Жапония елінде оқу жылы сәуір айында басталады және ол триместрлерге бөлінген. Бірінші триместр 20 шілдеде аяқталады, содан соң оқушылар жазғы демалысқа шығады. Екінші триместр 1 қыркүйектен желтоқсан айының соңына дейін жалғасады, ал үшіншісі – қаңтар – наурыз айлары аралығында болады. Бір сыныптан басқа сыныпқа ауысу бір апталық көктемгі демалыс кезінде жүргізіледі.
Жапонияда мектеп мұғалімі - ежелден бері ер адамдардың мамандығы болып есептеледі.
Жапония мектептерінің көбісінде асхана жоқ, оқушылар сыныпта тамақтанады.
* * * *
Чехияда демалыс қыс және жаз мезгілдерінде болады. Жазғы демалыс 2 айға созылады.
Чехия мектептерінде бағалау бес балдық жүйе бойынша жүргізіледі, алайда, бір қызығы, «бестік» ең төмен көрсеткіш болып саналады, ал «бірлік» керісінше – үздік баға.
Чехия елінде мектеп мұғалімдерінің көбісі бірнеше пәннен сабақ береді. Мәселен, бір педагог дене шынықтыру мен математика пәндерінен сабақ берсе, енді бірі – чех тілі, ән және химияны оқытады.
* * * *
Финляндияда егер оқушының сабақ айтуға ниеті болмаса, оны шақыруға болмайды. Бұл елде оқушының өз сыныптастары алдында кемшіліктерін көрсету тиімсіз болып есептеледі.
Фин мектептерінде сыныпта бірден екі оқытушы жұмыс істейді – мұғалім мен оның көмекшісі.
Финляндия мектептерінде оқушылар әр сабақтан соң далаға шығуға міндетті.
* * * *
Куба мектептерінің жоғары сыныптарында білім алатын оқушылар қандайда бір мамандықты меңгере бастайды. Қалалық мектептерде білім алатындар 5-7 аптаға ауыл шаруашылық жұмыстарға шақырылады.
* * * *
Швецияда мектеп директоры оқу жылының аяқталуын күтпей-ақ, дарынды оқушыны келесі сыныпқа ауыстыра алады, бірақ ол үшін ата-ананың рұқсаты қажет.
* * * *
Қытай еліндегі университеттерде бір сабақ бар болғаны 40 минутқа созылады.
Қытайда балалардың қысқы демалысы желтоқсан айының соңынан ақпан айының басына дейін жалғасады. Бұл уақытта елде Жаңа жыл мейрамы тойланады.
* * * *
Ирландияда 6-15 жас аралығында балалар міндетті түрде мектепке барулары қажет. Ал студенттерге сабаққа қатысу ерікті.
* * * *
Норвегия мектептеріндегі оқушылар жас мөлшеріне қарай бірнеше топқа бөлінген – бастауыш сыныптар, 14 жастағы жасөспірімдер және 18-дегі жастар. Бір қызығы, олардың бәрі әр ғимаратта білім алады.
8-сыныпқа дейін Норвегия мектептерінде оқушыларға баға қойылмайды.
Дайындаған: Арыстанбек Фараби
Сурет: altaynews.kz