Венаның (Австрия) әр бесінші төменгі сынып оқушысы мәтін оқи алмайтын болып шықты. Нақтысын айтсақ, мәтінді оқыған күннің өзінде, мағынасын түсіну қиынға соғады екен.
Аталған зерттеу өткен жылы да Венада өткен-ді. Ол кездегі қорытынды бойынша, Австрияның төменгі сынып оқушыларының 20,5%-ы мәтінді оқуға келгенде қиындықтарға тап болатыны жайында көрсеткіш орнаған. Биылғы жылғы тестілеудің қорытындысы да оңып тұрғаны шамалы.
Осы жылғы тестілеуге төртінші сынып пен сегізінші сынып арасында оқитын 31 000 оқушы қатысыпты. Қалалық мектеп кеңесінің президенті Сюзанна Брандштайдль өткен жылғымен салыстырғанда биыл кішкене болса да өзгеріс барын, алайда аталған өзгерістің түкке тұрмайтынын, білім саласында нақты бір шешімдерге бару керектігін айта кетті.
Бір қызығы осы жылғы тестілеу барысында өте жақсы көрсеткішке ие болған - иммигранттардың балалары. Олар өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда әлдеқайда жоғары нәтижеге қол жеткізе алған. Бұны Сюзанна немен түсіндірерін білмеді. Себебі, иммигранттардың балалары бірінші кезекте тілмен алысады, сосын барып қана мәтінді оқуға кіріседі емес пе? Сонда да жергілікті оқушылардан үздік болып шыққаны сауалды басқа жақтан іздеу керектігін аңғартады... Және Австрияның мектеп оқушыларының деңгейі жоғары сыныпқа өткен сайын төмендей береді екен.
Сурет:feodosia.net
Дайындаған: Фараби Бақыт