- Негізгі бет
- Гуманитарлық ғылымдар
- Рубик ойыншығының пайда...
Рубик ойыншығының пайда болуы
Егер адам өзінің ой өрісін, ойлау деңгейін, таным көкжиегін кеңейткісі келсе, онда миға үнемі жаттығу жасауы керек. Ол жаттығудың қатып қалған қағидалары немесе белгілі бір уақытта орындау керек деген ережелері де жоқ. Кептелісте тұрған уақытты, күту залында өткізетін кезді немесе тағы сондай жоспарыңыздан бөлек, артық қалған уақытты ұтымды пайдаланған жөн.
Ұялы телефонды тек хабарласу, суретке түсу, уатсап немесе инстаграмды ақтару үшін қолдану қолыңыздағы гаджеттің мүмкіндік аясын тарылтып тұр. Демек, смартфон – барлық саланың құпиясын ашып, білмейтініңізді тәлпіштеп түсіндіріп беретін сіздің қолыңыздағы алтын кілт. Сондықтан қолда бар алтынның қадірін білу керек.
Ақпараттық технологияның өріс алған заманында біздер супермаркетке қарағанда “Play market”-ке, рамсторға қарағанда «App store”-ға жиі кіреміз. Дүкенге барғандай, керегімізді іздеп, қалағанымызды аламыз. Ақшаны үнемдегендей, мегабайтты да, телефондағы жадты да ескеріп, дүкеннен тек керек дүниеңізді алыңыз. Мидың жұмысын ілгерілетіп, есте сақтау қабілетін жақсартатын қосымшалар, ойжұмбақ ойындары, бас қатырғыш бағдарламаларды қолыңыз қалт ете қалғанда ойнап, тапсырмаларындағы жұмбақты шешіп көріңіз. Бұл пойыз жолда ит жетектеген инспектордан қашып, темір жолда скейтбордпен сырғанайтын баланың ойынынан бірнеше есе пайдалы және шынайы.
Бүгінгі күнде жоғарыда айтқан жанрдағы тізімнің алдыңғы қатарында тұрған мына ойындар: Шахмат, дойбы, 2048, ақылдылар айқасы, миллион кімге бұйырады, математика патшасы, судоку және Эрне Рубик есімді инженер-құрылысшының ойлап тапқан кубигі (текше пішінді құрал).
Кубик Рубиктің шығу тарихына көз жүгіртсек, бұл құрал ең алғаш рет 1974 жылдың мамыр айында жарық көрді. Будапештік Эрне Рубиктің бұл жаңалығы қаладан асып, елге тарап, осылайша 1975 жылы алғаш рет ойыншық дүкендерінде сатыла бастады. Бұл жылдары «сиқырлы кубик» деп аталған құрал уақыт өте әлемге тарап, оған деген сұраныс арта берді. Оның құрылымы мен орналастырылу ретіндегі аса шеберлікпен жасалған еңбекті мойындаған бірқатар әлемнің зерттеушілері ойыншықты құрастырушының атымен атауды ұсынды. Осылайша, «сиқырлы кубик» 1980 жылдан бастап автордың құрметіне орай «кубик Рубик» деген атауға ие болды. Рубиктің кубигі 1980, 1981 жылдың ең үздік ойыншығы атанды. Әлемнің қай бұрышында да танымалдылыққа ие болған қызылды-жасылды түске ие ойыншықтың осы уақыта дейін шамамен 350 миллион данасы сатылды.
Дайындаған: Аслан Қажиев
А. Оралқызы