Үстіміздегі жылдың 22 ақпанында Алматы қаласы Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында Қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссия жанындағы орфографиялық жұмыс тобының кезекті мәжілісі өтті.
Мәжіліс Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясатының төрағасы, орфографиялық жұмыс тобының төраға орынбасары Қ.Қ.Борашев мырзаның төрағалығымен және Ш. Шаяхметов атындағы "Тіл-қазына" ұлттық ғылыми-практикалық орталығының атқарушы директоры Е.Е.Тілешовтің модераторлығымен өтті.
Күн тәртібінде қазақ тілін латын графикасына 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен көшіру жөніндегі жоспарына сәйкес орфографиялық жұмыс тобының іс-шаралары туралы мәселе қаралды. Бұл мәселе бойынша отырыс төрағасы Қ.Қ. Борашев мектеп оқулықтарын қайта шығару, оларға сараптама жасау, орфографиялық, орфоэпиялық сөздіктер, анықтағыштар, топонимикалық, антропонимикалықсөздіктердің қолжазбасын шығару көзделіп отырғандығын атап өтті.
Екінші мәселе бойынша мәжіліс модераторы Е.Е. Тілешовмырза бекітілген іс-шаралар жоспарындабиылғы жылы ортологиялық құралдар әзірлеу көзделгендіктен жұмыс тобының құрамын ғалымдармен толықтыру қажеттілігіне орай жұмыс тобының жаңа құрамы мен 2019 жылға арналған жұмыс жоспарымен таныстырды. Жұмыс тобының құрамында төраға, төраға орынбасары, хатшы және А.Байтұрсынов атындағы Тіл біліміинститутының директоры Е. З. Қажыбек мырза бастаған белді ғалымдар мен Алматы, Астана қалалары мен аймақтық жоғары оқу орындарының профессорлары мен доценттері қамтылған 24 мүшесі бар екендігі айтылды.
Келесі мәселеде Ш.Шаяхметов атындағы "Тіл-Қазына" ұлттық ғылыми-практикалық орталығының орфография бөлімінің басшысы А. Фазылжанова мен А.Байтұрсынов атындағы Тіл біліміинститутының тіл мәдениеті бөлімінің меңгерушісі Қ.Күдеринова емле ережелерін насихаттауға арналған әдістемелік өнімдерді әзірлеуге жауапты тұлғалар мен олардың орындалу мерзімімен таныстырып шықты. Бұл бағыттағы өнімдердің құрамында ЖОО студенттеріне арналған жаңа емле ережелерін игертуге арналған әдістемелік нұсқаулық;ресми-іс қағаздарының нұсқаулығы; жарнама мәтіндеріне қажетті емле нұсқаулығы; көпшілікке арналған емле ережелерін түсіндіретін қызықты анықтағыш;облыс, қала, аудан эргонимдердің, маңдайшалардың кирил-латын әліпбиіндегі параллель анықтамалықтары қамтылған.
Отырыста қаралған мәселелер бірауыздан қолдау тауып, қаулылармен бекітілді.
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың
доценті, филол.ғ.к.
Л.Т. Әлімтаева