Алтын Орданың ыдырауы кезінде пайда болған мемлекеттік бірлестіктің бірі – Ноғай Ордасы. Ол ХІҮ-ХҮ ғасырларда Батыс Қазақстанның бір бөлігін алып жатты. Бұл мемлекеттің атауы Алтын Орданың беклербегі, әскерінің қолбасшысы, Жошы ханның немересі (1260-1306) Ноғай есімімен байланысты. Берке хан өлгеннен кейін Доннан Дунайға дейінгі жер Ноғайдың бақылауында болды. Оның құрамындағы рулар Каспий маңына қоныс аударып, Ноғай елі атанды.
Ноғай Ордасының негізін салушы - әмір Едіге (1395-1419). Ол 15 жылдай Алтын Орданы билеп (1396-1411), «ұлы әмір» атанған. Шыңғыс әулетінен хан сайлау Едігенің қолында болған. Ноғай Ордасы Алтын Ордадан Едігенің кезінде бөлектене бастады. Бұл процесс Едігенің ұлы Нұраддин (1426-1440) тұсында аяқталып, Ноғай Ордасы Алтын Ордадан ХҮ ғ. ортасында бөлініп, дербес мемлекет болды. Территориясы: Еділ-Жайық арасы. Астанасы – Жайық өзені сағасындағы Сарайшық қаласы болды. Халқы – маңғыт, қыпшақ, қоңырат, арғын, қарлұқ, алшын, тама және т.б. сияқты түрік тайпалары. Ноғай Ордасы этносаяси бірлестік ретінде пайда болды, оған енген тайпалар ХҮ ғ. аяғында қалыптасқан ноғай халқының негізін құрады.
ХҮІ ғасырда Ноғай Ордасының Орыс мемлекетімен сауда-экономикалық, саяси байланысы дамыды. ХҮІ ғ. 2-ші жартысында Ноғай Ордасы ыдырап, екіге: Үлкен Ноғайлы (Еділдің шығысы) және Кіші Ноғайлыға (Еділдің батысы) бөлінді. Осы тұста ноғайлардың көпшілігі Қазақ хандығына, соның ішінде Кіші жүз құрамына енді. Осылайша Ноғай Ордасын мекендеген тайпалар қазақ халқының қалыптасуында үлкен рөл атқарды.
Суреттер ғаламтор беттерінен алынған