Соңғы сөзін орынды қолданып жүрсіз бе?

"Соңғы жаңалықтар..."

"Сізді соңғы рет қашан көрдім?"

"Соңғы уақытта қандай кітап оқыдыңыз?"

Қазақта мұндай сөз жоқ.

Кейінгі, соңғы, бертінгі, ақырғы, ақтық ұғымдары – бір-біріне  синоним сөздер. Алайда әрқайсының өзінің қолданылатын жері бар.

Ең соңғы ауыр қоштасудың сәтінде Жыламаймын,
Айнам, сен де жылама (М.Шаханов, Ғасырлар). – Одан кейін қоштаспайды, бітті, осы соңғы қоштасу.

Соңғы үмітін аялап отыр әні, отыр шал... (Т. Молдағалиев, Шақырады). – Одан басқа үміті жоқ, соңғы үміті сол.

Қасық қаның қалғанша, соңғы демің біткенше... (Ғ.Мүсірепов) – Соңғы демі бітеді, одан кейін тыныс алмайды.

Кітаптың соңғы беті – Соңғы бетінен кейін бітеді, ары қарай кітап жазылмайды.

Егер:

"Соңғы жаңалықтар" десек, одан кейін сол БАҚ еш жаңалық шығармай, жабылып қалуы керек.

"Соңғы рет көрді" деп қайтыс болған адамға қатысты, оны енді көрмейтін болсақ қана осылай айтамыз.

"Соңғы оқыған кітап" десек, одан кейін кітап бетін ашпай кетуі керек.

"Кейінгі" сөзін көбіміз мүлде қолданбаймыз, иә? Неге?

"В последнее время" дегенді "кейінгі кезде" демей, "соңғы уақытта" деп қазақшаға сөзбе-сөз аудардық та, құлағымызға әбден сіңісті боп кетті.

Бұл сөзді көбіне "кейінгі" деп алғанымыз дұрыс.