Ортағасырлық мемлекеттердің экономикасы мен мәдениеті. Бірінші бөлім
Мал шаруашылығы. Қазақстан жеріндегі ортағасырлық мемлекеттер шаруашылығы отырықшы егін шарушылығымен тығыз байланыста болған көшпелі және жартылый көшпелі мал шаруашылығына негізделген еді. VI-XII ғасырлардағы мемлекеттердің басты шаруашылығы мал өсіру болған. Ортағасырлық қоғамда малға жекеменшік қалыптасып дамыды, сөйтіп ақсүйек байлар тобы бөлініп шықты. Малға жекеменшіктік теңсіздіктің негізі болған. Бай ақсүйектермен біріге қауымның қатардағы мүшелері: кедейлер мен құлдар бұқарасы тіршілік еткен.
Ортағасырлардағы жазба деректердің мәліметтеріне қарағанда, феодалдық мемлекеттердің жылқы, қой, сиыр, өгіз және түйе өсіргенін білеміз. Көшпенділердің малының құрамында қыста жаюға неғұрлым бейімделген жылқы мен қой басым болды. Олардың шаруашылығында ет пен май қорын тез толтыратын қой шаруашылығының маңызы зор. Сондай-ақ, қойдың жүні мен терісінен жылы киім дайындалды. Жылқы көшпелі тұрмыс жағдайында алыс жайылымдарды игеруге мүмкіндік беретін ерекше шыдамдылығы мен төзімділігі, соғыста және аң аулауда пайдалатындығы арқасында аса бағалы жануар деп есептелді. Сондықтан, көшпелілер тек қана тебіндеп жайылатын жылқы өсіруге ерекше көңіл бөлген. "Бұл даланың ерекшеліктері мынада: оның шөбі малға арпаның орнына жүреді, басқа елдерде мұндай ерекшелік жоқ. Онда малдың көптігі де сондықтан", - деп атап өткен араб саяхатшысы Ибн Баттута.
Жылқы санының көп болуы әрқашанда байлықтың өлшемі, малшы билігінің экономикалық негізі болған. Кейбір жазба ескерткіштерде қыпшақтар елінде он мың жылқы иеленгендердің көп болғаны жөнінде мәліметтер бар. Түріктердің жылқысы климаты қатаң, жергілікті табиғи жағдайларға жақсы бейімделген еді, сонымен қатар сүтінің мол және еті мен майының сапасы жақсы болуымен ерекшеленді. Түріктер сиыр және қой етінен жылқы етін артық көретін, ал бие сүтінен тамаша, шипалы сусын - қымыз дайындайтын.
Жазба деректердің мәліметтеріне қарағанда, асыл тұқымды жылқыларды өсіруге зор көңіл бөлген. Түріктер қой, жылқы шаруашылығымен бірге ірі қара өсірумен де айналысты, бірақ саны жағынан ол әлдеқайда аз болды. Сиырлар мен өгіздер көшкен кезде алыс қашықтықта көп жүрісті көтере алмайды. Мұның өзі түркі тайпаларының белгілі бір топтарының тұрақты қыстаулары бар жартылай көшпелі тұрмыс салты болғанын көрсетеді. Этнографиялық зерттеулер көшпелілердің негізінен ең кедей бөлігі сиыр ұстағанын көрсетеді. Ірі қара көбіне жеуге пайдаланылды. Көшпелілердің Батыс Қазақстанға ілгерілеуіне қарай олардың жекелеген топтары түйе шаруашылығымен де айналысқан. Құмды және шөпсіз жерлерде түйе ең пайдалы да қолайлы үй жануары болды.
Көшпелілерде аң аулау қосалқы кәсіп болды. Әл Джахиз "көшпелі түріктер аң аулағанда, әсіресе қарақұйрықтар мен құландарды қуған кезінде ғажап төзімді," - деп көрсетеді. Аң аулаған кезде садақ пен жебеден басқа олар аңға құс салған, қоянды, түлкіні, тіпті қасқырды да итпен ұстаған. Аң аулаумен қатар өзен жағасында тұратындар балық аулаумен де айналысқан. Жалпы алғанда, аң аулау дербес сала болмай, шаруашылықтың негізгі түрі - мал шарушылығына көмекші ғана болған.
Егіншілік. Қалалардың өсіп өркендеуі, сауданың дамуы, ауыл шаруашылығы өнімдеріне сұранымды арттырған. Мұның өзі егіншілік пен мал шаруашылығының дамуына себепкер болды. Жауын-шашынның аз болуына байланысты Қазақстанда егіншілік көбінесе суармалы негізде дамыды. Егін шаруашылығы елдің оңтүстігінде, Сырдария, Арыс, Бадам өзендері алқабында, Жетісуда, Іле өзені бойында біршама жақсы дамыды. Орталық Қазақстан егіншілікпен судың тапшылығына байланысты тек өзен алқаптары мен тау баурайларындағы жерлерде ғана шұғылданды. Елдің барлық жерлерінде егіншілік кәсіптері мал шаруашылығымен ұштасып жатты.
IX-XII ғасырларда Отырар өңірі суармалы егіншіліктің орталығы болды. Мұнда егістік көп тармақты суландырмалы жүйемен жабдықталды. Су жолы Арыс өзеніндегі су қоймасы арқылы жүргізіліп, оның бір саласы Отырар қаласына келді, екінші саласы Құйрық төбе, Алтын төбе, Жалпақ төбе, Марданкүйік қалаларына барды. Отырарға баратын су жолы төңіректегі рабадтарды сумен қамтамасыз етіп, сонымен бірге қаланың солтүстігіндегі алқапты суландырған. Ал Сырдариядағы су жолы Сауран мен Сығанақты және сол жағалаудағы Сүткентті, Аркөкті, Аққорған және Үзкентті сумен қамтамасыз еткен. Талас жотасының тау бауырларындағы жерді суландыру үшін Бадам, Сайрамсу, Арыс, Ақсу өзендерінің суы пайдаланылған.
Жер кетпен тәрізді темір шоттар және темір, не шойын ұштары бар, жер жыртатын құралдармен /омаш/ өңделіп, егін темір орақпен орылған. Дәнді ұнтақтау үшін тас диірмендер қолданылған. Қолдан суару негізінде Жетісу тұрғындары астық өсіріп, жүзім шарушылығымен және шарап жасаумен айналысты, бақша және бау дақылдарын екті. Таудың төменгі етектерінде Талғар, Есік, Қаскелен, Үлкен және Кіші Алматы, Бақанас, Көксу, Лепсі өзендерінің орта және төменгі ағыстарының бойында да суландыру құрылыстары болған. Талас өзенінен Тараз қаласына тартылған су каналы арқылы қаланың айналысындағы бау-бақшалар суғарылған.
Қолөнер кәсібі. Қазақстан жерінде халықтар өздерінің даму дәрежесіне қарай қолөнер кәсібімен де шұғылданды. Құмыра жасаушылардың, ұсталардың, ағашқа, сүйекке, тасқа өрнек салушылардың істеген заттарына халықтың сұранымы күшті болды. Саз балшық бұйымдар өндірісі ерекше дамыды. Отырар алқабында және Қаратаудың баурайларындағы қалаларда керамиканы өркендетудің қалыптасқан түрлері сақталған. Сырдарияның төменгі бойындағы қалалардан табылған саз балшықтан жасалған заттарда әсем өрнектер басым болды. Керамикадан кесе, тостаған, аяқ-табақтар, тағы да басқа ыдыстар жасалынып, сырты оюланып, неше түрлі қызыл, жасыл, сары, қоңыр түсті бояулар жалатылды. Аңдар мен құстар бейнеленген құйма ыдыстар тобы ынта қоярлық. Мәселен, Тараз қазбалары кезінде арыстан бейнелеген тамаша табақша шықты. Отырарда өсімдік ою-өрнегімен әшекейленген құмыра табылды.
Орта ғасырдағы қалалық мәдениет. Қазақстан жерінде ежелден отырықшылық тарихи-мәдени ірі аймақтар, ал ортағасырдың ортасында қалалық мәдениет дамыды. Олардың бірі Оңтүстік Қазақстан мен Жетісу еді. Оңтүстік Қазақстанда Исфиджаб (Сайрам), Газгирд, Шараб, Будухкет, Отырар, Шавгар және Сауран тәрізді ірі қалалар бой көтерді. Исфиджаб сауда жолы өтетін орталық болды, мұнда көптеген тауарлар өндірілді, бұл жерден маталар, қару-жарақтар, мыс пен темір тасылды. "Исфиджаб,- деп жазды ортағасырлық авторлардың бірі,- Түркістан шекарасындағы Мауераннахрдың үлкен де, ірі қалаларының бірі. Ол Азия елдерінің өркендеген және керемет қалаларының бірі, жері құнарлы, ағаштары көп, суы мол және ғажайып бақтары бар".
Талас алқабында ірі қала Тараз пайда болды. Ол VI ғасырдың өзінде-ақ белгілі болды. Тап осында Түрік қағаны Иштеми 568 жылы Земарх бастаған Византия императоры Юстиниан II-нің дипломатиялық елшілігін қабылдады. Шежірешілер Таразды саудагерлер қаласы деп атаған. Ол түргештердің, сосын қарлұқтар мен қарахандардың астанасы болды. ХІ ғ. бірінші ширегінде ақша айналымының қалыптаса бастауына сай Қазақстандық екі теңге сарайы – Тараз және Испиджаб қалаларында болды. Қалалардағы ішкі сауда айналымында мыс (қола) теңгелер жүрсе, ал күміс теңге қалааралық ірі товар айналымын қамтамасыз етіп, қаржы жинаудың құралы қызметін атқарды. ХІ ғасырдың 70 -жылдарынан кейін күміс құю тоқтатылып, айналымда оның орнына алтын қолданылды. Талас, Асса өзендерінің бойында Тараз маңында Төменгі Барысхан, Жамукат, Жекіл, Бектөбе, Дех-Нуджикес, Адахкет, Текабкет, Шельджи, Жувикат және т.б. қалалар мен мекендер созылып жатты. Талас алқабынан Шуға дейінгі жолда Ақыртас, Құл-Шуб, Жұл-Шуб, Құлан, Мерке, Аспара, Нүзкет тәрізді қалалар орын тепкен.Тек VI-XIII ғасырларда Шу алқабында соғдылар, сириялықтар, түріктер, парсылар мекендеген ірілі-ұсақты 25 қала болған. Бұл Харанжуан, Жұл, Навакет, Бунджикет, Құрмырау, Суяб, Баласағұн, Жоғарғы Барысхан қалашықтары. Іле алқабының ірі қалаларының қатары Тальхиз (Талғар), Қойлық, Дунгене, Алмалық (Алматы), Ілебалық, Көк-Тума сияқты қалаларды жатқызуға болады.
VII-XIII ғғ. қала мәдениеті тек оңтүстікте және оңтүстік-шығыста ғана емес, Қазақстанның басқа өңірлерінде де дамыды. Сырдарияның төменгі ағысында Асанас, Янгикент,Сығанақ, Жент, Барлышкент және т.б. қалалар орналасқан. Орталық және Шығыс Қазақстанда, оның ішінде Торғай, Жыланшық, Кеңгір, Нұра, Жезді, Сарысу өзендерінің бойында жетпіс сегіз қаланың орны табылды. Нұра алқабында Ақсикент деп аталатын мейлінше ірі қала болған, Сарысу жағалауында Жұбаныш пен Ұлыбағыр, Торғайдың төменгі сағасында – Қаңлыкент, Қарақорым, Борсық қалалары болғаны белгілі. Ертіс өзенінің алқабында он алты қимақ қаласы кездессе, оның ішінде Хакан мен Хакан-Қимақ қалалары қағанаттың астанасы болған. Сол кезде қалалардың дамығанын сәулетті құрылыстардың болуы дәлелдейді. Тараз маңындағы Бабаджа-хатун (X-XI ғғ.), Айша–бибі (XI-XII ғғ.) кесенелері, Тараздағы Қарахан кесенесі, Сырдарияның төменгі сағасындағы Сырлытам, Орталық Қазақстанның Домбауыл кесенесі ортағасырлық сәулеттік ескерткіштерге жатады. Қазақстан қалаларының сәулеті бұрыңғы өткен заманның сәулет өнерімен тығыз байланысты. Үйлерді салуға шикі кірпіш, құм, ағаш қолданылды. Ірі ғимараттар мен бекіністердің сыртқы қабырғасы көбінесе күйдірілген сары саздан жасалған плиткалармен қапталды. Сөйтіп, орта ғасырда Қазақстан аумағында тек көшпелі өркениет ғана дамып қойған жоқ, сонымен бірге отырықшылық, егін шаруашылығы, мал шаруашылығы мен қалалық мәдениет те дамыды, олар бір-бірін толықтырып, бір-бірін байытып, бір-біріне үлгі болған.
Суреттер ғаламтордан алынған