Қазақ тілінде "бейқұт" деген түрде бір-біріне байланысы жоқ, төркіні де, мағынасы да басқа-басқа екі сөз бар. Атырау қазақтарының жергілікті тілінде бейқұт − мұз сақтайтын орын. Ертеректе балық өңдейтін заводтардың шыға берістегі бөлігіне жерден шұңқыр қазып, оған мұз үйілген, соны балықшылар бейқұт немесе биқұт деп атаған. Зерттеушілер бұл сөзді орыстың "выход" деген сөзінен шыққан деп топшылайды. Орыс тілінде "выход" сөзі есік деген мағына береді, сондай-ақ қазақ әдеби тілінде қаннен-каперсіз, бейбіт, тыныш деген мағына беретін араб тілінен енген "бейқұт" деген тағы бір сөз бар. Алайда, кейде осы сөздің төркініне байланысты ағат пікірлер айтылып қалады. Кей ағайын бұл сөз парсы тіліндегі болымсыздықты білдіретін бей/би префиксы мен қазақтың байырғы құт сөзінің бірігуі арқылы жасалған, ол құтсыз деген мағына береді деп болжайды. Алайда мұндай қисынсыз долбармен келісе алмаймыз. Олайы, қазақ тілінде бей/би префиксы бар деген пікірдің өзі күмәнді.
Біріншіден, префикс (сөз алды қосымшасы) қазақ тілі, жалпы түркі тілдері үшін жат құбылыс. Түркі тілдерінде қосымшалар (жұрнақтар мен жалғаулар) тек түбір сөздің соңына жалғанады.
Екіншіден, кез келген сөз бір тілден екінші бір тілге ауысқанда бөліп-жаруға келмейтін біртұтас семантикалық-құрылымдық бірлік ретінде қабылданады. Демек, парсы тілінен кірген бейқам, бейқайрат, биопа, наразы деген секілді сөздерді бей-қам, бей-қайрат, би-опа, на-разы түрінде жіліктеп, сол арқылы қазақ тілінде бей, би, на сияқты сөз алды қосымшалары бар деген тұжырым шығаруға болмайды. Тағы айтар болсақ, қазаққа Еуропа тілдерінен телефон, телеграф, теледидар, телескоп сияқты бірқыдыру сөз кірген (бұл үрдіс тағы талайға жалғасады деп сеніммен айта аламыз) және бұлардың топаны аталмыш бей/би префиксы арқылы жасалған-мыс сөздерден көп болмаса, аз емес. Ағылшын тілінде tele – алыс қашықтықты білдіретін префикс саналады. Ендеше, осы сөздерді де боршалап, қазақ тілінде теле деген префикс бар деген қорытынды шығаруға бола ма? Әлбетте, болмайды.
Жалғасы бар...
Автор: Аяу Қашаған
Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы
Сурет: өңделген
Оқи отырыңыз:
Сөз төркіні: Арғымақ
Сөз төркіні: Үзеңгі
Сөз төркіні: Мамық
Сөз төркіні: Шілдехана