- Негізгі бет
- Гуманитарлық ғылымдар
- Салт-дәстүрің – баға...
Салт-дәстүрің – баға жетпес қазынаң
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті филология және әлем тілдері факультетінің шетел филологиясы және аударма ісі кафедрасының оқытушылары Магүлсім Жаңабекова, Роза Таева, Шолпан Макатаева, Адилия Алимбаевалардың жетекшілігімен халқымыздың салт-дәстүрлері мен асыл қазыналарын, рухани мұраларын студенттердің ой-санасына сіңіру мақсатында «Айналаңды нұрландыр» жобасы аясында 24 сәуір – Жастар ынтымақтастығының халықаралық күні құрметіне арналған ағылшын тілінде «Қазақ халқының салт-дәстүрлері – Customs and Traditions of Kazakh people» атты тамаша ашық мерекелік шара болып өтті.
Мереке құрметіне орай, «Шетел филологиясы» және «Аударма ісі» мамандықтарының 2-3-курс студенттері халқымыздың ғасырлар бойы тәлім-тәрбие, үлге-өнеге ретінде ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, халықпен етене жасасып келе жатқан салт-дәстүрлері: «бізде ұл, сізде қыз бар демекші», «біз шаншар - biz shanshar» құдалық салтынан бастап, мұсылман халықтарында ерекше маңызға ие «бесікке салу» дәстүрі мен ислам дінінде үлкен мәңге ие «сүндетке отырғызу» ғұрпы жайлы ағылшын тілінде тартымды, танымдық көрініс қойды. Қойылымды ағылшын тілін өте жақсы меңгерген 3 курс студенті Лянова Тоғжан жүргізді.
Бірнеше бөлімнен тұратын бағдарламаның шымылдығы Жамбыл аулының жігіті рөлін сомдаған Ермұрат Ельчибаевтің Абай ауылының қыздарын көруге ұрын баруынан басталды. Сондықтан бұл кезең «ұрын бару-visiting secretly» деп аталды.
Алғашқы көрініс қыздардың ішінен бір сұлуды, яғни сұлудың рөліндегі Жарылқасын Айжанды бір қарағаннан ұнатып қалғанын, жігіттің «бір көргеннен ғашық болу – love at first sight» көңілін бейнеледі. Жігіттің ата-анасын сомдағандар Умирова Замира мен Мырзабекова Гүлден «біз шаншар-biz shanshar» салтын орындау барысында қандай мақсатпен келгендерін айтпай, амандық-саулық сұрасып, танысып-білісіп, дәм татып болған соң, білдірмей қайрақ ауыстырып, жігіттің жеңгесі рөліндегі Сайлау Әсем байқатпай пердеге біз шаншып кеткен сәттегі көрініс – бір жағынан, келген қонақты құрметпен қарсы алатын халқымыздың ерекше қымбат дәстүрі – қонақжайлықты көрсетсе, екінші жағынан, қонақтар аттанып кеткеннен кейін ауысқан қайрақ пен шаншулы біздің табылуы кең байтақ даламыздың кейбір өңірлерінде әлі де орындалатын қызықты салт-дәстүрлеріміздің бірі екенін паш етті. Әсіресе, үш ай өткен соң да өз қайрағын сұрап келмеген қыздың әжесі Өскенбаева Аида, ата-анасының рөлін ойнаған испандық Гектор мен Бигельдиева Нышанкүл және жеңгесі Аулетова Адинаның үнсіздік танытуы Жамбыл ауылын қуанышқа бөледі, сондықтан олардың құда болуға деген риясыз көңілдерінде шек болмады. Оның үстіне, көріністің одан әрі дамуына ұйытқы болып, сұхбат алып жүрген шетелден келген тілшінің қазақ халқының салт-дәстүрін зерттеу мақсатында ел аралап жүріп, балалары ержетіп, қыздары бойжеткен ауылдарға тап болып, ұлттық салт-дәстүр туралы ақпарат жинауы, рухани байлығымыздың қазынасын аша түскендей болды. «Салт-дәстүрін ел бұзбас, уәде-сертін ер бұзбас» дегендей, Жамбыл ауылының жігіті ата-анасымен құдалықтың барлық жөн-жоралғыларын жасап, «Kuz bery – Seeing off a girl» қыз ұзату дәстүріне де куә болып, ауылдан ұзардың алдында жігіт жағы мен қыз жағының жарыса айтқан «Zhar – zhar aitys» (жар-жар айтысы), жігіттің қызды алып ауылына аттанып бара жатқан көрінісі, сондай-ақ келін түсіру дәстүрін дәріптейтін, ұрпақ санасына ұлттық сезімді ұялататын, келін түскен соң домбырамен ағылшын тілінде жырланған «Bet ashar» (Беташар) өлеңі кеш мазмұнын одан әрі нәрлендіре түсті.
Келін түсіру тойына қатысып жүрген шетелдік тілші болып ойнаған Талшын Бағланованың «келін міндеті» туралы сұрақ қоюы мен жас келіннің ағылшын тіліндегі жауабы тыңдарман жастарға үлкен тәлім-тәрбие болды. Кезең-кезеңмен орындалған бағдарлама барысында «азан шақырып ат қою», «шілдехана», аяғын енді басып жүре бастаған сәбиді адал болсын деген ниетпен орындалатын «тұсау кесу – tusau kesu» рәсімдері тақырып аясын кеңейтіп, құнды дәстүрлер жалғастығының ұмытылмауына септігін тигізеді деген үміт көңілімізге ұялағандай болды. Ғалым В.В. Радловтың «Қазақтар – әдет-ғұрып, салт-сана, тіл жағынан біртұтас ұлт» деп айқан сөздері студенттер көрсеткен әрбір қойылымда бір сәт жаңғырып тұрғандай әсер қалдырды. «Ата мұраң – асыл қазынаң» әлем тілінде сөйледі деген осы дегендей, тыңдарман қауым үлкен әсермен кафедра студенттері мен ұйымдастырушы оқытушыларға өз ризашылықтарын білдірді.
Кеш соңында Тұрар Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетіне Испаниядан келіп орыс тілінде оқып жатқан Гектор бағдарлама барысында құда ретінде қыздың әкесінің рөлін сомдағаны үшін үлкен ықыласқа бөленді. Сонымен қатар, Америкадан келген Клариса да студенттерге өз ризашылығын білдіріп, қазақ халқының керемет салт-дәстүр әлеміне саяхат жасағанын, көп ақпарат алғанын айтты. Әлем студенттерінің де біздің шараға қызығушылық танытып, рөлге қатысып ойнауы – бізді: оқытушылар қауымын үлкен қуанышқа бөледі.
PS. Үйлену салты – келесі маңызды өмірге қадам басудың ең бірінші табалдырығы. Жауапкершілігі мол осынау құнды рәсімді бір ғана сахналық көрініс аясына сыйдырып, қысқа уақытта көрерменге ұсыну арқылы бүгінгі уақыт қыспағындағы қоғамға салт-дәстүрді насихаттаудың жақсы бір үлгісі екеніне көзіміз жетті.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Шетел филологиясы және
аударма ісі кафедрасының оқытушылары
Жаңабекова М.А., Қарағойшиева Д.А.