Оңтүстік Америкадан табылған мумиялардың құпиялары анықталды

Ғалымдар Оңтүстік Америкадан табылған ежелгі инктер тайпасына жататын үш жас баланың жақсы күйде сақталған мумиясын зерттеп, олардың өлер алдында алкогольды сусын мен коки жапырақтарын қабылдағандарын анықтады. Үшеуінің де денесі Чили мен Аргентина шекарасындағы таулы аймақтардың бірінен қатырылған күйде табылған болатын. 

Зерттеушілердің болжамы бойынша, бұл үшеуі Анд тауларының шыңында жасалатын капакоча рәсімі кезінде құрбандыққа шалынған болуы мүмкін. Алайда олардың денелерінде ешқандай қинау белгілері байқалмайды. Осыған қарап ғалымдар жасөспірімдерді тәуелді және әлсіз қылу мақсатында оларға ұзақ уақыт алкоголь мен наша өнімдерін беруі мүмкін деген болжам айтады. Бұл заттардың ең көп мөлшері табылған жасөспірімдердің ішіндегі үлкені 13 жасар қыздың денесі болып отыр. Рентген көрсеткендей оның ауыз қуысында коки жапырақтарының қалдықтары қалған екен.

Айта кетейік, бұл мумиялардың үшеуі де 1999 жылы Анд тауларындағы мұздықтардың бірінен табылған еді. Ал денелерінің жақсы күйде сақталуы олардың сол уақыттан бері минустық температурада жатқандығымен түсіндіріледі. 

 

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

сурет: relax.ru