Серік Негимовтың шешендік өнер жайлы айтқан ой орамдары

Сөз өнерін зерттеуші ғалым Серік Негимов шешендік қасиеттің адам бойына калыптасуы жөнінде талай пікірлер білдірген. Бұл туралы филология ғылымдарының докторы, профессор «Шешендік өнер» кітабында кеңінен толғайды.

***

Шешен қырағы, байқампаз болса, аудиторияның шын-шырғасын шығармай уысында ұстайды. Егер де шешен сөзі аудиторияға ғаламат әсер ететін болса, онда тыңдаушылардың көздері от шашып, жүздері гүл-гүл жайнап, ықыластанып, жұмсақ жымиып, бастарын изеп, қоштағандай, қолдағандай ым-ишараттар жасайды. Ыстық ықыласын, ізет-ниетін дауыстап та білдіреді. Сөйтіп, шешен мен аудиторияның құлшынысы бірдей оянып, оттай маздап, бір-бірін жетелеп, қоян-қолтық араласып, туысып кетеді.

***

Әр күн сайын тілді дамытып, байытып отыруға, әңгімелесу үстінде естіген соны сөздерді жазып, көңілге тоқуға машықтану дұрыс. Шешеннің сөзі күн сәулесі айнаға қалай түсіп жарқырайтыны секілді, сондай дәл, ап-анық болғаны жөн.

***

Ойша әзірлену, іштей, дауыстап жүйе-жүйесін тауып сөйлеу - әрі тиімді, әрі өтімді, әрі логикаға қисынды, әрі көздеген мақсатқа жеткізеді, әрі шешенді құдіретті тұлға деңгейіне көтеріп асқақтатады.

***

Ойды ойдағыдай жеткізу үшін оралымды, икемді тіл қажет. Нағыз шешен қапияда ой тауып немесе ойлап, ойша сөйлеп, лайықты тапқыр тілмен өрнектеп жеткізеді.

***

Үздік туған шешеннің ең негізгі құралы – сөз. Сөзін тыңдаушының жүрегін толқытып, бойын балқытып, көңіліне ұялатудың өзі асқан өнерпаздықты, дарын-қабілетті қалайды.

***

Шынайы көркем сөз шешеннің рухани дүниесі мен сыртқы келбетінің гармониялық келісімінен туады. Сөз сөйлеушінің ақылы мен жүрегінде болатын белгілі бір ойлар, сезімдер шешеннің сыртқы тұлғасынан айна-қатесіз аңғарылады (бет-жүз құбылыстары, қимыл- әрекеттері арқылы).

***

Ым-ишарат және дене қимылдарынан басқа экспрессивтік қимыл-қозғалыстар бар. Мұны шешеннің өзі аңғармағанымен ау- дитория жіті сезінеді. Мәселен, өлшеусіз жоғары, өтімді немесе дірілі бар дауыс сөйлеушінің мазасыз күйге түскенін көрсетеді. Сөйлеу жылдамдығы мен ырғағының өзгеруі, психологиялық және логикалық паузалардың дұрыс жүйеленбеуі, дыбыстардың анық естілмеуі, сөздің күңгірттенуі – оның көңіл-күйінің дегбірсіздікке ұшырағанын байқатады.

***

Дауыстың жоғарылылығы яки биіктігі, ұзақтығы, бояуы неме- се тембрі, күші тәрізді қасиеттері болады. Осынау қасиет-белгілерді құбылтып қолдану – шешеннің өнерпаздық дарынына, тәжірибесіне, көркемдік танымына, көңіл-күйіне, табиғи-рухани болмысына байланысты.

***

Шешен адамзат пен ғаламзат дүниесінің белгісіз сырла- рын қырағы байқап, тереңнен толғап, саңқылдаған, сұлу, мәнерлі дауысымен, мағыналы, парасатты толғамдарымен, түйдек- түйдек ойларымен, бет-жүзінің, сөз ырғағының еркіне бағынған қимыл-қозғалыстарымен, біліктілік-білімімен, көшелі, көреген қасиеттерімен толқынды топты өзіне қаратып, құлақ құрышын қандырады, жаныңды, рухыңды дүр сілкіндіріп тазартады.

***

Шешендіктің өзі ойшылдықпен, даналықпен, көшелілікпен, үнді, сазды сөйлеумен сабақтас, тамырлас құбылыс.

***

Шешендік біліктілік пен білімнен, қуатты түйсік пен терең сезімнен, санадағы саңлақтық пен ұшқыр қиялдан, тер төгу мен ой тербелісінен туады.

***

Тұтқиылдан тапқырлық таныту, өрнегі әсем өнегелі-ғибратты сөз айту – шешен талантының бір қыры.

***

Шешен сөздің артықшылығы – шешеннің өзіндік қасиеттерін әрі аудиторияны қалай бағындырып билеу шеберлігін әрі толық, әрі жан-жақты айқындап беруі.

***

Шынайы шешен-жарқын тұлға. Оның ойлау, сөйлеу мәнері, кескін келбеті, рухы, тәжірибесі, ішкі мәдениеті, білім өресі, дүниетанымы, талант табиғаты, жан мен тән қуаты, мінбедегі тәртібі, ым-ишараттары, дауыс ырғағы қызықтырмай қоймайды.

***

Шешен тыңдаушылардың рухани дүниесін байытушы, өмірдегі, қоғамдағы алуан түрлі құбылыстарды байыбына жетіп, талдап түсіндіруші, белгілі бір ой-пікірлерді, халықтық мәселелерді жеткізуші, жан сала насихаттайтын үгітші. Бұл орайда ол - әлеуметтік- саяси тұлға.

***

Оқығанды көкірекке тоқу оқырманның қабілет-қарымына, зейін-зердесіне тәуелді, ал ауызша яки шешен сөзді ұғып қабылдау сөйлеушінің әсерлі, мәнерлі, ойнақы-ойнатып жеткізу қабілетіне байланысты.

***

Шешеннің дауысы – аса бір өзара үйлесімді дыбыстарға, нәзік иірімдерге, небір тербелістерге, сан алуан қызық күйлерге ие полифониялық сипаты айрықша, күрделі құбылыс.

***

Ыммен, ишаратпен сөйлеу - өте-мөте өзіндік құбылыс. Ол шешеннің ой-сезім толқындарымен етене.