Қазақ сөзінің төркіні кейде көмескі тартып, жас жеткіншек, жаңа оқушыға нақты айтарын бұлаңқұйрыққа салып ұстатпайтыны бар. Осындай бір топ сөздің мағынасын жіктедік.
Батаға кірмеді – келісімнен сырт қалды, пәтуаластыққа кірмеді. Мысалы, «Жоқ, мұғалім, біздің сізге ренішіміз жоқ. Жолыңыз болсын, біз батаға кірмеді деп айтпаймыз». (Мұхтар Әуезов. «Түнгі сарын пьесасынан»)
Аузының дуасы жоқ – сөзінде парық, байлау жоқ, тұрақ жоқ. Мысалы, «Өзі батыр бейнелі, өзі әнші, шешен Базарәлі үлкендер сынынша бір тентек, сотқар көрінуші еді. Жалғыз жайылған сиымсыз. Аузының дуасы жоқ. Ащы тілдің тыйымсызы боп аталатын. Қазір Абай байқаса, мына Базарәлі ол адам емес».(Мұхтар Әуезов. «Абай»)
Көктұқыл – сақалын қырғанда, иек тұсы көгіс тартып қалатын адам туралы айтылады. Мысалы, «Шәкеңнің сақалын қырған-қырмағаны өмірі аңғарылмайтын көктұқыл өңі де бұрынғысынша сынық». (Мұқан Иманжанов. «Көк белес» роман)
Боз күйік борбас – қолынан ештеңе келмейтін адам. Мысалы, «Оған: «Бесаспап десем, боз күйік борбас па едің! Көз алдыңдағы Жуликті көрмей ай қарап жүрсің бе?» деп Жүсіпов зекіп, мысқылдап сөйлейтін көрінеді». ( К.Тоқаев)
Жері құсты – жері ылғалданды. Мысалы, «Жері құсып, шық болды». (Қ.Орда, Арал)
Күміс көмей – шешен, тілінен бал тамған. Мысалы, «Оңтүстіктің жез таңдай, күміс көмей ақындарының айтысы болады деген хабар бұл өңірге тез тарады».
Құрт жеген құба сөңгел секілденді – қайғыдан күйрей, езіле бүк түсу. Мысалы,
«Құланың қайғысынан қатып, семіп,
Қурай боп екі-үш айда қалған шөгіп.
Құлауға құйын соқса оп-оңай тұр,
Құрт жеген құба сөңкел секілденіп». (Ілияс Жансүгіров. «Құлагер» поэмасы)
Мұндар қу бас – халық мұңына қарсы шығу, соқа бастың қамын ойлаған қаныпезер кісі. Мысалы,
«Па, шіркін, Исатайдай сабаз тумас,
Қас итсің, қасыңа да адам жуымас.
Ел ұстап, жұрт билейтін қылығың жоқ,
Хан емес, қас қатынсың мұндар қу бас». (Шернияз ақын)
Ой желке – жал тұсы биік, желкесі ойқы.
Мысалы,
«Шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақ,
Қой мойынды, қоян жақ, бөкен қабақ.
Ауыз омыртқа шығыңқы, майда жалды,
Ой желке, үңірейген болса сағақ». (Абай)
Құр далаға кетті (атты) – бостан-босқа еңбек етті, істеген ісі зая кетті. Мысалы, «Құр далаға атпай, сауысқан, қарға атып,мылтығымыздың керемет күшін көзбен көріп білгенше асығыспыз». (Бердібек Соқпақбаев. «Балалық шаққа саяхат»)
Қолтыққа су бүрку – желіктіру, айтақтау, күшкіту. Мысалы, «Қолтығына астыртын су бүріккен Сент-Антуан кенті бұрқ-сарқ. Шарон көшесіндегі ләйліханалар ызбарлы да ызғарлы болып алды, ішкілік орындарына мұндай теңеудің таңылуы тегін емес». (Виктор Гюго. «Аласталғандар»)
Жүзіктің көзінен өткендей – а) сұлу, әдемі, мүсінді; ә) еті тірі, пысық, жылпос.
Мысалы, «Қызылды-жасылды керуен, жүзіктің көзінен өткендей сүлік сәйгүліктер, бес қарулы беліндегі сәнді саптар бұның баяғы бір шарасына толып шалқып жүрген дәурендерін еске түсіргендей». (Әбіш Кекілбаев. «Аңыздың ақыры»)
Дымы құрыды – а) діңкеледі, шаршады, ә) лажы қалмады, не істерін білмеді. Мысалы, «Түнгі жол ұзарып көріне ме, әлде тым ақырын келе ме, әудемжердегі «Сайтан көпірге» жете алмай дымы құрыды». (Оралхан Бөкеев. «Біздің жақта қыс ұзақ» повесть)
Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы
Сурет: ekoooo.com