміз.
Ал орта ғасырлық түркі тілдеріндегі /pamuq/ деген сөздің өзі қайдан шыққан? Этимологтар бұл сөзді ежелгі грек тіліндегі «мақта» деген мағына беретін /bombux/ немесе «Өтікен түрік сөздігінде» көрсетілгендей /bambaks/ деген сөзден ауысып келген деп шамалайды. Шығыс әдебиетінде Ескендір Зұлқарнайын деген атпен белгілі Александр Македонский б.з.д 344 жылы әлем тарихына елеулі өзгеріс әкелген ұлы жорықтың дабылын қағады. Әуелі, Кіші Азияны бағындырған император кілт бұрылып, Сирияны басып, Египетті алады. Іле-шала ат басын қайта шығысқа бұрып, Қос өзен бойымен Персияның өзегіне қанжарша қадалады. Ізінше Гиндукш тауларынан асып, Орта Азия өңіріне шүйіледі. Сонан оңтүстікке ойысып, Кашмирде аты ойнады. Осы жорық-жортуылдар кезінде Персия елі мен қазіргі Орта Азия аумағында императордың әмірімен сәулетті қала-кенттер салынып, империяның ата жұртынан мың-сан босқын шығыс Иран тайпаларының жеріне көшіріледі, грек-эллин мәдениеті жат жұртта өркен жаяды. Ню Ружи профессор орта ғасырлық түркі тілдеріндегі /pamuq/ сөзінің төркінін осы кезеңмен байланыстырады. Алайда, мақтаның отаны қазіргі Үндістан екені тарихи ақиқат. Мақта Үндістанда б.з.д 4-5-ші мыңжылдықтардан бастап егіле бастаған; 10-шы ғасырда Испанияға, 12-шы ғасырда Францияға, 14-шы ғасырда Германия мен Ұлыбританияға тараған. Мақтаның орта жазықта өсірілуі шамамен 9-шы ғасырлардан басталады. Қытайдың байырғы жылнамалары мен әдебиеттерінде мақта «贝古»(Bei Gu), «叠白»(Die Bai) деп те аталады, мұның алдыңғысы санскрит тіліндегі /karpassa/, соңғысы түркі және шығыс иран тілдеріндегі /pahta/ деген сөздерден шыққан. Бұл тілдік дерек мақтаның кіндік жазыққа(қытайдың орта бөлігі) тарауы Орта Азиялық соғдылармен байланысты болса керек деген ой салады. Ал ежелгі гректер де мақтаны Александрдың жорықтары кезінде білген. Александрдың замандасы, «Ботаниканың атасы» деп аталған Теофраст (Theophrastus) үнділердің танаптап мақта егетінін хабарлайды. Александрдың Персия мен Орта Азиядағы билігі небәрі бірнеше жылға ғана жалғасады, оның көзі жұмылысымен гректер жапа-тармағай өз еліне қайтады. Ленинградта (қазіргі Петербург) жарық көрген «мақта» деген беделді басылымда мақтаның Орта Азия мен Кавказ сыртына біздің жыл санауымызға дейінгі 5-6-шы ғасырларда белгілі болғаны атап көрсетілген. Александрмен көп соғысқан сақ-скифтердің әжептәуір дамыған егіншілік дәстүрі болғанын Квинт Курцейдің шығармасындағы «сақтар аспандағы сұңқар сияқты, Иаксартты күніне жүз рет ары-бері кесіп өтсе де өз еркі. Өйткені, бұл біздің Отанымыз! Сенің Отаныңа біз қиянат жасағанымыз жоқ. Біліп қой: тәңірім бізге өгіздің мойынтұрығын, соқаны, найзаны, жебені және тостағанды сыйлады. Өгіздің күшімен еккен дәнімізді достарымызбен бөлісеміз, тәңірімізге мінәжәт етіп, тостағанымыздағы шарапты соларға құйып береміз. Ал жебемен жауымызды жайратамыз, жақындаса найзамызды шаншимыз» деген деректер анықтай түседі. Ендеше, өздері де көктен түскендей суыт келіп, суыт қайтқан македониялықтардың мақтаға ат қойып беруі қалай болар екен? Оның үстіне, ежелгі грек тіліндегі /bombux/ деген сөздің түркі тілдеріне ауысқанда /p/ дыбысымен басталуы да күмәнді, өйткені, түркі тілдерінде бұл дыбыстың сөз басында келуі тіпті сирек құбылыс. Сондықтан біз орта ғасырлық түркі тілдеріндегі /pamuq/ және ежелгі грек тіліндегі /bombux/ деген сөздердің төркіні бір, мүмкін, шығыс иран немесе солтүстік үнді тілдерінің бізге белгісіз диалекттерінің бірінен шықса керек және ол қазіргі парсы тіліндегі «пнбе»(мақта, оқылуы: nbe p) деген сөзбен төркіндес болар деп болжаймыз.
Авторы: Аяу Қашаған
Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы
Сурет: nipic.com
Оқи отырыңыз:
Сөз төркіні: Үзеңгі
Сөз төркіні #1
Сөз төркіні #2