Сөз төркіні: Бейқұт (Жалғасы)

Басы

Қазақ тілінде "бейқұт" деген түрде бір-біріне байланысы жоқ, төркіні де, мағынасы да басқа-басқа екі сөз бар. Атырау қазақтарының жергілікті тілінде бейқұт − мұз сақтайтын орын. Ертеректе балық өңдейтін заводтардың шыға берістегі бөлігіне жерден шұңқыр қазып, оған мұз үйілген, соны балықшылар бейқұт немесе биқұт деп атаған. Зерттеушілер бұл сөзді орыстың "выход" деген сөзінен шыққан деп топшылайды. Орыс тілінде "выход" сөзі есік деген мағына береді, сондай-ақ қазақ әдеби тілінде қаннен-каперсіз, бейбіт, тыныш деген мағына беретін араб тілінен енген "бейқұт" деген тағы бір сөз бар. Алайда, кейде осы сөздің төркініне байланысты ағат пікірлер айтылып қалады. Кей ағайын бұл сөз парсы тіліндегі болымсыздықты білдіретін бей/би префиксы мен қазақтың байырғы құт сөзінің бірігуі арқылы жасалған, ол құтсыз деген мағына береді деп болжайды. Алайда мұндай қисынсыз долбармен келісе алмаймыз. Олайы, қазақ тілінде бей/би префиксы бар деген пікірдің өзі күмәнді....

...Үшіншіден, сөздердің бір тілден екінші бір тілге ауысуы қалыпты жағдай. Бірақ, жұрнақтардың тілден тілге көшуі өте сирек құбылыс. Қазақ тілі типологиялық жағынан мүлде жат иран тілдерінен хана, кер/гер секілді бірен-саран жұрнақтарды қабылдаған (мысалы, аурухана, асхана, сәнгер, іскер), өйткені, бұл жұрнақтар қазақ тілінің қосымшалары секілді тек түбір сөздің соңына жалғанады.

Төртіншіден, өзге тілден енген белгілі бір грамматикалық элементтердің жұрнақ екенін дәлелдейтін негізгі шарт − олардың байырғы сөздерге жалғанып, жаңа сөз жасауында. Аталмыш бей/би префиксы қазақтың төл сөздерімен бірігіп, жаңа сөз тудыра алмайды. Мәселен, қазақ тілінде бейкүн, бейкісі, бейтірлік, бейбілім, бейақша, бейеңбек деп айту, жазу дағдысы жоқ. Тек бейтаныс деген жалғыз сөз бар, бірақ, ондай бірлі-жарым сөз белгілі заңдылыққа негіз бола алмайды. Бейбас (тәртіпсіз, көргенсіз) деген сөз, бізше, парсы тіліндегі пас (күзет, қарауыл, тәртіп) сөзінен жасалған, оның қазақ тіліндегі бассыз (басы жоқ; бас көтеретін адамы жоқ; ақылы жоқ) деген сөзбен қатысы шамалы (реті келгенде, қазақ тіліндегі телеорталық, телебағдарлама, телехабар сияқты сөздердің телевизия орталығы, телевизия бағдарламасы, телевизия хабары деген тіркестердің қысқарған нұсқасы екенін айта кетуді жөн көрдік, бұлар қазақ тілінде аталған префикстың бар екеніне дәлел бола алмайды). Ендеше, парсы тіліндегі "бей" префиксының қазақтың құт деген байырғы сөзімен бірігіп, құтсыз деген мағына беретін "бейқұт" сөзін тудыруы мүмкін емес.

Бізше, бейқұт (тыныш) деген сөздің араб тілінен кіргені анық. Араб тілінде һәд (тыныштандыру), һда (тыншу), һдө (тыныш, жым-жырт) деген сөздер бар. Мысалы, һда балмкан ао фие − қоныс тебу, мекен ету, орнығу («Арабша-қытайша сөздік»). Һдө деген сөз сөйлемде пысықтауыш болып келгенде, алдына "б" префиксы қосылып, "бһдө" болып жазылады да, "бейһүдү" деп оқылады. Мысалы, Һадр бһдө − тыныш аттану («Қытайша-арабша үлкен сөздік»). Қазақ тіліне араб-парсы тілдерінен кірген сөздерде һ дыбысының қ/х дыбысына ауысуы заңды құбылыс. Мысалы, қаһар, гауһар, шаһар деп жазып, қақар, гауқар, шахар деп оқимыз. Ендеше, бһдо деген сөздің қазақ тілінде бейқұт болып орнығып, қаннен-каперсіз, тыныш, бейбіт мағыналарын беруі де заңды. Бұл ретте, сөз соңындағы болмашы "ұ" дыбысының түсіп қалып, "д" дыбысының "т" дыбысына ауысқанын ескерген жөн.

 

Автор: Аяу Қашаған

Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы

Сурет: өңделген