Қазіргі қазақ тілінде "арғымақ" сөзі:
1. Сымбатты да жүрдек, асыл тұқымды жылқы;
2. Келісті де, сұлу деген мағыналар береді.
Тарих ғылымының докторы Ахмет Тоқтабайдың жазуынша, орыс ғалымы Фирсов: "Қазақтар "Араб арғымағы", "Ағылшын арғымағы", "Орыстың зауыт арғымағы" деп бөледі. Бұл сөзді кавказдықтар да қолданады. Бұлай деп ертеректе тек парсының асыл тұқымды жылқыларын атаған. Ал қазір түркі халықтары кез келген таза қанды жылқыларды осылай айта береді. Шын мәнінде бұл сөз "Түркімен арғымағы" және "Парсы арғымағы" деген ұғымға ғана сәйкес келеді. Себебі "парсы жылқыларының өзі түркіменнен шығады" деп тұжырымдаған. Сондай-ақ, қазақ жылқыларының тұқымын көп зерттеген ғалым Я.Я.Полферов "Тарихшылар барлық асыл тұқымды, әдемі жылқыларды "арғымақ" деп жаза берген, шын мәнінде "арғымақ" деп жүргендерінің 9-10 пайызын қарабайырға жатқызуға болады" деп анықтай түседі. Демек, арғымақ дегеніміз араб пен түркімен жылқысының қазақ даласының табиғатына үйлескен тұқымы. Қазақ халқы жылқы тұқымын асылдандыруға ғасырлар бойы ерекше мән беріп, құнт қылып келген. "Қазақ халқы өз жылқысын жақсарту үшін көрінген жылқы тұқымының айғырларын әкеп сала бермеген,- деп жазады Ахмет Тоқтабай, - қазақ жылқысы үшін ғасырлар бойы халықтың аналитикалық тәжірибесінен өткен тұқымдар: араб және түркімен жылқысы таңдап алынған". Граф Гуттен Чапский 1895 жылы жарық көрген "Жылқы тарихы" деген еңбегінде: "Араб айғыры үшін бай қазақ жүздеген қой, оншақты қазақ жылқысын, асыл бұйымдарды қуана-қуана бере салады",-деп жазады. Қазақтар асыл тұқымды арғымақ үшін ештеңесін аямаған. Полферовтың жазуынша, "арғымақты қолға түсіру үшін қазақтар нендей қиындықтар болса да қорықпаған, құлақ естіп, көз көрмеген айла-әрекетке барған". Қайып хан әулетінен шыққан сұлтан, Ресей географиялық қоғамының мүшесі Сейітхан Ахметұлы Жантөрин "Коннезавод" журналында 1883 жылы жарық көрген "Қазақ жылқы шаруашылығының очерктері" атты еңбегінде: "Мен Торғай облысында Бұхара мен Ташкентке барып, арғымақтар әкелген шаруашылық иелерін білемін, Ханғали Арыстанов Сұлтан Хиуа, Ақалтеке жорықтарына қатысып, Түркіменстаннан жәуміт және теке айғырларын әкелді",-дейді.
Фирсовтың анықтауынша, "арғымақ" деген атау тарихи әдебиеттерде салжұқтар заманында, шамамен X және XI ғасырларда пайда бола бастаған сыңайлы. Бұл сөз түркілерден өзге халықтарда да, мысалы, атақты алтайтанушы Рамстедттің еңбегінде көрсетілгендей, татар тілінде arğamaq, ұйғұр тілінде arğumaq, алтай тілінде argımak, моңғол тілінде argamag, қалмақ тілінде arğomog түрінде кездеседі. Сондай-ақ, орыс тілінде аргамак, тәжік тілінде арғумак. Орыс тілі арқылы поляк тіліне өтіп, /rumak/ болып орныққан.
Біздің шамалауымызша, "арғымақ" сөзі әу баста /arığ/ және /mah/ деген дербес екі түбірден құралып, бір сөзге айналған секілді. Орта ғасырлық түркі тілдеріндегі /arığ/ деген сөздің өзі туынды түбір, оның негізі ескі түркі тіліндегі /arı/ деген етістік болуға тиіс, бұл сөздің мағынасын Габайн ханым "тазалану, тазару" деп шешеді. Ендеше, /arığ/ сөзінің түпкі мағынасы "таза, пәк". "Өткен түрік сөздігінде" бұл сөздің arığ, arık, arıh деген тұлғалары қатар беріліп, мағынасы:
1. Таза, пәк, сап, асыл;
2. Мінсіз;
3. Қасиетті деп көрсетілген. Бұл сөздің орта ғасырлық және қазіргі түркі тілдеріндегі ärig, ärik, erik, arı, aruğ деген тұлғалары "Қазақ тілінің қысқаша этимологиялық сөздігінде" келтірілген. Тілдік дамудың нәтижесінде бұл сөз қазіргі қазақ тілінде "ару" тұлғасына тұрақтаған, бұлай болатыны, қазақ тілінде /ğ/ дыбысы байырғы, төл сөздердің аяғында мүлде кездеспейді, өзге түркі тілдеріндегі сөз аяғында келген /ğ/ дыбысы біздің тілімізде /q/ немесе /w/ дыбысына ауысып, яки түсіп қалып отырады. Қараңыз: ұйғыр тілінде bağ, қазақ тілінде baq; ұйғыр тілінде tağ, қазақ тілінде taw; көне ұйғыр тілінде sarığ, қазақ тілінде sarı. Қазақ тілінде "ақ жауып арулау" деген тұрақты тіркестің құрамында ғана әдепкі мағынасының жұрнағы сақталғанмен, қазір "ару" сөзі негізінен "сұлу, сымбатты" деген мағынада қолданылып жүр. Демек, қазақ тілінде орта ғасырлық түркі тілдеріндегі /arığ/ сөзінің "мінсіз" деген мағынасы ғана сақталған деуге болады.
Түркі халықтарымен, соның ішінде қазақты құраған ру-тайпалардың арғы аталарымен ғасырлар бойы саяси, экономикалық, мәдени байланыста болып келген жұрттардың бірі – парсылар. Сол парсылардың тілінде "махчы" деген сөз бар. "Махчы" деп парсылар араб және түркімен жылқыларының буданын айтады. Зер салып қараған адамға бұл сөздің соңғы /-чы/ деген бөлігінің түркілік жұрнақ екені көріне кетеді (қазіргі қазақ тіліндегі зат есім тудыратын -шы,-ші жұрнақтарын еске алыңыз). Демек, осы сөздің өзі де "будан". Қазіргі парсы тілінде "мах" сөзінің:
1. Қоспа (алтын туралы);
2. Жасанды, жалған (ақша туралы);
3. Тексіз, арамза (адам туралы);
4. Көнерген, ескі деген мағыналары бар. Осыған қарағанда, бір кезде – түркі тілдерінде "арғымақ" атауы пайда болған X және XI ғасырларға дейін – парсы тіліндегі "мах" сөзінің "будан, қоспа" деген мағынасы болды ма екен? Себебі, "қоспа" және "арамза" деген ұғымдар әр түрлі нәрсенің бір-біріне қосылуын, араласуын меңзесе керек. "Махчы" деген сөздің "будан жылқы" деген мағынасы да біздің бұл тұспалымызды бекіте түседі. Немесе "мах" сөзін түркілердің "қоспа, будан, тұқым" мағынасында қабылдауы да ықтимал. Олай болса, "арғымақ" сөзі тегінде түркінің /arığ/ және парсының /mah/ деген сөздерінен құралып, "асыл қоспа", "араб пен түркімен жылқыларын будандастырудан алынған асыл тұқым", "будан жылқының асылы" деген мағына берсе керек деп топшылаймыз. Себебі, қазақтар "арғымақ" деп атап жүрген түркімен жылқыларының өзі табиғи тұқым емес, мәдени тұқым санатында. Ахмет Тоқтабай "Қазақ жылқысының тарихы" деген еңбегінде: "Түркіменстанды ғасырлар бойы Орта Азияның асыл тұқымды жылқы базасы деуге болады. Әмір Темір 5 мың араб биесін әкеліп түркімен тайпаларына таратып берген, XVIII ғасырда Иран шахы Надир теке тайпасына 600 бие сыйлаған. Соңғы 500 жылда түркімендер өз жылқыларының қанын екі рет жаңалаған. Демек, Түркіменстан мәдени жылқы шаруашылығының бірден-бір отаны",-дейді. Бұл пікір де біздің этимологиялық талдауымызды құптай түседі.
"Арғымақ" сөзінің түп мағынасы ескі қазақ тілінің өзінде күңгірт тарта бастаған секілді. Қазақ ауыз әдебиетінің үлгілерінде "арғымақ" ұғымы үнемі дерлік қазақтың байырғы жылқы тұқымы – жабымен қарама-қарсы айтылады. Мысалы, Төле би айтты делінетін "Арғымақ баптап не керек, жабы қуып жеткен соң, ағайын-туған не керек, аңдысып күні өткен соң" деп келетін жыр жолдары осыған меңзейді. Мұхтар Әуезов "Қаракөз" пьесасында бұл сөзді "Сұңқарың қарға шықпаса, арғымақ жабы болмаса, Қаракөздей бәйтеректің басын шалар ұл жоқ" деп қолданады.
"Арғымақ ару атлар сескенсе,
Ақ тігердің қарсы алдында жусар ма?
Ойда қазақ көп жортса,
Беллерін күміспенен құрсар ма?
Тәңірі жанын алмаса,
Тау аралап жол салмай,
Тас аралап құс салмай,
Арқаның баурын қыдырмай,
Арғымақ ару атлар арытпай,
Жат жерлерге бармай өзін танытпай,
Өзден болмай би болмай,
Атаның батыр туған ұлына
Ойда жатмақ ұсар ма?!" деген атақты толғауында Шалкиз жыраудың "ару" сөзін "арғымақ" атауымен қатарластыра қолдануы тек әуезділік үшін ғана емес, сөз мағынасын аша түсу үшін де керек болған сыңайлы. Аталардан қалған, кей дерек бойынша Шернияз ақын айтты делінетін:
"Арғымақ атқа көп міндім,
Садаға кетсін буданнан,
Азаматқа көп ердім,
Садаға кетсін туғаннан" деп келетін қанатты сөзде "арғымақ" ұғымы "будан" сөзіне қарама-қарсы қолданылады.
Бұл сөздің орыстарға қазақтардан ауысқаны анық. Себебі, Ахмет Тоқтабайдың айтуынша: "Орыс княздіктері жылқы ұстауды, жылқы бағуды, жылқы мәдениетін қазақтың арғы аталары пешенектерден, қыпшақтардан, т.б. тайпалардан алғаны белгілі. Ол туралы жылқы тарихының көрнекті маманы Вилкинс "барлық жұмысқа жарамды бесаспап қазақ жылқыларын біз назардан тыс қалдырмауымыз керек, сонымен қатар бұлар бүкіл орыс жылқысының арғы тегі болып табылады" деп жазады".
Арғымақ айғырларды қазақтың қарабайырларымен будандастыру арқылы алынған жауынгерлік жорық аттары "Қазанат" деп аталған. "Мұрағат деректерінде "Қазанат" деп қазақтар арғымақтардың тұқымын айтатыны хатталған... "Қазанат" терминінің шығу тегі әлі күнге дейін шешімін тапқан жоқ. Қазан – ежелгі сақ, скиф замандарынан тоқшылықтың, құт-берекенің, күштіліктің, елдіктің белгісі болды. "Қазандай күшті ат", "қазанның аттары" деген сөздерден "қазанат" сөзі шығуы мүмкін",- дейді Ахмет Тоқтабай. Бізше, "қазанат" термині арабтың "хсан" (hısān) және түркінің "at" деген сөздерінің бірігуінен шыққан. Араб тілінде /hısān/ "жылқы" деген сөз. Осман түріктерінің тілінде бұл сөздің "айғыр" деген мағынасы болғаны "Өтікен түрік сөздігінде" тіркелген. Демек, орта ғасырлық түркі диалекттерінде бұл терминнің "арабы айғыр" деген мағынасы болғанын болжаймыз. /hısān/ сөзінің қазақ тілінде "қазан" болып орнығуы фонетикалық заңдылыққа үйлеседі, себебі, бұл сөз қазақ тіліне төте араб тілінен емес, өзге түркі тілдері арқылы кірсе керек-ті. Ал түркі тілдері үшін айтқанда, /ı/ және /a/ дыбыстарының ауысуы заңды құбылыс, қараңыз: ескі түркі тілінде ığaç, қазіргі қазақ тілінде ағаш. "Ұлттық энциклопедияда" айтылуынша, далалықтардың жергілікті жылқыларды араб сәйгүліктерімен будандастырып, асыл тұқымды жылқы алуы сонау VII-VIII ғасырлардан басталған. Ендеше, қазанаттың түпкі мағынасы – арабы айғырдан алынған асыл тұқым болуға тиіс.
Сөзімізді түйіндесек, "арғымақ" атауы дербес екі түбірден құралған біріккен сөз. Тәугі мағынасы араб және түркімен жылқыларын будандастырудан алынған асыл тұқымды меңзесе, кейін қазақ тілінде барлық асыл тұқымды жылқыларды көрсете беретін болған. Бұған арғымақтардың XIX ғасырдың аяғына қарай қазақтардың табынынан мүлдем құрып кеткені себеп болса керек. Сондай-ақ, бұл сөздің қазіргі тіліміздегі "сымбатты, сұлу" деген мағынасы (мысалы:
Естемес екі аяқтың арғымағы,
Қызыққан сымбатына әркім-дағы. І. Жансүгіров) сөз құрамындағы ескі түркілік "arığ" түбірімен қатысты деп білеміз.
Авторы: Аяу Қашаған
Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы
Сурет: Жеңіс Кәкенұлының суреті/kakenuly.kz
Оқи отырыңыз:
Сөз төркіні: Үзеңгі
Сөз төркіні: Мамық
Сөз төркіні #1
Сөз төркіні #2