М.Өтелбаевтың есебін ресейлік математиктер тексеріп жатыр

Қазақстанның Ұлттық ғылым академиясының академигі Мұхтарбай Өтелбаеватың шығарған мыңжылдықтың есебін қазіргі таңда Ресей ғалымдары тексеріп жатыр, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Новосібір мемлекеттік университеті қолданбалы математика кафедрасының меңгерушісі, ресейлік ғалым Павел Плотников қазақстандық математиктің шығарған есебіне байланысты әзірге қандай да бір мәлімдеме жасаудың ертерек екендігін айтады. «Қазіргі таңда мамандар аталған мәселемен айналысып жатыр. Көктемге немесе жазға таяу уақытта оның анық-қанығын анықтайтын боламыз. Бұл өте күрделі жұмыс. Оны тексеру былай тұрсын, оқып шығудың өзі оңай шаруа емес. Бұл есеп мыңжылдықтың проблемаларының бірі болғандықтан, шешімі де оңайға соқпайтыны анық. Алайда математиктердің бір тобы қазір аталған есепті мұқият жүргізуде. Сондықтан алдын-ала ешнәрсе айта алмаймыз. Біз Қазақстанда бұл мәселеге байланысты оң және теріс пікірдегі адамдардың да бар екенін білеміз. Әзірге кесіп бір нәрсе айтудың қажеті шамалы. Алайда мәтіннің дұрыс жазылғанына күмән жоқ, бірақ бар мәселе детальдарында екендігі белгілі»,-дейді Плотников Tengrinews.kz тілшісіне берген сұқбатында.       

Осы тұста отандық ғалымдар, оның ішінде Өтелбаевтың кейбір әріптестері оның шешкен есебінің дұрыс екендігіне күмәнмен қарап отырған көрінеді. Мысалы, математик Әнуарбек Мейірманов есептің кейбір «шешілмеген» тұстарын меңзеп отыр.  

Ал Мұхтарбай Өтелбаевтың өзі болса кез-келген ғылыми жұмыста қателіктің кетуі мүмкін екендігін айтып, егер ол шынымен де болған жағдайда түзетулер енгізуге дайын екендігін мәлімдеді. «Теңдеудің өзіне келер болсақ, ол әлі де бақылау үстінде. Оны толық шешілген деп айтуға болмайды. Мен қазір оны толықтыру үстіндемін. Адамдардың кез-келген іске  күмәнмен қарайтыны белігілі. Егер мен шынымен де қателескен болсам да өкінбеймін. Себебі бұл мәселемен әлем бойынша мыңдаған адам айналысуда. Жыл сайын осы тақырыпқа орай оннан аса еңбек жарыққа шығып жатады. Бірақ мен бұрын-соңды ешкім қолданбаған әдіспен шығардым. Сондықтан бұл жұмыстың ішінде де қателіктің бар екендігін жоққа шығармаймын. Оларды маған уақытында айтқан математиктер болса, мен оларға тек риза боламын. Қателердің барлығын бір жыл ішінде жөндеуге тырысамын»,-дейді Өтелбаев.

Естеріңізге сала кетсек, 2014 жылдың басында Еуразия ұлттық университетінің математика институтының директоры Мұхтарбай Өтелбаев «Навье-Стокс теңдеуінің мықты шешімінің болуы» атты еңбегін жазып болып оны жариялаған болатын. Ғалымның шешкен есебі «мыңжылдықтың проблемалары» аталған әлемдегі ең күрделі 7 есептің ішіне кіреді. Олардың әрқайсысының дұрыс шешіміне Клей математикалық институты 2000 жылы 1 миллион АҚШ доллары көлемінде сыйақы тағайындаған еді. Бүгінге дейін олардың ішінде бір есеп (Пуанкаре гипотезасы) қана шығарылған. Бұл мәселенің шешімін 2010 жылы ресейлік жұмбақ математик Григорий Перельман тапты. Осы еңбегіне орай халықаралық математиктер кеңесі оған Фильд атындағы сыйлықты беруді ұйғарғанымен (1 миллион доллар сыйақымен бірге), алайда Перельман тек өзіне ғана белгілі себептерге байланысты одан бас тартты. Бір қызығы, ресейлік математик өзіне берілген бірде-бір марапатты қабылдамаған.


Дайындаған: Болат Қосмағамбет

Сурет: aldaspan.info