Соңғы кезде біз әлемдік «мұхит қожайындары» киттердің арасында орын алып жатқан суицидті көптеп кездестіріп жатамыз. Осындай жағдайлардың бірі осы аптаның басында болды. Бірақ бұл жолы олар әдеттегідей өздерін жағаға лақтырып емес, керісінше жағалауға адамдарды акулалардан қорғау үшін қойылған жасанды кедергіге түсіп қалды.
Ауға түскен екі киттің бірін құтқаруға мамандар дер кезінде көмекке келе алмай, жануар сол жерде жан тапсырды. Тек екінші ересек кит қана құтқарушылардың арқасында мұхитқа қайта босатылды.
Алайда бұл киттердің қатысуымен орын алып отырған бірінші оқиға емес. Осыған байланысты біз сіздерге осы күнге дейін алып жануарлар арасында болған кейбір ірі апаттарға шолу жасай кетейік.
1999 жылы Мексиканың оңтүстік-шығыс жағалауына сексеннен аса кит шығып қалып, құтқару операциясы кезінде олардың тек бірнешеуі ғана аман қалды. 2002 жылы Кейп-Код (АҚШ) түбегінің жағасында 55 кит өз-өзіне «қол жұмсаған». Американдық құтқарушылардың арқасында олардың 46-сы мұхит айдынына қайта жіберілді. Мамандарға жергілікті тұрғындар да көмек қолын созып, тұрақты түрде киттерге су шашып, дене температурасын бірқалыпты ұстап тұрды. Ал мұхит суы қайтадан көбейе бастаған кезде, олар бар күштерін салып жануарларды теңізге шығарып салған. 2004 жылы Канар архипелагы маңында 15 кит жағалауға шығып қалып, өкінішке орай, адамдар олардың тек төртеуін ғана құтқара алды. 2005 жылдың маусым айында Аустралияның жағалауларына бірден 160 кит шығып қалды. Дегенмен табиғатты қорғау қызметкерлері мен еріктілердің арқасында бірде-бір жануар өлген жоқ. 2005 жылы қазан айында Тасмания аралының елсіз жағалауында 70 кит суицидтен қаза тапты. Жағалау инспекциясы олардың барлығын да жансыз күйде тапқан. 2007 жылдың наурыз айында Галапагосс аралдарының жағалауына 12 кит шығып қалып, құтқарушылар олардың тек бесеуінің ғана өмірін сақтап қала алды.Алайда бұл киттердің өлімі туралы кейбір оқиғалар ғана. Көп жағдайда олар адам баласы тұрмайтын аралдардың жағалауына да шығып қалып жатады. Сондықтан олардың жыл сайын нешеуі қазан табатындығы жөнінде нақты ақпарат жоқ.
Ал ғалымдардың басын қатырған басты сұрақ: Неге киттер суицидке барады? Экологтар дабыл қағып жатса, ғалымдар аталған сұраққа жауап таба алмай қиналады, ал киттер арасындағы суицид жыл өткен сайын үдей түсуде.
Дегенмен бүгінде ғалымдар теңіз жануарларының өз-өзіне қол жұмсауына бірнеше себеп бар деп отыр.
Сонымен, неліктен киттер жағаға шығып қалып жатады. Себептері:
1. Климаттық өзгерістер. Бұл жорамал бойынша, киттердің өлімі мұхиттық ағыстардың өзгеруіне тікелей байланысты. Басқаша айтқанда, киттер Антарктикадан ағып келген салқын судың кесірінен көз жұмады. Ал олар таяз суға жылыну үшін жүзіп барып, нәтижесінде кейін қарай қайта алмай қалады.
2. Әлемдік мұхиттың ластануы. Бұл нұсқаның жақтаушылары өліп қалған жануарлардың ағза мүшелерінде мұнай өнімдері мен тіпті полиэтиленнің қалдықтары табылғандығын айтады. Ал бұл пікірмен келіспейтіндер киттердің тыныс алу мүшелері таза және олардың денесінде улы нәрселердің жоқтығын айтып, өз дәлелдерін келтіреді. Сондай-ақ олар шығып қалған жағалауда радиацияның деңгейі де қалыпты жағдайда болғандығын айтады.
3. Әртүрлі аурулар. Киттер де биологиялық ағзадан тұратындықтан ауруға шалдығатыны белгілі. Ғалымдар киттердің суицидіне олардың маңызды мүшелерін жеген паразиттер себеп болуы мүмкін деген болжам білдіреді. Егер бұл ауру тек оның үйірінің басшысына тап болса да, ол бүкіл қарамағындағы киттерді өзінің артынан ертіп, нәтижесінде жағаға шығып, өлім құшуы мүмкін деген де гипотеза бар.
4. Араша түсу. Киттер әрдайым өз үйіріне қамқор болып жүреді. Егер олардың біреуі қателесіп таяз суға түсіп кетсе, қалғандары оған бірден көмектесуге ұмтылады. Соның салдарынан олардың барлығы да қаза табуы ықтимал.
5. Киттер санының күрт артуы. Жапон ғалымдары мынадай нұсқаны ұсынып отыр: киттердің саны қалыпты жағдайдан артып кеткен кезде, олар өздеріне «қол жұмсайды». Осының нәтижесінде олардың саны табиғи қалыпта болады. Алайда көптеген экологтар бұл болжамға түбегейлі қарсы шығып отыр. Олардың ойынша, бұл болжамның салдары киттерді аулауға тыйым салатын заңның күшін жоюға әкелуі мүмкін.
6. Компастың істен шығуы. Биологтардың айтуынша, киттердің миында оларға мұхитта адаспай жол табуға көмектесетін магнитті компас бар. Соның арқасында теңіз жануарлары Жердің магниттік өрісін дәл анықтап, әлемдік су айдынында еш кедергісіз жүзіп жүреді. Егер киттердің алдында геомагниттік кедергі пайда болса, олардың ішкі компастары істен шығып, олар өздері белгілеген маршруттан жаңылысып, басқа жаққа бет алады. Бұл болжамды шындыққа жақындастыра түсетін тағы бір жәйт – құтқарылған киттердің көбісі өздерін қайтадан жағалауға лақтырып жатады.
7. Шу (әртүрлі кедергі келтіретін дыбыстар). Жоғарыда айтылған мүмкін себептердің ішіндегі ең танымалысы да осы. Ғалымдар киттер мен дельфиндердің түбіне сүңгуір қайықтардың (субмарина) гуілі жетеді деп ойлайды. Қатты шуыл әсерінен киттер есту қабілетінен айырылып, өздерін жағаға лақтырады. Өліктердің денелерін зерттеу барысында да олар кессонды аурулардан көз жұмғандығы айтылады. Бұл сыртқы қысымның аяқ астынан төмендеп кетуінен пайда болатын ауру. Кессонды ауру көбінесе дайверлерде, пилоттарда және де кессонда (су астындағы каммераларда) жұмыс жасайтын жұмысшыларда анықталып жатады.
Жоғарыда ғалымдардың келтірген болжамдарының қай-қайсысы болса да ойлануға тұрарлық мәселелер. Экологтар теңіз жануаралары нашар экология мен антропогендік факторлар кесірінен зардап шегіп жатқандығын айтып, БҰҰ-дан киттерді қорғау шараларын күшейтуді талап етуде. Бірақ, біз мына бір қызықты тарихи деректі де айта кетейік. Киттердің қатысуымен болып жатқан бұл биологиялық апат тек біздің заманымызға тиесілі емес екен. Олай дейтініміз, ежелгі Грекия жазбаларының арасынан да киттердің жаппай қырылу фактілері табылған.
Не десек те, киттердің өлімі әлі күнге дейін үлкен жұмбақ саналып отыр. Дегенмен ғалымдар да қол қусырып отырған жоқ. Соңғы кезде осы мәселеге байланысты зерттеу жұмыстары үдей түсуде. Мүмкін біз жақын болашақта бұл сұрақтың жауабын да алып қалармыз: «Неліктен киттер суицидке барады?»
Дайындаған: Болат Қосмағамбет
Сурет: lenta.ru