Массагет.кз сайтының талапкерлерге берер кеңестері

Массагет.кз сайтының талапкерлерге берер кеңестері

Массагет ұжымы талапкерлер мен олардың ата-аналарын көп ойландырып-толғандыратын басты проблемалардың тізімін анықтап үлгерді. Ақырында бір қорытындыға келіп, барлық оқырман қауымға, әсіресе, болашақ студенттерге өз кеңестері мен шешім жолдарын ұсынып отыр.

1. Осы мамандықты таңдасам жұмыс таба аламын ба?

Жалпы қазіргі кезде кез келген жоғары оқу орнын бітірген түлектерде жұмысқа орналаса алмау проблемасы кеңінен таралған. Бір жағынан мұның себебі бүгінгі жастардың оларға қажетті мамандықты таңдай алмауларында және мамандық таңдауда асығыс шешім қабылдауларында. Мысалы, құқықтану, экономика, халықаралық қатынастар мамандықтарын таңдағандар кейін жұмыс таба алмай қиналып жатады. Екінші жағынан қарағанда, қазіргі жастардың қысқа уақыт ішінде дәулетті болғысы келетіндіктері. Сондықтан да көп жастар қажетті мамандықтар бойынша білім алудан гөрі, көбіне  олардың ойынша ақшасы көп деп ойлайтын мамандықтарда білім алуды жөн көреді. Сол себепті жоғарыда қойылған сұраққа таңдаған мамандығыңызға қарап, өзіңіз жауап беруге тырысыңыз.

2. ҚазҰУ-ге түсе алмай қалдым.  Пед-ке түсем бе екен, әлде осы жылы оқымай-ақ, келесі жылы қайта ҚазҰУ-ге тапсырып көрейін бе?

Негізі ең дұрыс шешім – пед-ке түсу. Егер бірінші семестрден соң, оқығыңыз келмей, әлі де биік шыңдарға жетуге ынтызарыңыз бар болса, қайтадан ҚазҰУ-ге түсу үшін оқу орнынан құжаттарыңызды алып, ҰБТ-ға дайындалыңыз. Бұл шешім көптеген  адамдармен көптеген жылдар бойы сыналған, сонымен қатар бір жыл бойы үйде бос жатқаннан әлдеқайда тиімдірек. Бір жағынан армандаған университетіңізде оқуға қаншалықты ынтаңыздың бар екенін де байқайсыз. ҚазҰУ-ге немесе кез келген үздік университетке келетін болсақ, мұндай оқу орындарында білім алу тек диплом деңгейі жағынан ғана емес, сонымен бірге, білім беру атмосферасы, дарынды ғалымдармен байланыста болу – жеке тұлға ретінде дамып, жетілу үшін өте құнды.

3. Мүмкін сырттай білім алсам...?

Сырттай оқу негізінен мамандық бойынша жұмыс істеп, бірақ белгілі себептермен мамандығына сәйкес дипломы жоқ немесе білімін жүйеге келтіргісі келген адамдарға арналған. Кеше ғана мектеп бітірген балаға сырттай білім алуды тиімді деп айта алмаймыз. Мұндай оқудан бір нәтиже шығуы үшін студент өз бетімен білім ала алатын деңгейде болуы керек. Бұл дәл сіз туралы екеніне сенімдісіз бе? Егер сенімді болмасаңыз, басқа да жолдарды қарастырған жөн.

Сурет: job.univer.kharkov.ua

Ж. FM