Әрине, тілді қосымша сабақ арқылы немесе жеке мұғалім жалдап меңгерген неғұрлым тиімді және оның белгілі бір оқыту методикасы жүйелі түрде жұмыс атқарып, өз нәтижесін береді. Алайда, егер көңіліңізден шықпай жүрген немесе деңгейіңізге сай тіл курсын таба алмаған жайдайда не істеу керек? Сөзсіз тілді өзіңіз меңгере бастауыңыз қажет.
Егер сіз бір тілді меңгерген болсаңыз, екінші тіл сізге әлдеқайда оңайға түспек. Себебі сіз бұрын тілдің барлық қиын кесек тұстарымен танысып, оқыту бағдарламасын өзіңізге ыңғайластырып, тілдің үйрену барысын көз алдыңызға елестете аласыз. Мұндай жағдайда сіз тілді еш қиындықсыз алып шығасыз.
Ал егер сіз бұрындары тіл үйренбеген болсаңыз, алдын ала алғышарттары ретінде қосымша сабақтар алып, курстарға барып алған жөн. Бұл сізге тілдің негізгі бөлімдерімен танысып шығуға септігін тигізеді.
Тілді өз бетінше меңгергенде ескеретін жайт тілдің барлық үдерісі сіздің мойныңызда болады. Былайша айтқанда өз-өзіңізге қожасыз: мұғалім де өзіңіз, оқушы да өзіңіз. Сол себептен еріншектікті қойып, назардың барлығын тіл меңгеруге салыңыз.
Ең алдымен тіл игеру барысында жалпы тілдің оқыту методикасын жасап алу қажет. Ол үшін оқу құралы ретінде ішінде аудио, видео, тест материалдары бар кітап қажет болады. Қандай оқулықты қолыңызға алмаңыз оқу жоспары деңгей деңгейімен қарастырылады.
Тілді келесі бағыттары бойынша үйрену үрдісі:
Айтылу немесе дыбыстау (prononciation)
Тансық сөздерді дұрыс дыбыстау оңай шаруа емес. Бірақ кей интерактивті өздігінен үйреткіш бағдарламаларда дыбысталу жолдары бірге беріледі. Мысалы, сіз диктофонға айтқан сөзіңізді жазып, салыстырмалы түрде қайталап, сараптама жасайсыз. Ал егер сізде құлақ есту аппараты жақсы дамыған болса, сол тілдегі әуендер мен киноларды қарап, айтылу жолын есте сақтап, қайталап отырсаңыз жетіп жатыр.
Грамматика
Грамматиканы игеруге екі нәрсе жеткілікті: біріншісі – жақсы оқу құралы, екіншісі – ынта. Бұл санның сапаға айналған уақыты. Грамматика заңдылығы мен ережесін қанша керемет меңгергеніңізбен, оны жаттығу жұмысымен күшейтпесеңіз, жарты жұмысыңыз текке кетті дей беріңіз. Жаттығу барысында жеңіл көрінген тапсырмаларды тастап кетпеуіңіз керек. Ол кейін кез келген тапсырманы автоматты түрде зырылдатып жазуға септігін тигізеді. Тапсырманы бір ғана оқулықпен шектелмей мүмкін деген ресурстарға жүгінесіз. Түсінбеген жағдайда ғаламтордан түрлі форумда сұрақ қойып сұрастыра аласыз. Достарыңыздың арасында меңгеріп жатқан тілді жақсы білетіні болса, қолда бар алтының қадірін жоғалтпай көмекке жүгінсеңіз нұр үстіне нұр болар еді.
Лексика
Сөздік қорын молайту – тілдің ең басты негізі. Тіл сөзден тұрады. Тіл-байланыс құралы. Егер сіздің сөздік қорыңыз тым мардымсыз болса, ондай жағдайда адам өз ойын шала жеткізетін болады. Алғашында сөздерді күнделікті өмірмен қатысы бар дүниелермен байланыстыра жаттаңыз. Уақыты келе сөздік қорыңыз молайып, есте сақтауыңыз соған машықтанады. Сөздік қорын молайтудың ең тиімді жолы – адаптерленген кітаптарды ең құрмағанда күніне бір беттен аударма жасау. Осылайша көптеген сөздер қайталанып, көз алдыңызға көптеген қарапайым сөздер жатталып қалады. Сонымен қатар субтитрі бар кино, өлеңнен бөлек сөзді тұтасымен жаттап алсаңыз, бір оқпен екі қоянды атқаныңыз. Себебі сізде сөздік қорынан бөлек сөйлеу бірге дамиды.
Тіл маманы ретінде айта кетейін, тілді үйрену кезінде алғашқыда жеңіл, ортасында қиын, кейіннен қалыпты жағдайға айналады. Мұны айтып отырған себебім төккен тердің жемісі зая кетпесе екен деймін. Жасаған сан алуан жұмыстың нәтижесін көргіңіз келсе, бір сәтке артқа қарап, қаншалықты алға қарай ілгері басқаныңыз туралы ойланыңыз.
Оқи отырңыз:
Тіл туралы қанатты сөздер
Қазақ тілінің әлеуметтік мүмкіндіктері
Ағылшын тілін меңгерудің оңай әдістері
Латын әріптерімен қазақша жазу жобасы
Автор: Нұрбол Нұрмаханұлы
Сурет: www.exceptionalwebinars.com