Шынайы оқиға: Көрісу күнінің қуанышы

Шынайы оқиға: Көрісу күнінің қуанышы

- Апа, сәлембердік, бір жасыңызбен!

- Ә, аманбысың, шырағым, бұ қайсың?

-Жиенбектің баласы Айдармын ғой, апа. Көрісіп шығайын деп келгем.

Жиенбек пен бұл үйдің ортасына өткен жылы өсек жүгіріп өткен соң, араларына сызат түсіп, қазан-ошағы араласқан екі үйдің қатынасы сол әңгімеден соң сап тыйылған. Екі үй бір-бірін мүлде танымайтын кісідей ат құйрығын шорт кесіскен. Дегенмен, Айкүміс Жиенбектің жолы кіші болған соң, келіп кешірім сұрайтынынан үміт ететін. Көрісуді күн санап күткенінің себебі де, бауыры болмаса да, бауырындай боп кеткен Жиенбектен бір хабар келетінін сезгендей болатын. Жиенбектің қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқытпай отырған жалғыз ұлы кіріп, көрісіп отырғанын жақсылыққа жорыған Айкүміс қалбалақтады да қалды.

-Өркенің өссін, балам, айналып кетейін, мә, ал мына бауырсақты толтырып ал.

Ержетіп, қызға қырындай бастаған бозбала қызарыңқырап:

-Апа, рақмет, керегі жоқ. Бұларды қалай ұстап жүремін, апа-ау? –деді.

-Өй, жігітім...

Айкүміс іштей «Бұлар да жігіт болған соң, біздің дәурен...»деді де, суланған көзін жаулығының ұшымен сүртіп жіберіп:

-Әлгі әке-шешеңдер...-дей беріп еді,

-Апа, қазір папа да, мама да кіріп, көрісіп шығамыз деген! –деді көкейіндегісін көзінен ұққан Айдар.

-Е, шырағым, айналайын...

Кәрі кемпір кемсеңдеп қалды. Бұл Көрісу таңындағы қуаныштың көз жасы еді...

сурет: nash-sad.net

 

Р. Роза