ХІХ ғасырдың 20-жылдары Ресей Орта жүз бен Кіші жүзде хандық билікті жойып, Ресейлік басқару жүйесін енгізгенімен, Ұлы жүз мәселесіне әлі де көңіл бөле қоймаған болатын. Жалпы, ХІХ ғ. 30-жылдарына дейін Ресей империясының “үлкен саясатынан” Орта Азия мәселесі де тыс қалды. Ресей ол тұста негізінен Түркия мен оның иеліктеріне көп көңіл бөлді.
Ағылшын-орыс бақталастығында бұл үрдістердің белсенділігі арта түсті. Ресейдің Таяу Шығыстағы жетістіктері Англия қарсылығының күшеюіне әкелді. 1841 жылы Лондон конвенциясы Ресейдің Таяу Шығыс мәселесіндегі ірі дипломатиялық жеңілісі болды. Орта Азия мен Қазақстан біртіндеп ағылшын-орыс бақталастығының негізгі аймақтарының біріне айналды. Қазақстанның стратегиялық аймақ ретінде Орта Азия хандықтары мен Ресей және Қытай аралығында орналасуын патша
Н.Г.Потанин
әкімшілігі жақсы түсінді. Қазақстандағы өз ұстанымын нығайту үшін түрлі шаралар қарастыра бастады. Ресей Сыртқы Істер министрлігінің Азия департаментінің ұсынысымен ХІХ ғ. 30-жылдары Қоқан хандығына Н.Г.Потанин, Бұхар әмірлігіне П.И.Демезон мен И.В.Виткевич, Е.П.Ковалевский, Хиуаға Г.И.Данилевский бастаған дипломатиялық миссиялар жіберді. Бұл сапарлардың барысында Ресей Хиуа және Бұхарамен орыс-азия сауда мәселелері бойынша бірқатар келісімдерге қол жеткізіп, Орта Азия хандықтарының ішкі жағдайы мен Хиуа хандағының Сырдария бойындағы қазақтарға қатысты саясаты туралы бірқатар мәліметтер алып қайтты. 30-жылдардың аяғы мен 40-жылдардың басында патша үкіметі хиуалықтардың шекаралық аймақтардағы күш көрсету және тонаушылық әрекеттерін тоқтату, хиуалықтардың қолындағы орыс тұтқындарын босату, Хиуаның орыс-қазақ қатынастарына араласуын бейтараптандыру үшін Хиуаға әскери экспедиция ұйымдастыру туралы декларациясын жариялады. Ресейдің мұндай ресми мәлімдеме жасауына Англияның Орта Шығыстағы саяси ықпалын нығайту қаупінің күшеюі себеп болды.
В.А.Перовский
Орыс билігін мойындамаған қазақтарды бағындыруға және Орта Азия хандықтарының шекарасына орыс әскерін жақындату мақсатында Ресей Сырдарияның төменгі ағысының бойына әскери бекіністер сала бастады. 1847 жылы Райым бекінісі, 1848 жылы Қазалы форты салынды. Жаңа бекіністердің салынуы орыс әскерлеріне біртіндеп Сырдарияны бойлап жоғары жылжуға және қоқандықтардың ірі бекіністерінің бірі Ақмешітке жақындауға мүмкіндік берді. 1848-1849 жылдары
А.И.Бутаков
А.И.Бутаковтың басшылығымен келген экспедиция Арал теңізін зерттеп, теңіздің картасын жасады. Арал теңізінде кеме айлағы ашылды. Оның болашақта Орталық Азия және Хорезммен сауда қарым-қатынасында, әскери мәселелерде маңызы зор болды.
12 күндік қоршаудан кейін 1853 жылы 28 маусымда орыс әскерлері Ақмешітті басып алды. Осыдан кейін Сырдарияның төменгі ағысында Сырдария шебі құрылды. Оған Райым бекінісінен Ақмешітке дейінгі аудандар кірді және 1864 жылы Түркістанды алғанға дейін сақталып тұрды. Ресей Қоқан және Хиуа хандықтарына саяси қысым көрсетуге мүмкіндік алды. ХІХ ғасырдың 50-жылдары Орталық Азия мен Оңтүстік Қазақстанның Ресейдің сыртқы саясатындағы маңызы арта түсті. 1854-1856 жж. Қырым соғысында Ресей жеңілуіне байланысты батыстағы рыногынан айырылып, енді оған шығыстан жаңа рынок іздестіру қажет болды. 1858 жылы Орталық Азия аймағындағы Хиуа мен Бұхараға Н.Игнатьев бастаған дипломатиялық елшілік, Шығыс Иранға көпес ретінде Ч.Ч.Ханыков бастаған экспедиция жіберді. Бұл аймақтан алынған материалдар патша үкіметіне Оңтүстік Қазақстан мен Орталық Азия хандықтарындағы әскери қимылдарын ұлғайтпаса, ол аймақта Англияның мүддесінің арта түсетіндігіне толық көзі жетті. Өйткені, Англияның бұл аймаққа қатысты кең көлемде жаулап алу жоспары бар екені дәлелденген болатын. 1860 жылы Қоқанға хандықтың билеушісі Маллабектің сеніміне кіріп, Үндістандағы Англия басшыларымен байланыс орнатуға ағылшын барлаушысы Абзал-Мажит жіберіледі. Біраз уақыттан кейін Қоқан хандығының басты тірек пункттеріне қару-жарақтар жеткізіліп, әскери нұсқаушылар мен қару жасайтын мамандар жіберіле бастады. Қоқан өкіметі өздерінің әскери қамалдары мен форттарын, әскери шептерін күшейтуге кіріседі.
Н.Игнатьев
Англия мен Қоқанның бұл әрекеттері Ресей үкіметі жағынан қарсы шаралар қолдануды талап етті. Ресей бұл аймаққа Орынбор мен Сібір шебінен екі жақтап тереңдей ену үшін дайындала бастады. ХІХ ғасырдың 60-жылдары Қазақстан территориясында Ресейдің әскери бекіністері мен қамалдары, форпостары мен шептерінің саны арта түсті. Ақтау, Ұлытау, Қапал, Сергиополь, Верный, Қастек және т.б. Ресейдің Қазақстандағы әскери тірек пункттері болды. 1856 жылы құрамына 213 мың адамнан тұратын Ұлы жүз қазақтары және 60 мың қырғыз кіретін Алатау округі құрылды. Ресей әскерлерінің оңтүстіктен де солтүстіктен де сәтті жылжуына қоқандықтардың саясатына риза болмаған Әулиеата мен Шымкент төңірегіндегі Ұлы жүз қазақтарының 1857-58 жылдарда көтерілістер жасап, Ресей жағына өтуі де қолғабысын тигізді. Патша үкіметінің ықпалды ру басыларына қатысты алдау-арбау, шен-шекпен беру, жоғары қызметтерге тағайындау сияқты жүргізген саясаты да біршама маңызды рөл атқарды. Мұндай саясат тек қазақтарға қатысты ғана емес, Орталық Азия аймағындағы басқа да халықтарға қатысты жүргізілді.
1860 жылы орыс әскерлерінің қоқандықтарға қарсы белсенді әскери қимылдары басталды. 26 тамызда Тоқмақ, 4 қыркүйекте Пішпек бекіністері алынып, 24 қазанда Ұзынағаш төңірегінде болған шайқаста қоқандықтар жеңіліс тапты. Орыс пен қоқан әскерінің екі жақты қыспағы мен тәлкегіне түскен қазақтардың жағдайы өте ауыр болды. Жергілікті халыққа қатысты екі жақта қатігездігімен ерекшеленді. Күш көрсету, тәлкек жасау мен қатыгездік туралы екі жақтың да әскери басшылары: “ауылдары өртеніп, малдары тартып алынды, оларға берген сабақты ерекше сезілетіндей жасадық” деп жазды. 1861-63 жылдары Ресей үкіметінде Оңтүстік Қазақстан мен Орта Азия хандықтарын мақсатты түрде және тез арада иелену жөнінде пікір-таластар жүрді. Одан кейін Сырдария мен Сібір шебінің аралығына 4 экспедиция жіберілді. Олар бұл аудандарда қоқандықтардың күшті қарсылығын кездестірмеді. Жұмғол мен Құртқа бекіністері шайқассыз берілді, Созақ пен Шолаққорғанда қоқан билігіне қарсы көтерілістер бұрқ ете қалды. 1863 жылы Ресейдің Соғыс министрі Д.А.Милютин ерекше комитетке Орта Азия хандықтарына қатысты белгіленген іс-әрекеттері туралы баяндама жасап, оны мақұлдатып алды. 1864 жылдың басында бір-біріне қарсы тұрған екі жақта әскери қимылдарға дайындала бастады. 1864 жылдың мамыр айында Оңтүстік Қазақстандағы орыс әскерлерінің дайындығы негізінен аяқталды да полковник Н.А.Веревкин бастаған отряд Түркістанға қарай қозғалды. Веревкиннің отрядында 1593 солдат, 44 офицер, 18 зеңбірек және 150 ерікті қазақ болды. Верныйдан бір мезгілде құрамында 2571 солдат, 68 офицер, 22 зеңбірек, және құрамында сұлтан поручик Ш.Уәлиханов басқарған 1400 ерікті қазақтар бар полковник М.Г.Черняевтың отряды да қозғалды. 4 шілдеде Черняевтың отряды Меркі, 6 шілдеде Әулиеата бекінісін шайқассыз алды. Полковник Веревкиннің отряды Түркістан қаласына барар жолда қоқан әскерлерінің шабуылына ұшырады да бекіністі қоршауға мәжбүр болды. 9 маусымда Түркістан орыстардың қолына өтті. Әулиеата мен Түркістанды тез арада алуда әскери операцияларға басшылық жасағандары үшін Черняев пен Веревкиннің әскери шендері жоғарылатылып, генерал-майор атақтарын алды. Жорықтарға қатысқан солдаттар “жоғары құрмет” және түрлі ордендермен марапатталды. Жетістіктеріне көңілдері көтерілген орыс армиясы алдын-ала дайындықсыз 1864 жылдың 22-23 шілдесінде Шымкентті алуға тырысты. Бірақ бұл уақытта қоқандықтар Шымкентке едәуір әскери күштерін тартып үлгеріп, орыс әскеріне қарсы соққы береді. Бекініс-қалаларға жақын орналасқан қазақ ауылдары екіге бөлініп, бірі орыстарға, екіншілері қоқандықтарға қолдау көрсетті.
Қоқан хандығында саяси күштердің қарсылығы күшейіп, хан мен оның төңірегіндегілердің озбырлығына наразылықтар көбейе түсті. Қоқан мен Бұхара арсындағы қайшылықтар шиеленісті. Мұндай қолайлы жағдайды орыс әскерлері де өз мүдделеріне пайдалана білді. Черняевтің алты жарым рота жаяу әскермен бір жарым жүздік казактардан тұратын отряды және Лерхенің төрт рота жаяу әскер, бір казак жүздігі мен мың жарым қазақтан тұратын отряды Шымкент түбінде бірігіп қалаға шабуыл жасап, 1864 жылдың күзінде оны басып алды. Түркістан мен Шымкентті жаулап алғаннан кейін Орынбор мен Сібір шептері жалғастырылды.
1865 жылы маусымда бір апта қарсылықтан кейін орыс әскерлері Ташкентті басып алды. 1866 жылдың жазында патша ІІ Александр Ташкентті Ресейдің құрамына қосу туралы жарлық шығарды. Бір жылдан кейін 1867 жылы құрамына қайта құрылған Жетісу және Сырдария облыстары кіретін, орталығы Ташкент қаласы болған Түркістан генерал-губернаторлығы құрылғандығы туралы заң жарияланды.
Ресейдің жалпы Оңтүстік Қазақстанды әскери жаулауы Ақмешіт, Түркістан, Әулиеата, Шымкент, Ташкент т.б. бекіністердің қорғаушыларына деген ерекше қатыгездікпен жүзеге асырылды. Орыс әскерлері мұсылмандардың қасиетті жерлерін (Қожа Ахмет Яссауи, т.б.) қорлап, оларды қиратты. Ақмешітті 25 күн қатарынан атқылап талқандады, Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне зеңбіректің 12 снаряды атылып, оның 11-і кесененің қабырғаларын ойып кетті. Шымкент қаласын қорғап, қаза тапқандардың саны 3170-ке дейін жетті, Сайрам қаласы жермен-жексен етіліп талқандалды. Шоқан Уәлиханов өзінің діндестері мен руластарына орыс әскерлерінің көрсеткен тағылық әрекеттеріне байланысты одан әрі жорыққа қатысудан бас тартуға мәжбүр болды. Оңтүстік Қазақстан мен Орта Азия тұрғындары қарсылық көрсеткендері үшін қатыгездікпен, аяусыз басып-жанышталды. Ресей болса, бұл әрекеттерін үкіметтің, “өзіне бағынышты территориядағы елдерді көшпенділер шапқыншылығынан қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған үкіметтің Орталық Азиядағы саясатының қорғаныстық сипаты” деп мәлімдеді.
Осылайша, ХІХ ғасырдың 60 жылдары Оңтүстік Қазақстанды жаулап алғаннан кейін Қазақстанның бүкіл территориясы ұзақ уақытқа Ресейдің отарына айналды. 1867-68 жылдары Түркістан және Далалық өлкені басқару туралы “Уақытша Ереженің” қабылдануымен Орта Азия және Қазақстан Ресей империясының отары ретінде заңдастырылды.
Суреттер:vostlit.info, hrono.ru, history.nsc.ru, kraeved.opck.org, kungrad.com,fershal.narod.ru