Онлайн кітап оқу

Онлайн кітап оқу

Соңғы кездері әлем халықтарында, сонымен қатар, өзіміздің елде де онлайн кітапханалар өте танымал бола бастады. Бұл дегеніміз технология дамыған сайын қарапайым кітап оқудың орнын онлайн кітап басады деген сөз. Енді кітап оқуға ынталы әрбір адам дүкенге немесе кітапханаға емес, жеке компьютерінің алдына келіп сүйікті сайтын ашып, қалаған кітабын оқитын болады.

Оқудың мұндай түрінің көпшіліктің арасында сұранысқа ие болуын түсіндіру оңай. Мысалы, демалысқа шыққан адам өзімен бірге сөмке толы кітап алудың қажеті шамалы. Тек сапарға шығарда өзінің ноутбугін алса, жеткілікті. Алайда, танымалдылықпен қатар оқудың мұндай түрі көзге зиян тигізеді деген дабыл да ұлғая түсті. Сондықтан біз мәселенің басын ашуға кірістік. Шынымен де, әлденеден қауіптену керек пе? Егер қауіптену керек болса, онда неден?

Жалпы компьютер алдында ұзақ уақыт отырудың өзіндік зардаптары бар:

1. Оқу барысында тез шаршау мен жалығу;

2. Көздің жасаурауы;

3. Көз қызаруы.

Бірақ қорқатын ештеңе жоқ! Бұл зардаптардан оңай құтылуға болады. Қалай құтылу керек екенін білсе болды.

Онлайн оқу кезінде өзіңізге ыңғайлы шрифтке үлкейтіп оқуға тырысыңыз;

1. Көз жасын алмастыратын көзге арналған тамшы сатып алыңыз. Ол кез келген дәріханада сатылады;

2. Әр жарты сағат сайын көзіңіз демалсын;

3. Арнаулы көзілдірік сатып алыңыз. Мұндай көзілдіріктер компьютермен жұмыс істеген кезде көздің талуын азайтады;

4. Жиі көзді ашып-жұмып тұруды ұмытпаңыз және экранға қатты үңілмеңіз. Бұл көздің құрғауына жол бермейді.

Егер ноутбугіңіз болса, оны құшақтап алып диванда немесе төсекте жатудың керегі жоқ. Жатып оқу ешқандай пайда әкелмейді. Шаршағандықтың немесе жалығудың симптомдарын сезсеңіз үзіліс жасап, біраз тынығып алыңыз. Уайымдамаңыз, қызық кітап ешқайда қашып кетпейді, бастысы өз денсаулығыңызды күтіңіз.

Егер сіз жоғарыда берілген кеңестерді ұстанып, тәжірибеде қолданатын болсаңыз, онда онлайн оқу кезінде ешқандай проблема туындамайтын болады. Есіңізде болсын, жайбарақат кітап оқу үшін және жайсыз жағдайлардан аулақ болу үшін мониторды дұрыс орналастыру қажет:

Монитор ортасы көздеріңізден 20 сантиметрге төмен болуы керек. Және де экран сізден 50 сантиметр қашық болғаны дұрыс. Профилактика үшін 5 минуттық үзілістер жасап тұрыңыз. 

Ғалымдар, мамандар техникалық ілгерілеуден құтыла алмайтындарын түсінді. Олардың өздері заманауи техникалар мен компьютерлерден аттап өте алмайды. 

Жалпы кітап оқу адамның қиялын, ой-өрісін дамытуға үлкен мүмкіндік береді. Оқитын адам әрбір кітапты, романды, хикаятты, әңгімені өзінің ішкі жан дүниесінен, ой-елегінен өткізеді. Ол өз өмірінде болуы мүмкін емес оқиғаларды бастан кешеді. Кітаптағы кейіпкерлермен бірге ұзақ жиһанкездікке, саяхатқа аттанудың дәмін татпағандарға  жаның ашиды. Сондықтан, оларға берер бір-ақ ақылымыз бар – оқыңыздар, қиялдаңыздар, ойланыңыздар!

Форумда талқылау

Сурет masterfile.com сайтынан алынған

Ж. FM