Бай болған соң қайырымды болу қиын емес. Бірақ... Бүгін сіздердің назарларыңызға балаларына енші бөлуден бас тартқан әлемнің ең бай адамдарын ұсынамыз.
Джун Симмонс. Америкадағы ең нәтижелі, табысты музыкалық жобалардың бірі болып саналатын «KISS» тобының басисті. Израилда дүниеге келіп, ер жете шешесімен бірге Куинске қоныс аударған. Сол жерде 28 алтын табаққа қол жеткізген өзінің жеке тобын құрады.
Өсіп келе жатқан екі баласына, Ник пен Софияға әкесінің өнерін жалғастыруға кеңес беріпті:
«....Мұрагерлік пен ақшаға келетін болсақ, онда оларды барлық жағынан қамтамасыз етемін. Бірақ, ешқандай артықшылық жасалынбайды. Олардың өздері төсектен тұра салып, сейсепті жинап, жұмысқа бару керектігін түсіну керек. Және бұдан басқа жол жоқтығын. Өз өмірлік жолдарын өздері қалыптастырады» -дейді.
Симмонстың өлген соң үш жүз миллион доллары қайырымдылық шараларға аударылмақ.
Бернард Маркус. Маркус Нью-Джерси штатында орыс қоныс аударушыларының отбасында дүниеге келген. Сонда ер жетіп, өсе келе «Home Depot» атты компаниясын құрған. Үй материалдарын сату оған 1,5 миллиард доллардың үстінде табыс әкеліпті.
Қайырымдылық шаралардың әр қырында аты қалып жүрген жан. Мәселен, Атлантадағы әлемдегі ең үлкен аквариумды соғудан бастап, өзінің жеке қайырымдылық қорын құрғанға дейін игі істерге ат салысып келген.
Өзінің бүкіл табысын балаларына қалдырып кетпейтін болып отыр. Олардың өздерінің болашағы үшін тиімді деп санайды. Одан гөрі физикалық және ақылы кеміс жандарға, мүмкіндігі шектеулі адамдарға оқыту мақсатында өзі құрған қорға бүкіл ақшасын салмақ.
Найджелла Лоусон. Сыншылардың тарапынан әр түрлі бағаларға ие болып жүрген үлгерімді жазушы әрі тележүргізуші. Ол өзінің алғашқы миллиондарын бақуатты, қалтасы қалың коллекционер, өнертанушы Чарльз Саатчиге тұрмысқа шықпас бұрын тапқан екен.
Лоусон тұрмысы жақсы отбасында дүниеге келіп, ешқандай қиындықсыз өскен қыз. Алайда, балаларына бұл мүмкіндікті шектеп отыр:
«Балаларыма ешқандай көмек көрсетпеймін деп түпкілікті шештім. Өз еңбегімен таппаған нан адам баласын аздырып жібереді» - дейді.
Балалары оқуды тәмәмдеп шыққан соң, өмір сүрулеріне керек ақшаны өздері табатын сыңайлы.
Билл Гейтс. «Microsoft» компаниясының иесі және әлемдегі ең бай адам. Бірақ, осыншама көл-көсір байлықты жұбайы Мелинда екеуі баларына бөліп бермек емес:
«Бүкіл байлығымды балаларыма беріп кеткеннен маған да, оларға да ешқандай пайда жоқ» -дейді.
Қазіргі уақытта қалтасы қалың жандардың қаржысын бір арнаға жинастырып, қайырымдылық шарасын ұйымдастырып тұратын жаңадан компания құру үстінде.
Уильям Баррон Хилтон. Есімінің өзі айтып тұрғандай әкесі Конрадтан қалған «Hilton Hotels Corporation» компаниясына иелік етеді.
Әкесі Конрад өзінің бүкіл байлығының 97 пайызын қайырымдылық қорына аударған. Баласы да әке жолын дұрыс деп тауып, балаларына өз мұрасының үш-ақ пайызын қалдырмақ.
Эндрю Ллойд Уэббер. Миллиондаған долларды музыкалық театрда сазгер болып жүріп тапқан. Осынша ақшаның шетсіз-шексіз көлемін музыкалық білім беруге жұмсасам ба деген ойы бар:
«Менің жасыма жеткенде мұрагерлік жайында сөз қозғалады. Бірақ, мен балаларымның бәрін бірдей бай қылғым келмейді. Одан гөрі өнерді қолдауға қаржымның бәрін аударсам дұрыс болар» - дейді.
Т. Бун Пикенс. Пикенс мансап жолын газет таратудан бастаған. Бүгінгі таңда байлығы 1,4 миллион доллардың көлемінде бағаланады. Және алпауыт мұнай компаниясының иесі.
Пикенс қолында бар қаржыны оңды-солды таратудан аулақ:
«Өз басыма ақша тапқан қатты ұнайды. Мен үлкен байлықтың мұрагері емеспін. Білсеңіздер, сол мұрагерліктің зияны болмаса, пайдасы жоқ» - дейді.
сурет:peoples.ru; topnews.ru; spivakovsky.com; nnm.ru
Дайындаған: Фараби Бақыт