Ғалымдар Оңтүстік Америкадан үлкен жаңалық ашып отыр. Дәлірек айтсақ, олар Бразилия мен Колумбия жерін мекендейтін салпыеріннің (тапир) жаңа түрін тапқандығын хабарлады. Салпыеріндер әлемдегі ең үлкен жануарлардың бірі саналады. Зерттеушілер жаңа түрге Tapirus kabomani деген есім берді.
Табылған салпыерін ғаламшарымыздағы бесінші түрі саналып отыр. Осыған дейінгі ашылған қалған төрт түр Қызыл кітапқа құрып бара жатқан жануарлар ретінде еніп үлгерген екен. Tapirus kabomani 1865 жылдан бері табылған салпыеріннің алғашқы түрі. Одан бөлек, бұл түр Perissodactyla (құрамына мүйізтұмсықтар, жылқылар мен салпыеріндер кіретін) отрядына да жатады. Сонымен қатар Tapirus kabomani соңғы жиырма жылда табылып отырған ең үлкен жануар да саналады. Ғалымдар 1992 жылы Вьетнам мен Камбоджадан саолу атты белгісіз жануарды тапқан болатын. Ол да өлшемі жағынан салпыерінмен шамалас келеді.
Сол жақтағысы ұрғашы түрі, оң жақтағысы еркек салпыерін. Ұрғашы түрінің түгі ашық түсті келеді
Бір қарағанда Tapirus kabomani бразилиялық тусына ұқсас келеді, алайда өлшемі жағынан кіші және түгінің түсімен ерекшеленеді. Салыстырмалы түрде айта кетсек, бразилиялық салпыерін 320 келі салмақ тартса, Tapirus kabomani 110 келі болады. Ғалымдар жаңа түрдің табиғатта мекендейтінін қақпан-камераның көмегімен анықтаған екен.
Жалпы салпыеріндер Жер бетінде осыдан 50 миллион жыл бұрын пайда болған. Сол заманнан бері қарай олардың түрлері де көп өзгеріске ұшырамағаны анықталып отыр. Өзінің үлкен денесіне қарамастан, салпыеріндер қорқақ келеді және тек түнде ғана азықтануға шығады. Салпыеріндер алғаш рет Солтүстік Америкада пайда болып, кейін Орталық және Оңтүстік Америкаға ауып, аяғы Еуропаға дейін жеткен.
Дайындаған: Болат Қосмағамбет
Сурет: mongabay.com