Шпаргалкасыз студент – студент емес. Тіпті беске оқитындардың өзі емтихан кезінде өмірлерінде бір рет болсын оның көмегіне жүгінген шығар.
Тарихшылардың айтуынша, шпаргалканың оқу барысында жеке бақылау көрсеткішін жақсарту тәсілі ретінде қолданылғанына 500 жылдан астам уақыт өтіпті. Алайда, жалпы техникалық прогреске қарамастан, дұрыс шпаргалка жасау ережелері айтарлықтай өзгеріске ұшырамаған.
Шпаргалканы кім ойлап тапқаны маңызды емес. Кім болса да, оны өз күшіне сене алмаған біреу деп айтудың қажеті шамалы. Себебі, шпаргалка дайындау – әдеттен тыс қабілет пен аса жоғары зейін салуды қажет ететін өнер. Ал оны қолдану алу басқа бір өнер. Керекті кезде көшіру әркімнің қолынан келе бермейтіндігімен келісетін шығарсыздар. Бұл оқытушы көріп қояр деген қорқыныштан, сенімсіздіктен немесе ондайға икемі болмауынан туындайтын шығар.
Қандай да бір шпаргалканы дайындау үшін студент барлық ақпаратты құрылымдап, қайталанған және аса маңызды емес жерлерді алып тастап, оларды логикалық реттілікте қоюы қажет. Осылайша, шпаргалка жасау кезінде материал тек қайталанып қана қоймай, сонымен қатар, талданып, жүйелендіріледі. Бір айта кетерлігі, студенттің өзі жасаған шпаргалка ғана пайдалы.
Айта кететін тағы бір жайт, шпаргалка қолдану – материалды білмеу дегенді білдірмейді. Неге десеңіз, жақсы шпаргалка жазуда талдау мен контент таңдауға біраз уақыт жұмсалады. Осының өзін емтиханға деген айтарлықтай дайындық деп қабылдауға болады. Тіпті өз студенттеріне шпаргалка дайындауға кеңес беріп, бірақ, тестілеу күні ол жайлы ұмытуды сұрайтын оқытушылар да бар емес пе? Сіз «емтиханда шпаргалканы қолдану-қолданбау екіталай, оған қоса уайымдайсың, одан да барлық материалды жаттап ала салған оңай емес пе?» дерсіз. Келісемін. Бірақ, әдетте оқиға қалай болады? Сіз емтиханға келесіз, қалаған билетіңізді аласыз, орныңызға отырасыз, сұрақтарды оқып, жазуға көшейін деп жатсаңыз бәрін ұмытып қалыпсыз. Ал сіз кеше ғана алдыңыздағы билетті оқыған едіңіз, бірақ, уайым мен «Емтиханнан құлап қалсам ше?!» деген сияқты ойлардың кесірінен барлығын ұмыттыңыз. Осындай жағдайда оқығандарыңызды еске түсіру қиын екені сөзсіз. Шпаргалканың сол қалтадағы екендігін білудің өзі жанға жылу сыйлайды. Мерейіңіз үстем болып, ешқандай уайымсыз емтихан сұрақтарына зейін қоясыз. Сол себепті, шпаргалканы мүлдем қолданбасаңыз да, неге оны дайындау үшін қосымша еңбектенбеске?
Дайындаған: Ерғали Елдос
Сурет: vse35.ru, how.qip.ru