Неге сізді жұмысқа алмайды?

Неге сізді жұмысқа алмайды?
Фото: freepik.com, Коллаж

«Жұмыс жоқ». Дәл осындай сылтауды жиі еститініміз жасырын емес. Дегенмен, «маманның» жетіспейтіндігі туралы да жиі айтылады. Мүмкін, жұмыс бар, бірақ, сіз бір нәрседе қателік жіберіп жүрген шығарсыз? Бүгін жұмыс іздеу, оны табу және сәтті орналасу құпияларымен бөлісеміз.

Жұмысты қайдан табамын?
– Жақын достарыңыз, таныстарыңыз арқылы бос орындар туралы біліңіз. Өйткені, араласатын ортаңыз неғұрлым көп болған сайын, соғұрлым жұмыс табу мүмкіндігі артады.
– Әлеуметтік желілерді өз пайдаңызға қолданыңыз. Өйткені, дәл қазіргі сәтте әлеуметтік желі күшін ірі компаниялар да қолданады. Өзіңіздің ойыңызда жүрген бөлім, мекеме, компаниялардың парақшасына тіркеліңіз. Кез келген уақытта «Маман керек» деген хабарландыру жарқ етуі әбден мүмкін.
– Арнайы бос орындар туралы хабарландырлар жариялайтын сайттар бар. Бұл жерде жалақы, қойылатын талаптар анық көрсетіледі. Сондықтан, қиындық тудырмайтыны анық.
– Егер студент болсаңыз, университет әкімшілігімен дұрыс қарым-қатынас орната біліңіз. Өйткені, университет сізді кез келген уақытта компанияларға ұсынуы мүмкін.
– «Жұмыс көрмелері» арнайы шара ретінде университет қабырғаларында жиі өтіп тұрады. Бір рет қатысып, бағыңызды сынап көріңіз.

Түйіндеме:
Түйіндемені дұрыс құрай алмасаңыз, жақсы жұмыстан үміт үзе бергеніңіз дұрыс. Сізді білмейтін адам үшін түйіндеме – сіздің айнаңыз. Сіз туралы алғашқы әсерді бұзып алмау үшін мына кеңестерге көңіл бөліңіз:

Шрифттер:
Times New Roman шрифті стандарт болса да, көбіне сіздің заманнан қалғаныңызды көрсетсе,  «Креативті» шрифттер (Comic Sans секілді) әлемді қабылдау мүмкіндігіңіз әлі де жетілмегендігінен хабар береді. Майлы, курсив, асты сызылған шрифтерді де орынсыз қолдануға болмайды. Бірнеше түсті қолдану (қарадан өзге) сіздің психологиялық тұрақсыз екеніңізді көрсетеді. 

HR мамандардың кеңесіне сүйенсек, түйіндеме үшін таптырмас шрифтер:
• Callibri
• Helvetica
Әріптердің өлшемі (кегль) 14-тен көп емес, ал, арнайы тақырыпшалар жартылай майлы болуы шарт.

Сурет:
Паспортқа арналған сурет жарамсыз: шынымен жұмысқа қызығушылық танытқан адам түйіндеме үшін арнайы суретке түседі: жүзінде жылулық, күлкі болуы тиіс. Селфи, топтық суреттің кішкене қиындысы, арнайы эффектілер мен әрлеуді кейінге ығыстырып қойғаныңыз абзал. Қатты бояумен түскен суретті де қолданбаңыз.
Дұрыс шаш үлгісі, жұмысқа сәйкес киім үлгісі, таза әрі жинақы бет күтімі де басқарушының сізге назар аударуына себепші болады.

Түйіндеме әлде CV?
CV — халықаралық әрі ірі компаниялар талап ететін түйіндеме. Ал, қалған жағдайда қарапайым, бірақ жинақы түйіндемеңіз жарайды.

Түйіндеме құрылымы:
Жұмыс берушіні осы уақытқа дейін қайда жұмыс істегеніңіз және неге ол жерден кеткеніңіз қызықтырады. Бірақ, сіздің пицца тасушы, даяшы болғаңыз ірі компаниялар үшін керек емес. Одан бөлек, үшінші курста жазған ғылыми жобаңыз үшін алған мақтау қағазының да алатын рөлі шамалы. Сонымен нені жазып, неден бас тартқан жөн?!

• Ең алдымен өзіңіздің оқу орныңызды және нәтижесін көрсетіңіз: (Мысалы, ҚазҰУ, 2016).
• Еңбек өтіліңізді рет-ретімен, уақытын көрсетіп орналастырыңыз. Жақшада қандай қызмет көрсеткеніңізді көрсетуге болады. Ресми құжат болғандықтан, ережені сақтаңыз.
• Өзіңіздің мансап жолында алға жылжығаныңызды көрсетіңіз: Бірінші жұмыста менеджер көмекшісі болсаңыз, екінші жұмысыңызда менеджер болғаныңызды көрсетуіңіз. Егер 10 жыл бойына тек тілші қызметін атқарсаңыз, бұл сізге деген сенімге дақ түсіруі мүмкін. Сондықтан, қиялыңызды қосып, «бөлім редакторының міндеті» деп жазып көріңіз.

Жолдамалы хат (Сопровождающее письмо)
Жолдамалы хат – хедхантинг индустриясының ең керемет жаңалығы. Өйткені, HR маманының уақытын үнемдейді. Жолдамалы хат аймағына «бос орынға менің түйідемемді қарауыңызды сұраймын» немесе «сіздің компанияңызда жұмыс жасағым келеді» деп жазған адамның түйіндемесі бірден үміткерлер тізімінен алынады: оны жазған адам еріншек, қарабайыр өмір салтын ұстанады және берілген мүмкіндікті толық пайдалана алмайды деген қорытындыға келеді. Жолдамалы хат бір-біріне ұқсас мыңдаған түйіндемеден шынымен жұмыс істеуге қызығушылық танытқан адамды анықтау үшін ойлап табылған. Олар хатты мына ерекшеліктер қолдану арқылы жазады: 

• Жұмыс істеуге ниетті компания атауын көрсету.
• Компания атауы қатесіз, толық қолдану.
• Компания жұмысын зерттеу, өз тәжірибесімен байланыстыра отырып, бұл жұмысқа орналасу арқылы оларға не бере алатынын және өзіне не алатынын анық көрсету.

Әңгімелесу:
Бұл кезеңге өтсеңіз, құттықтаймыз: Жолдың жартысына келдіңіз. Бірақ, сонда да дайындықты ұмытпаңыз. Өзіңізді салқынқанды әрі жинақы ұстаңыз. Ойыңыздың шашылып кетуіне жол бермеңіз.
Егер бір жерде өтірік айтуды ойласаңыз – оны бірнеше мәрте қайталып, өзіңізді сендіріңіз. Дұрысы, мүлде өтірік айтпаңыз.
Сіздің әңгімелесу кезеңіндегі басты мақсатыңыз – тек жақсы әсер қалдыру ғана емес, өзіңіздің күнделікті атқаратын міндеттеріңізді, кестені білу. Сондықтан, сұраудан ешқашан жасқанбаңыз.

«Неге өзіңізді бұл қызметке лайықты деп есептейсіз?»
Бұрыс: «Маған бұл жұмыс керек» (Сенуге болады, бірақ, бәрі бұл қызметі атқарғысы келеді), «маған сіздің фирмаларыңыз қатты ұнайды» (шынайы болса да жағымпаздану секілді сезіледі.), «өтінемін, маған бір мүмкіндік беріңізші» (сіз аукционда отырған жоқсыз).
Дұрыс: «Мен өзімді бұл қызметке өте лайықты үміткер деп есептеймін. Өйткені, менің бойымда «осындай» қасиеттер мен дағдылар бар. Соның арқасында осы күнге дейін «мынандай» тәжірибелер жинадым.

«Өзіңізді 10 жылдан соң қалай елестетесіз
Бұрыс: «отбасылы болатын шығармын», «білмеймін», «саяхаттап, рахаттанып өмір сүремін».
Дұрыс: «өзімді бөлім бастығы /директор көмекшісі/ өз ісінің маманы ретінде көремін».

«Бұрынғы жұмысыңыздан неге кеттіңіз
Бұрыс: «қысқартулар болғандықтан», «бастықпен қарым-қатынастың жақсы болмауынан», «маған жұмыс ұнамады», «аз жалақы».
Дұрыс: «кәсіби тұрғыдан өсу мүмкіндігі болмады».

 «Мүмкін сұрақтарыңыз бар шығар?!»
Бұрыс: «ақша мәселесі қалай болмақ?» (егер сіз шешуші кезеңге өтсеңіз, жұмыс беруші бұл тақырыпты бірінші болып қозғайды), «жоқ, бәрі дұрыс» (мүмкіндікті жіберіп алу дағдысы бойынша сізге +1 ұпай).
Дұрыс: «компанияның алдағы бір жылға мақсаттары қандай?», «менің қызметімдегі ең қиын тұстар қандай?», «ал, өзіңізге бұл компанияда жұмыс істеу қандай мүмкіндіктер берді?».

Қай жерде өтірік айтуға болады?
Жеке өміріңіз туралы. Жеке кеңістігіңізге өтіп бара жатса, батылдық танытып, жұмысқа қабылдаушыны тоқтата аласыз.  
– Ағылшын тіл деңгейі: Ірі компаниялар TOEFL немесе IELTS сертификатын керек етеді. Ал, көп жағдайда қызметкерлердің көбі «— how much clock? — six watches» деңгейінде ғана біледі.

Бұл кеңестердің барлығына құлақ асып, өзіңізді бір тексеріп көріңіз. Шынымен, жұмыс таба алмай жүргеніңіздің сыры осында жатқан шығар...

Т. Есқали