ХІХ ғасырдың екінші жартысында түркі тілдерін зерттеу орыс ғалымдары мен өзге ұлт өкілдерінің де ғылыми-зерттеу нысанына айналды. Оның ішінде қазақ тіліне көбірек көңіл бөлінді. Себебі, біріншіден, қазақ тілі туыстас түріктес елдермен салыстырғанда сөзге шешендіктерімен ерекше көзге түссе, екіншіден, Ресей үшін Жайықтан Ертіске дейінгі кеңістікте тұрған оның көршілері – қазақтармен қарым-қатынас жасау бәрінен де маңызды болды.
Қазақ тілі түркі тілдерінің ішінде ең шұрайлысы екенін алғаш байқаған да аты әлемге әйгілі шығыстанушы ғалымдар болды. Олардың қай-қайсысын алсаңыз да, тіліміз туралы тек оң пікір білдірген. Олай болса оқи отырыңыздар.
А.М.Янушкевич (1803-1857)
«Қазақтардың ақыл-ой қабілетінің зорлығына барған сайын менің көзім жетуде. Қандай әсем сөйлейді. Кез келгені айтайын дегенін тез түсіндіре, қарсыласының сөзіне шебер тойтарыс бере біледі. Тіпті, балаларының ақыл-есі де өте тез жетіледі»
Н.И.Ильминский (1822-1891)
«Ертедегі түркілер тұрмысының көптеген іздерін өзінде сақтап қалған қазақ тілін мен ерекше ұнаттым. Қазақ даласы менің халық тіліне деген сүйіспеншілігімді берік қалыптастырды, оған мен тілдік зерттеу үшін нағыз таптырмайтын құжат ретінде қарай бастадым»
В.В. Радлов (1837-1918)
«Қазақтардың тілі жатық та шешен, әрі өткір, көбіне іліп-қағып сұрақпен жауап беруге келгенде таңқалдырарлықтай оралымды сөйлейді. Кез келгені, тіпті сауатсыздарының өзі біздің Еуропада байқап жүргеніміздей, француздар мен орыстардың дәрежесінде сөйлей біледі»
П.М.Мелиоранский (1868-1906)
«Қазақ тілін зерттеушілердің барлығы да бұл тілді бір ауыздан ең бай, ең таза түркі тілдерінің бірі деп таниды»
А.И. Кононов (1906-1986)
«Қазақ тілінің грамматикасы бір сиқырға толы. Онда түркі тілінің бар мәселелері қамтылған, және оның алдағы дамуы мен шешімін табу да қазақ тілінен табылады»
И. Бенцинг (1913-2001)
«Ғылыми, әдеби, тілдік және тарихи тұрғыдан қарағанда қазақ тілі түркі тілдерінің ішіндегі ең әсем, өте бай тілдің бірі»
С.Е. Малов (1880-1957)
«Қазақ тілі өзінің бейнелілігі, суреттілігі жағынан басқа түрік, немесе түркі тілдерінен әрдайым бөлекшеленіп тұрады. Қазақ өзінің ауызекі көркем тілімен, айшықты әсем фольклорымен бұрын да, қазір де даңқы шығып жүрген халық»
А. Саади (1889-1956)
«Қазіргі ең таза, ең бай, ең табиғи және бұзылмай, бұрынғы қалпында сақталып қалған бір тіл болса, ол қазақ тілі және қазақ әдебиеті, шын ғылым үшін біз мұны ашық айтуымыз керек»