- Негізгі бет
- Гуманитарлық ғылымдар
- Отандық БАҚ-тағы ақпарат...
Отандық БАҚ-тағы ақпарат алу мен тарату тәртібі
Сөз бостандығы заманауи демократиялық қоғамның саяси және әлеуметтік өмірінде үлкен маңыздылыққа ие. Бұл тұлғалардың арасындағы ақпараттық алмасым мен таратылымды қамтамасыз етеді, сол арқылы тұлғаның дамуына мүмкіндік береді. Сөз бостандығы саяси көзқарастар мен ой-пікірлердің әртүрлілігін, плюралистік құбылысын қалыптастырады, ал құқықтық мемлекет саяси плюрализмсіз өмір сүруі мүмкін емес.
ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев «Қазақстандық жол: тұрақтылық, бірлік, жаңғыру» атты Қазақстан халқы Ассамблеясының XIX сессиясында сөйлеген сөзінде: «Қазақстандық бірліктің негізі – азаматтардың құқығы мен бостандығының теңдігі. Бүгінгі күні біздің қолданыстағы заңнамамызға сәйкес Қазақстанда сөз бостандығы толық көлемде қамтамасыз етілген. Бұл саладағы істің жағдайы ТМД, ЕурАзЭҚ, ШЫҰ сынды әріптестерімізден әлдеқайда жақсы. Шындығында, біз баспасөз қызметін қамтамасыз етуде еуропалық стандарттарға едәуір жақынбыз», – дегенді айтады. Мұндағы еуропалық стандарттары деп батыстық адам құқығы жөніндегі декларациялық концепциясы туралы айтылып отыр.
Бұқаралық ақпарат құралдарының құқық басқарылу жүйесі негізінен сыртқы күштердің әсерінен, атап айтқанда, еуропалық және өзге де халықаралық ұйымдардың ықпалымен жүргізіледі. Қазақстанда сөз бостандығы мен адам құқығы Еуропалық Одақ, Еуропалық Кеңес, OSCE тәрізді халықаралық ұйымдардың концепциясы жүзінде іске асады.
Ал Қазақстанның журналистика саласындағы демократиялық қатынастар мен бостандық принциптерінің орнауына Еуропалық Кеңес пен ЕҚЫҰ (Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымы) ұйымдары ықпал етті. Бұл ұйымдар елдегі тәуелсіз журналистиканың қалыптасуына мүмкіндік беретін заңнамалық қатынастардың үлгісін ғана ұсынып қоймай, бұқаралық ақпарат құралдарындағы бостандық, еркіндік ұғымдарының концепциясын жасауға, қоғамдық баспасөзді құруға да ықпалын тигізіп отыр.
Демократиялық қоғамның басты белгісі – заңнамалық-процессуалдық жағынан қамтамасыз етілуі. Осыдан келіп бұқаралық ақпарат құралдарын заңнамалық негізде реттеу мәселесі алдымыздан шығады. Сөз бостандығы дегеніміздің өзі – ақпаратты таратуда қандай да бір таңдауларға ие болу мүмкіндігі. Ал мүмкіндік заңдық шеңберде анықталады. Әдетте, демократиялық қоғамда ақпарат таратудың екі табиғи бірлігі ескеріледі:
1) Біріншісі бұл – ақпарат тарату еркіндігі демократиялық қоғамның ажырамас бір бөлшегі;
2) Ал екіншісі – ақпарат тарату еркіндігі демократиялық құндылықтар пен қағидаларға қарастыру құралы;
Ақпараттың аталмыш екі үлкен табиғи қасиеті демократиялық заңнамалардың құрылуына негіз болған.
«Ақпарат тарату еркіндігі» мен «сөз бостандығы» түсініктері өзара бір ұғым ретінде қарастырылады. Ақпарат тарату еркіндігі «сөз бостандығы» ұғымын нақтылай түседі әрі сөз бостандығы (ой-пікірді айту еркіндігі), баспасөз бостандығы, ақпаратты қабылдау құқығы тәрізді ұғымдардың жалпы формасы болып табылады. Сонымен қатар ақпарат таратумен қатысты тағы бір ұғым – бұл ақпарат саласы. Ақпарат саласы дегеніміз – субъектілердің ақпаратты өндірумен, таратумен, тұтынумен байланысты іс-әрекеттері жүзеге асатын сала.
Елімізде сөз бостандығының орнауына себепші болған бірнеше факторларды атап өтуіміз қажет:
- жаңа нарықтық қатынастардың өрбуі, коммерциялық аспектінің кең қолданыс табуы;
- тоталитарлық жүйенің құлауы мен массмедиа саласындағы монополиялық басқару тетігінің құлдырауы;
- саяси моножүйенің плюралистік жүйеге ауысуы;
- қоғамның саясилануы, саяси күштердің көбеюі;
- ұлттық құрылымдардың жалпы әлемдік экономикалық, әлеуметтік-мәдени үрдістерге бейімделуі;
- батыстық азаматтық қоғам құндылықтарына ұмтылу;
- баспасөздің еркін дамуына ерік беру;
- жекеменшік баспасөз ұйымдарының көбеюі;
- батыс мемлекеттерінің еліміздегі баспасөз өндірісіне инвестиция құя бастауы;
Қазіргі Қазақстан қоғамы өзінің саясилану процесінен өткен әрі ақпаратты еркін тарату мен өндірудің өзіндің концепциясын жасап шығарған. Елімізде ақпарат тарату азаматтық құқыққа жатқанымен, бүтіндей сөз бостандығы қоғамдық мүдде тұрғысынан қаралады. Дегенмен саяси ақпараттардың қазіргі уақытта аса қорғауға алынып отырмағандығын байқаймыз. Ал қоғамның саясилануы кезінде баспасөздің де саясилануына орын алған тұста, саяси ой-сананың еркін болуына, дамуына әкелді. Ал сөз бостандығын ту еткен «Айқын», «Жас Алаш», «Қазақ үні», «Жас Қазақ», «Түркістан», «Экспресс К», «Караван», «Қазақстан-Заман», «Казахстанская правда», «Казахская правда», «Время», «Заң», «Айғақ», «Сақшы», «Огни Алатау», «Отырар алқабы», «Дат», «Халық Кеңесі» тәрізді қоғамдық ойдың саяси бейнесін, ой еркіндігін көрсететін қоғамдық-саяси газеттер ретінде өз бейнесін қалыптастырды. Содан болса керек, сөз бостандығы туралы елімізде көп айтылғанымен, ол батыс елдеріндегі бұқаралық ақпарат құралдарындағы сөз бостандығы азаматтық қоғамның негізгі атрибуты, оның дамуына мүмкіндік беретін жағдай деп қарастырылмайды. Сөз бостандығы деп біздің елімізде, әсіресе, мемлекеттік цензураға қарсы шығу, оны қолдамау, барынша сынап-білеу деп ұғынылады. Яғни, сөз бостандығы елімізде саяси аспекті тұрғысында қарау үрдіс алған.
Демократиялық қоғамның басты көрсеткіші, индикатор белгісі – БАҚ-тың бостандығы. Өркениетті елдердегі демократия үш негізгі бостандық принципіне құрылған:
- сөз бостандығы;
- адам бостандығы;
- экономикалық бостандық.
Бұқаралық ақпарат құралдарының еркін дамуына мүмкіндік беретін саяси-құқықтық және әлеуметтік-экономикалық үрдістердің негізгі тенденцияларын зерттеп қарастырып отырған журналистика теоретиктер мен тарихшылары БАҚ-ты заңнамалық негізде реттеп отырудың, басқарып отырудың бұл институт үшін аса маңызды екендігін айтады. БАҚ-тың заңнамалық тұрғыдан қадағалануы бұл саланың еркін дамуына, соның ішінде сөз бостандығының да тәуелсіздігін қамтамасыз етеді. Бұл жағынан посткеңестік елдердің кенде қалмағанын орыс зерттеушілері талдап көрсеткен.
Мәскеу Мемлекеттік Университеті журналистика факультетінің профессоры Е.П.Прохоров посткеңестік мемлекеттерде БАҚ жүйесі заңнамалық жағынан (кейбір мемлекеттерде мұндай реттеу механизмі анықталмады) толықтай қорғалғандығын, бұқаралық ақпарат бостандығы баспасөз, радио, телевидение салаларында анық байқалатындығын айтады
Журналистика функцияларының тиімді жұмыс жасауы оған құқықтық ортада қолайлы жағдай туғызумен, яғни бұқаралық ақпарат құралдарының журналистері мен редакторларының мемлекеттік билік органдарымен, азаматтық қоғам құрылымдарымен, жекелеген азаматтармен демократиялық құқық негізінде қарым-қатынас жасауға жағадай туғызумен байланысты.
А.Г.Рихтер бұқаралық ақпарат құралдарында сөз бостандығын қамтамасыз ететін әрі оның негізгі критерлийлері мен әрекет ету шеңберін айқындап беретін 12 заңдық нормативтік құжаттың болуын ұсынады.
Посткеңестік елдердегі БАҚ заңнамасы
Мемлекет | Әзірбайжан | Грузия | Қазақстан | Ресей | Өзбекстан |
Конституция нормаларында БАҚ-тың еркін екендігі ресми түрде жарияланған | + | + | - | + | + |
Конституция бойынша цензураға тыйым салу | + | + | + | + | + |
БАҚ туралы заңның болуы | + | + | + | + | + |
Ақпарат-қа қол жеткізу туралы заңның болуы | + | - | - | - | + |
Телерадио-таратылымды бақылау туралы заңның болуы | + | + | - | - | - |
Қоғамдық телевидение мен радио-таратылымға қатысты заңның болуы | + | + | - | - | - |
БАҚ сипатын танытатын тіркеулердің болуы | + | + | - | - | - |
БАҚ-ты мемлекеттік тұрғыдан қолдау туралы заңның болуы | - | - | - | - | - |
Отандық БАҚ-қа деген шетелдік меншікті шектеу | - | + | - | - | - |
Жеке-меншік БАҚ-ды тілдік талаптарға міндеттеу | - | + | - | + | + |
Ғайбат пен тіл тигізуге қатысты қылмыс-тық жауапкершіліктің болуы | - | + | - | - | - |
Лауазымды тұлғаның тіл тигізуге қатысты қылмыстық жауапкерші-ліктің болуы | - | + | - | - | - |
А.Г.Рихтердің кестесінде бұрынғы кеңестік 15 мемлекеттің де заңнамалық қорғау мен шектеудің бар-жоқтығы көрсетілген. Ал біз оның салыстырмалы түрде 5 мемлекетін алып отырмыз. Оның ішінде жоғары балға ие болға Грузия елі. Бұл мемлекетте 12 заңның 10 заңдық-нормативтік құжаттың бар екендігі анықталған. Бұл мемлекетте бұқаралық ақпарат құралдары заңнамалық тұрғыдан жан-жақты қарастырылған әрі құқықтық негіздемелері толықтай қалыптасқан, шектеу мен еркіндіктің аражігі анықталған десе болады. Ал Әзірбайжан мемлекетінде 12 заңның 7 заңы қабылданған болып шықты. Ал бұл зерттеу бойынша Қазақстанда БАҚ-тың құзіретін бақылайтын небәрі 2 заңның ғана қабылданғандығын байқаймыз. Оның өзінде Қазақстанның «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңы кейінгі жылдары қабылданған болатын. Ал өзге мемлекеттерде бұл 1991-2001 жылдар аралығында қабылданып бекітіліп қойған. Қазақстанда телерадиотарату жөніндегі заң жобасы тек 2012 жылы 18 қаңтарда ғана қабылданған. Демек алдағы уақытта А.Г.Рихтер ұсынған заң жобалары қарастырылу
Дегенмен заңдық негіздемелердің болғандығымен, бұқаралық ақпараттың еркіндігіне заңның саны емес, мазмұны ықпал ететіндігі түсінікті. Алайда ел парламенті БАҚ-тың дұрыс жұмыс жасауы мен функционалдылығына қатысты арнайы құқықтық норманың болуы, ұзақ мерзімді бақылауды қамтамасыз етеді. Заң жоқ жерде тек күнделікті тәртіп пен белгілі бір тұлғаның билігін ғана кеңейте түседі.
Ақпараттық плюрализм мен журналистиканың идеологиялық жағынан әртүрлілігі келесі факторлармен өлшенеді:
- журналистік ұжымдардың редакциялық тәуелсіздігін сақтау;
- саяси оппозициялардың қоғамдық БАҚ-пен де, мемлекеттік БАҚ-пен де байланысына шектеу қоймау;
- бұқаралық ақпарат құралдарындағы нарықтық қатынастарға мемлекеттік билік қатыспауы тиіс (лоббистік көзқарас қалыспауы үшін);
- БАҚ-тың шоғырлануын шектеу.
Бұқаралық ақпарат құралдарының идеологиялық жағынан, саяси жағынан әртүрлі болуы демократияның белгісі болып табылады. Терроризммен күрес немесе ақпараттық қауіпсіздік түсініктері бұл плюралистік принциптерді бұзбауы тиіс, соның желеуімен шектелмеуі керек. Қазақстанда ХХІ ғасырдың алдыңғы он жылдығында бұқаралық ақпарат құралдарында (баспасөз, радио, телевидение) әлеуметтік-саяси мәселелер көп талқыланатын, бұл қоғамның мемлекеттік ықпалдан тыс саяси, қоғамдық мәселелерді еркін талқылауына мүмкіндік берді. Алайда соңғы жылдары (әсіресе, телевидение саласында) Батыс мемлекеттеріндегі тәрізді бұқаралық ақпарат құралдары саяси мәселелерді көтерумен емес, мәдени-ағартушылық функцияны атқара бастағанын байқаймыз. Қоғамдық-саяси мәселелерді талқылайтын бағдарламалардың орнына денсаулыққа, білім беруге, көңіл көтеруге, технология мен экономика, қаржы салаларына арналған бағдарламалар келе бастады. Нарықтық қатынастар мен коммерциялық қатынастарға көп көңіл бөлетін қазіргі бұқаралық ақпарат құралдары эфирден саяси-қоғамдық мәселелерді талқылаған аса үлкен пайда түсірмейтіндіктен мұндай бағдарламаларды шеттете бастады. Осыдан келіп арнайы аудиторияға ғана жұмыс істейтін, өзінің ақпарат тарату концепциясы мен негіздемелері бар БАҚ құралдары арнаулы салаға ғана мамандана бастады.
Қ. Слямбек