Рақмет пе, рахмет пе?

Қазақ тілінің қазіргі жай-күйі жөнінде әлі күнге көптеген мәселе қозға­лып келеді. Себебі ана тіліміздің өзге тілмен араласып кетуі біршама қиындықтар тудырып жүр. Шұбарланған тіл арқы­лы қайсысы қазақ тілі, қайсы өзге тіл екенін де ажырата алмай келе­міз. Қазақ халқы тәуелсіздігімізді алғанға дейін біраз қиындықты бастан кешті. Бірнеше баспалдақтан, бір­неше елдің зобалаңынан құтыламын дегенше, сол елдің тілдері де қазақ тіліне араласып, дүбара сөздердің молайып кеткенін жасыра алаймыз.

Сондықтан да тілдік қолданысымызда мағынасы түсініксіз сөз көп­теп кездеседі. Өйт­кені онда Ресейдің басқыншылығы кезін­де қалып қойған орыс тілінің әріп­терімен қатар аудару­ға келмейтін сөз­дері өріп жүр. Ел арасына діннің келуі­мен қатар араб тілі де араласып, көп сөзіміз араб тілінің еншісінде. Қазір тіл білімін зерттеушілер қазақ тілін өзге тілдермен салыстыра отырып, кірме сөздерді орфо­графиялық, фразеологиялық сөздік­терден алып тастап­ жатыр. Әр сөзді жіктеп, електен өткізу арқылы бізге қажетті сөздерді ғана «Қазақ тілінің энциклопедиясына» енгіз­ген болатын. Қазақ тіл білімін­дегі жаңалықтардан ел әлі де толық құлағдар емес көрінеді.

Тілдің тазалығы, құнарлығы, мәдениеті, өзгерген сөздер мерзімді баспасөз бетінен көрінетіні бұлтартпас шындық. Оқырмандардың күнбе-күн қолға алып, көз жүгіртетін баспасөз тек жаңалық, хабардың көзі ғана емес, елдің сауатын түзейтін құрал болғандықтан қазіргі тіл біліміндегі өзгеріс­терге қатысты бірер пікір айтпақпыз.

Мұндағы негізгі мәселе, сөздерді құрайтын әріптердің жайы. Біз қолданып жүрген 42 әріптің арасында өзге тілден кіріккен біршама әріптер бар. Осы әріптерді де тіл білі­мінің зерттеушілері әліпбиден алып тастау мәселесін көтеріп, кейбір сөз­дердің құрамындағы кіріккен әріп­тер­ді біртіндеп өзгертіп келеді. Соның бірегейі рахмет, рахым, рахат, халал, харам, хош, хауышып сөздерін­дегі х дыбысы қ әрпіне айналдырылып, рақмет, рақат, рақым, қош, қауышып болып өзгертілді. Ал харам, халал сөздерінің орнына арам, адал сөздері енгізілді. Тек хат, хабар сөздерінен басқасының бәрі қазіргі талап бойынша қ әрпімен қолданылып келеді. Қазіргі ғалымдардың пікіріне келсек, Ахмет Байтұрсынұлының әліпбиінде х дыбысы мүлдем жазыл­маған. Бұл тіл білімінің атасының кіріккен әріптерді қазақ әріп­терімен қатар қолдануға қарсылығы деп тұжырымдаймыз.

Осының ішінде күнделікті өмірде жиі қолданылып жүрген рақмет сөзі әлі күнге рахмет ретінде жазылып жүр. Көбіне ғаламторлық желілерде рақмет деп жазсаң, өзгелер қате деген пікір айтады. Олай деуге еш негіз жоқ. Тіл комитетінің басшылығымен 2007 жылы шыққан «Орфографиялық сөздігінің 331-бетінде бұл сөз «рақмет» деп жазылған. Тіл туралы анықталып, сарапталып жазылған сөзді қолданып, өзгелердің санасына сіңіре беруіміз қажет. Сонымен қатар, Елбасының 2025 жылға жоспарына сәйкес қазақ тілі кирилицадан латын тіліне ауыстырылады. Сол уақытқа дейін кірме әріптер әліпбиімізден біртіндеп жойылады. Осы арқылы ана тіліміз мемлекеттің статуысының бөл­шегіне айналады.

Мақаланың негізгі тақырыбына оралсақ, қазақ тіліміздің жойылып кетпесі үшін ана тілімізге өзге тілден еніп жатқан сөздерді қолдануға құмар болмай, керісінше оны аластатуға ұмтылуымыз қажет. Сонымен бірге, қазақ тіл білімінің энциклопедиялық сөздерін ақтарып, қазақ тіл білімінің зерттеушілерінің жаңалықтарынан хабардар болып отыруымыз керек-ау.

halyk-gazeti.kz